Accessibility links

Өтеген Иқсанов: Қазақстанның сот жүйесін тәуелділіктен арылтатын реформа қажет


Қазақстан Жоғарғы сотының отставкадағы судьясы Өтеген Иқсанов. Прага, 29 желтоқсан 2009 жыл.
Қазақстан Жоғарғы сотының отставкадағы судьясы Өтеген Иқсанов. Прага, 29 желтоқсан 2009 жыл.

Тәжірибелі заңгер, зейнеткер Өтеген Иқсанов Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығынан бастап, елдегі сот жүйесі туралы өз ойымен бөлісті. Бұл адам кезінде өзі істеп жүрген Қазақстан Жоғарғы сотындағы парақорлықты әшкерелеген еді.


Қазақстан Жоғарғы сотының запастағы судьясы, тәжірибелі заңгер Өтеген Иқсанов бәйбішесі Лида Иқсановамен жақында Еуропа аралап жүрген сапарында Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесінде қонақ болған еді. Ақсақалмен әңгіме Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы, елдегі сот жүйесі, судьялардың біліктілігі мен білімі тұрғысында өрбіді.

«ЕҚЫҰ-на ТӨРАҒА БОЛУ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҮЛКЕН СЫН»

– Өтеген мырза, алдымен 56 ел мүше халықаралық ұйымға төраға болуы Қазақстан үшін несімен маңызды, бұл не береді деген тұрғыда әңгімелессек.

– Мен, біріншіден, Қазақстанның осындай үлкен ұйымға төрағалық етуін үлкен мақтаныш санаймын, осы елдің азаматы ретінде.

Бұл Қазақстанның ешуақытта арманында болмаған дүние. Жақында Вена қаласында болдым, сонда ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтерінің алдында барлық елдердің тулары ілулі тұр екен, солардың арасында біздің көк туымыз да желбіреп тұрды. Соны көріп ерекше бір сезімге бөлендім.

Бір өкінішті жайтты айта кетейін, біздің туымыз басқа тулардың арасына кіріп, мыжылып кетіпті, соны көргенде көңілім біртүрлі құлазып
Бұл халықаралық қауымның біздің елге артқан сенімі, сол сенімді ақтап шығуға тиіспіз. Ол елге сын.
қалды. Соған неге біздің Венадағы елшілік көз қырын салмайды екен. Мүмкін, оны кейін Венадағылар түзететін болар деп үміттенемін.

Бұл төрағалық Қазақстанға үлкен бедел, мәртебе. Біздің мемлекет ел атынан бірталай мәлімдемелер жасады, адам құқықтары жөнінде, демократиялық көзқарастар тұрғысында, басқа да үлкен-үлкен қадамдар жасаймыз деген болатын. Мен мемлекет сол айтқандарын орындайды деп күтемін.

Мүмкін мен утопист болып көрінермін, бірақ менің елім Орта Азияда, бұрынғы Совет елдері ішінде осындай сенімге алғаш ие болып отыр. Тіпті, Ресей де бұл ұйымға төраға болған жоқ. Бұл халықаралық қауымның біздің елге артқан сенімі, сол сенімді ақтап шығуға тиіспіз. Ол елге сын.

– Әрине, қазақ азаматы ретінде мақтануға, мәртебе тұтуға болатын шығар. Дегенмен де, Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етер қарсаңда Қазақстанда көптеген үлкен сот істері болды. Өзіңіз білесіз, министрлердің, олардың орынбасарларының соттары, БТА банктің 12 менеджерінің сотталуы, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің соты, т.б. Қазақстанда сөз бостандығы, ой еркіндігі, адам құқықтарын сақтау тұрғысында қайшылықты жайттар көбейіп кеткендей көрінеді, осыны немен байланыстыруға болады?

