Accessibility links

Тәжікстандағы Рашт алқабы діни экстремистер ошағына айналуы мүмкін


Тәжік шекарашылары тәжік-ауған шекарасында құжат тексеріп тұр. 2010 жылдың тамызы.
Тәжік шекарашылары тәжік-ауған шекарасында құжат тексеріп тұр. 2010 жылдың тамызы.

Тәжікстан билігі Рашт алқабында бұрынғы моджахедтердің кейбірі шетелдік бүлікшілермен күш біріктіріп отыр деп санайды. Бұл өңір Орталық Азия елдерін тұрақсыздандыратын жаңа бүлік ошағына айналуы мүмкін бе?


Кезінде Тәжікстандағы жергілікті исламшыл оппозицияның мызғымас қамалы болған Рашт алқабы кейін келе үкімет әскері мен діни экстремистер арасындағы қақтығыстар алаңына айналды.

Осыдан бірнеше апта ғана бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рашт облысын аралады. Ол осы сапар барысында жаңа колледждің лентасын қиып, жергілікті тұрғындармен экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша пікірлесті.

Алайда мұндай жайбарақат күндер көп ұзамай көзден бұл-бұл ұшатын түрі бар. Осы өңірде бұрқ еткен кейбір зорлық-зомбылық әрекеттері салдарынан Тәжікстан ислам оппозициясының жалғыз бастионы – Рашт алқабы үкімет күштері мен діни экстремистер арасындағы тартысқа тағы да куә болғалы тұр.

Қазір ел ішінде де, сыртында да «Рашт алқабы Тәжікстандағы, жалпы Орталық Азиядағы жағдайды тұрақсыздандыратын діни экстремистердің жаңа ошағына айнала ма?» деген қауіп бұлты сейілер емес.

ДАҒДАРЫСТЫ ҚАШҚЫНДАР БАСТАДЫ

Бұл дағдарыс Душанбеде басталды. 22 тамызда жиырма бес тұтқыннан құралған топ, оның ішінде биліктің аты-шулы қарсыластары да бар, президент сарайынан таяқ тастам жердегі қатаң күзетілетін түрмеден қашып шықты

Қашқындардың жетеуі қолға түсті, қалғандарын әлі күнге дейін іздестіріп жатыр. Олардың көбісінің бас сауғалауға қолайлы жер ретінде Рашт алқабына қарай бет алғаны белгілі болды. Көп ұзамай бұл облысқа әскер жіберілді.

19 қыркүйекте Рашт облысындағы Камароб шатқалында тосқауылда тұрған жиырма бес әскери қызметкерді белгісіз біреулер қырып кеткеннен кейін бұл өңір мейлінше мұқият бақылауға алынды. Алайда үкімет бұл қылмысты жергілікті және шетелдік діни экстремистерден көреді. Сөйтіп, Камаробта діни экстремистерді індететін жаппай әскери операция жүргізілді

ДАЛА ҚОЛБАСШЫСЫ - АХМЕДОВ

22 қыркүйекте оппозициялық пиғылдағы бұрынғы дала сардары Мирзохожа Ахмедовті қолдайтын бес содыр өлтірілді. Мирзохожа Ахмедов – Рашт облысының тумасы. Ол 1997 жылдан 2008 жылға дейін (Тәжікстанда азамат соғысы аяқталғаннан бастап мерзімінен бұрын зейнетке шыққанға дейін) ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі аймақтық бөлім жетекшісі қызметін атқарды.
Дала сардары Абдулло Рахимовтың ресми
жарияланымдардағы суреті. Душанбе, 22 қыркүйек
2010 жыл.


Кейінгі кездері Мирзохожа Ахмедовтың қайда жүргені белгісіз еді. Алайда онымен байланысы бар содырлар әрекетінің қайта жандануы «бір кездері Эмомали Рахмонның зайырлы үкіметімен бейбіт келісімге келгендер ескі соқпақтарына қайта түсті ме» деген күдік туғызып отыр.

Тәжік үкіметі мен исламшыл оппозиция 1997 жылы елде бес жылға созылған азамат соғысының аяқталғанын білдіретін бейбіт келісімге қол қойды. Діни экстремистерге ілескен мыңдаған тәжік бейбіт өмірге қайта оралып, көптеген дала сардарлары құқық қорғау органдарындағы ресми лауазымдарға ие болды.

Бірнеше сардарлар, оның ішінде Мулло Абдулло деген лақап атпен танымал болған Абдулло Рахимов бар, бейбіт келісімге мойынсұнғысы келмей, Ауғанстанға кетіп, «Әл-Қаида» тәлібтерімен байланыс орнатты.

«АПИЫН» ОПЕРАЦИЯСