Accessibility links

Сәт Тоқпақбаев «нәпсіқұмарлық дауына» қатысы жоғын тағы қайталады


Сәт Тоқпақбаев, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы.
Сәт Тоқпақбаев, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы.

ҰҚК парламент депутаты Сәт Тоқпақбаевтың ар-ожданына нұқсан келтірген бейнежазбаның ауторын таба алмады. Депутат «Голос Республики» газеті өзінен кешірім сұрайтын болды деп мәлімдесе, басылым редакциясы газеттен түсінік қана беретіндерін айтып отыр.


БЕЙНЕЖАЗБА АУТОРЫ ТАБЫЛМАДЫ

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Сәт Тоқпақбаев, сәрсенбі күні палатаның жалпы отырысында, Интернетте жарияланған бейнежазбаға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің зерттеу қортындысын оқып берді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, Қазақстан президенті күзет қызметінің бұрынғы басшысы, қазіргі парламент мүшесі 70 жастағы Тоқпақбаевтың ар-ожданына нұқсан келтіретін жанжалды тергеу ісі былтыр желтоқсанда депутаттың берген өтініші бойынша жүргізілді.

«Голос Республики» газеті, 2009 жылғы желтоқсанның 18-күнгі санында, Интернетте жарияланған әлгі бейнежазбада Сәт Тоқпақбаевқа ұқсайтын кісінің жас әйелмен төсектес болған сәті бейнеленгенін жазған еді.

Алайда қазақстандық арнайы қызмет жанжал туғызған бейнежазбаны әлемдік ғаламторға кім шығарғандығын анықтай алмапты.

«Аталған бейнефайл сайтта 2009 жылы 10-желтоқсанға дейін жарияланған, оның жеке сервері Нидерланды елінде тіркелген. Сайт толықтай жасырын және файлды салушы туралы ешқандай ақпарат берілмейді», – делінген ҰҚК-нің Сәт Тоқпақбаевқа берген жауабында.

Сондай-ақ, арнайы қызмет бейнежазбаны кім және қандай мақсатпен түсіргендігін де анықтай алмады.

«Сараптама бейнежазбаның әуесқой аппаратурамен түсірілгендігін анықтады, арнайы қызмет кәсіби аппаратураны пайдаланады. Бейнежазбаның сапасыздығы оның Қытайда жасалынған техникалық құралдың көмегімен түсірілгенін аңғартады.

Осының барлығы бейнежазба монтаждалған деген тұжырым жасауға негіз береді, бұған ондағы кадрлардың үздік-создық болып көрінетіндігі дәлел болады. Бұл бейнежазбаны кім, қайда және қашан түсіріп, оны кейін ғаламтор желісімен таратқандығын қазіргі күнге дейін анықтау мүмкін емес болып отыр», – деп оқыды Сәт Тоқпақбаев ҰҚК жүргізген зерттеу қорытындысын.

ТОҚПАҚБАЕВТЫҢ АҚТАЛУЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ГАЗЕТТІҢ КЕШІРІМІ

ҰҚК-нің жауабымен таныстырып өткеннен соң депутат Сәт Тоқпақбаев парламенттегі әріптестері алдында «ары таза» екендігін мәлімдеді.

«Сіздердің және елімнің алдында менің арым таза екендігін барлық жауапкершілікпен мәлімдеймін. Мен депутаттық ұжымның ар-ожданына кір келтіретіндей ештеме жасаған жоқпын», – деді Сәт Тоқпақбаев.

Бұған қоса, депутат бейнежазбаға қатысты жанжал оның парламенттік қызметі «бәзбіреуге анық ұнамайтындығының көрінісі» деген болжамын айтты.

Бейнежазба Интернет кеңістігінде ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаев отставкаға кете салысымен-ақ пайда болды. Соған байланысты бірқатар қаазақстандық басылымдар бұл жағдайды кланаралық тартыс болуы мүмкін деп бағалаған еді.

Былтыр желтоқсанда Сәт Тоқпақбаев «Голос Республики» газетінде жарық көрген «Шабдарбаевцы наносят ответный удар» мақаласы үшін өзінен кешірім сұрамайтын болса, басылымды сотқа беретіндігін жариялаған-ды. Алайда депутаттың арыз-шағымы сотқа жетпеді.

Сәрсенбі күнгі мәжілістің жалпы отырысында Сәт Тоқпақбаев «Голос Республики» газеті 5-ақпандағы кезекті санында өзінен кешірім сұрайтынын мәлімдеді.

Алайда, «Голос Республики» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Татьяна Трубачева, сәрсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, жарияланған сараптамалық материал үшін редакция депутаттан кешірім сұрамайтындығын мәлімдеді.

«Бейнежазба туралы мақала жазғанымыз үшін біз тіпті кешірім сұрамаймыз. Біз газет санында қалыптасқан жағдайға қатысты түсініктеме береміз. «Егер біздің сараптамалық материалымыз оның ар-ожданына нұқсан келтірген болса, онда біз депутат Тоқпақбаевтан шын жүректен кешірім сұраймыз» деп жарияланады», – деді Татьяна Трубачева.
XS
SM
MD
LG