– Қылмыстық істердің көбеюін демократияның сәйкестілігі, сәйкессіздігі немесе басқа бір жағдай деп айтуға келмейді. Егер ол адамдар
Егер де олар бір саяси жағдайлармен, саяси астармен қылмыскерлер деп танылып жатса, онда ол елдің бетіне жағылған қара күйе.
шынында да қылмыс істеген болса, олар демократиялық қандай елде болса да жауапқа тартылуы керек.

Ал егер де олар бір саяси жағдайлармен, саяси астармен қылмыскерлер деп танылып жатса, онда ол елдің бетіне жағылған қара күйе. Сондықтан ол істердің бәрін қорытып, онда қылмыс бар ма, жоқ па – ол жағын айта алмаймын, мен юрист болғаннан кейін керекті дәлел-дерекке, аргументке сүйенемін.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОТ ЖҮЙЕСІ ТӘУЕЛСІЗ ЕМЕС»

– Өтеген мырза, онда мен сұрағымды сәл басқаша қояйын. Мысалы, жаңағы айтылған істердің бәрін тізіп, нақтыламай-ақ қоялық. Бірақ, өзіңіз тәжірибелі заңгер және Қазақстан Жоғарғы соты қылмыстық істер алқасының бұрынғы төрағасы ретінде Қазақстанның қазіргі соттары тәуелсіз бе, олар барды бар, жоқты жоқ дейтін, ақ пен қараны өз аттарымен атай алатын, тәуелсіз шешім шығаратын соттар ма, қалай ойлайсыз?

– Мен Қазақстанның тәуелсіз емес кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де сот жүйесінде жұмыс істедім. Қазіргі жұмыс істеп жатқан кейбір судьялармен ақылдасып тұрамын, олар өздерінің тәуелсіз емес, тәуелді екендіктерін айтады. Тәуелді болатын себебі – оларда гарант жоқ, кепілдік берілмеген.

Мен бұрын Совет билігі кезінің өзінде талай ақтау үкімін шығардым. Ол уақытта кейбір істер бойынша обкомның бюросы партия
Қазіргі жұмыс істеп жатқан кейбір судьялар өздерінің тәуелсіз емес, тәуелді екендіктерін айтады.
қатарынан шығарған адамдардың ісін сотқа жолдатқызып, оларды қылмысты деп танып, соттауды жүктейтін.

Бір жолы бір совхоздың директорын облыстық прокурор мен облыстық милицияның бастығы екеуі обкомға жазған ұсынысымен (ол кезде «докладная записка» дейді) партия қатарынан шығарған. Мен сонда ауылды жерде бір ай жатып, әлгі адамның жазықсыз қараланғанын анықтап, ол адамды ақтап, негізгі қылмыстыны соттап келдім.

Сол кезде обкомның бірінші хатшысы сауатты адам еді, бірақ юрист емес болатын. Менің шығарған үкімімді естіп, «біздің шешімді тексеретін ол кім соншама, оның өзін партиядан шығарыңдар» дейді. Менің партияда жоқ екенімді айтады, сонда ол хатшы «ендеше ондай адамды неге алғансыңдар» деп, қойшы, не керек, сонымен мені орнымнан босатуды ұйғарады.

Әлі есімде, 1968 жылы 4 қаңтар күні түске дейін мені жұмыстан шығару туралы облыстық атқару комитетінің қағазын алып барады. Қол қояр кезде бірінші хатшы ойланып қалып, «мүмкін ол ертең дұрыс болып шығады, облыс прокуроры сен наразылық жаз, облыстық сот Жоғарғы сотқа ұсыныс түсірсін» деп тапсырады. Содан республика прокуроры облыс прокурорының наразылығын негізсіз деп тапты. Іс кассациялық шағым бойынша қаралып келгенде менің шығарған үкімім заңды болғандықтан өзгеріссіз қалды.

Сол кезде мені жұмыстан шығарады ғой деген ой болған жоқ менде, тек қана заң бар, ол бәріне бірдей деген сезімде, сенімде болдым.

Ал сондай сезім қазіргі кезде судьяларда жоқ. Мен оларға: сіздерде намыс қайда деп сұрақ қоямын. Негізі, сот үкімді заңға сәйкес және өзінің ар-ұяты бойынша шығарады делінген қағида бар.

Ар-ұят қайда, заңның өзінде солай жазылған десем, ол дұрыс қой, бірақ ертең жұмыстан қуып шыққан уақытта мені кім қорғайды дейді олар.

«СУДЬЯ ТАҒАЙЫНДАЛУЫ ЕМЕС, САЙЛАНУЫ КЕРЕК»

– Мына бізде ең жаманы, Жоғарғы соттан бастап аудандық сотқа дейін барлығы президенттің бұйрығымен тағайындалады. Әрине, президент оның кім екенін де білмейді, тізімді шенеуніктер жасап алып барады, сол бойынша қол қояды. Оның ішінде көбі лайықты да шығар, бірақ, соның ішінде судьялық қасиеті жоқ адамдар да болады, сондықтан сондай корқақ, өзінің қолы таза емес, білімсіз адам үнемі тәуелді болып отырады.

Сосын тағы бір мысал, мына судьялардың барлығының телефон әңгімелерін, кабинеттеріндегі сөздерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті тыңдап отырады, оларға бақылау жасайтын прокурордың өзінің телефондарын да үнемі тыңдап отырады. ҰҚК осылай бей-берекет кеткен, оларға «қой дейтін қожа» жоқ.

Бізде парламент те дұрыстап жұмыс істемейді, аты бар да, заты жоқ. Шетелдерде, демократиялық елдерде парламенттік бақылау дейтін бар, ал бізде ол ақсап келеді. Мүмкін, осы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету барысында осы кемшіліктер, келеңсіздіктер жойылар, жөнделер деп ойлаймын.

– Өтеген мырза, сіздің бұл айтып отырғандарыңыз Қазақстандағы сот жүйесін реформалау, жетілдіру мәселелерін алға тартады. Олай болса, халықаралық беделді ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан өзінің сот жүйесіне реформа жасамаса қалай болғаны?

– Өте дұрыс айтасыз, сот жүйесіне реформа қажет. Біз Совет кезінің көп кемістіктерін айтамыз ғой, сол кездің өзінде біз тіпті қашқын әкелерден алимент өндіріп алуға шешім шығаратын кезде, халық заседателі деп аталатын екі кісі отырады, солармен ақылдасып шешім
Бүкіл сотты, судьяларды бір кісі тағайындау деген дұрыс емес. Ең болмаса аудандық соттарды халық сайлауы тиіс. Халық сайлаған уақытта балама болады, бәрі де алақандағыдай көрініп тұрады.
шығаратынбыз. Сол уақытта сот халықтың бақылауында, қадағалуында болады. Ал қазіргідей, жоғарыдан төмен қарай ҰҚК бақылауында болса, онда ешқандай әділдік болмайды. Әділдік халықтың өкілдері сот ісіне қатысып отыратын болса ғана болады.

Бұдан екі жыл бұрын ғана алқа билер соты басталды, оның өзі әлі қажетті деңгейіне жете алмай жатыр.

Екінші бір мәселе, бүкіл сотты, судьяларды бір кісі тағайындау деген дұрыс емес. Ең болмаса аудандық соттарды халық сайлауы тиіс. Халық сайлаған уақытта балама болады, бәрі де алақандағыдай көрініп тұрады. Сол уақытта ол басқаша болады. Қазір ешкім ешнәрсе білмейді, бір күні бұйрық шығады да біреу судья бола салады.

Сот жүйесінде мәселе көп, сот реформасы өзінің кезегін күтіп тұрған күрделі мәселе деп ойлаймын.

АҚТАЙТЫН ДА, СОТТАЙТЫН ДА СОТ БОЛУЫ КЕРЕК

– Өтеген мырза, әңгімеміздің басында айтылған сот істеріне қайтып оралсақ. БТА банк, Әблязов ісіне қатысты сотталған 12 адамның біреуінің қорғаушысы болған Нұрлан Үстеміров деген адвокат, Азаттық радиосындағы дөңгелек үстел талқылауында, сот шешімінің әділ емес екенін, өз қорғауындағы азаматтың өз қолымен ұрлық жасамағанын, жемқорлыққа бармағанын білетіндігін, болашақта әділдікке қол жеткізетініне сенетіндігін, өйткені бір адам – мемлекет басшысы бұны білмей отыр деген ойын білдірді. Неліктен олар әділдікті соттың үкімінен емес, президенттің рақымшылығынан, мейірімінен күтіп үміт етуі керек?

– Дұрыс айтасыз, егерде мемлекетте бір адам ғана әділетті болатын болса, сол ғана шешім шығарса, онда неге қаншама миллиондаған шығын шығарып соттарды ұстаймыз? Онда соттарды ұстаудың керегі жоқ, президентке алып барсын, орта ғасырлардағыдай шешім
Бізде, мейлі, керемет данышпан президент болсын, бірақ оған бағынбайтын сот жүйесі болуы керек.
қабылдасын – бұл деген нонсенс, адвокаттың ол сөзін мен түсінбеймін.

Бізде ешбір адамға да тәуелді болмайтын сот болуы керек. Бізде, мейлі, керемет данышпан президент болсын, бірақ оған бағынбайтын сот жүйесі болуы керек. Кереметтей ілім-білімі жетік, көреген президент болса, сонда ғана ол гарант болады, дұрыстап сот жүйесін реттеп берсе, президенттің міндеті сонымен бітеді. Платонның айтқаны бар ғой: «Дүние құрып кетсін, бірақ әділдік болсын» деген. Дүние құрып кеткеннен кейін әділдіктің керегі не? Керісінше, әділдік болса дүние ешуақытта құрымайды.

– Соңғы сұрағым, 2009 жылда өз өміріңізде, отбасыңызда, жалпы Қазақстан қоғамында қандай да бір есте қалатындай оқиғаны айтсаңыз.

– Өзім қарапайым зейнеткермін, қоғамдық жұмыстарға аздап араласып қоямын. Ал енді мына ел бойынша айтсақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалықты бастағанын үлкен дәреже деп есептеймін.

– Сұқбатыңызға рақмет.

КЕЙІПКЕР ЖАЙЛЫ ДЕРЕК

Жақында ғана жетпіс жасқа толған Өтеген Иқсанов ұзақ жылдар сот-заң жүйесінде қызмет еткен. Оның есімі 1996 жылдың басында Қазақстан баспасөзінің бетінен түспейтін. Сол жылы қаңтардың аяғында өткен пленумда Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Өтеген Иқсанов өзінің тікелей бастығы – Жоғарғы соттың төрағасы Михаил Малаховқа қарсы мәлімдеме жасады.

Иқсанов осы пленумда сөйлеген сөзінде, қолында бар дәлел-дәйектерге сүйене отырып, Жоғарғы сот төрағасы Малаховтың пара алатындығы туралы жайып салды және оны дәлелдей алатын айғақтары бар екенін де мәлімдеді. Пленум жұмысына қатысқан БАҚ өкілдерінің таратуымен бұл сөздер сол күні кешке-ақ жария болып кеткен еді. Бірақ ертесіне-ақ пара алады деп айып тағылған басшы емес, сол жөнінде жария қылған қосшының өзі, өзі ғана емес, оның отбасы да түрлі қыспақ пен қысымға душар болды.

Арпалыспен өткен бірнеше айдан кейін ғана Жоғарғы сот төрағасы Малахов «қызмет этикасы ережелерін бұзғаны үшін» деген желеумен төраға қызметінен босатылды.

Ал осы айлар ішінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағалығынан төмендетіліп үлгерген судья Өтеген Иқсановты жаңа төраға сыпайылап қана отставкаға шығарып салды. Өтеген ақсақалдың басынан өткен бұл тарих жайындағы әңгіме алдағы уақытта өз алдына бөлек айтылады.
XS
SM
MD
LG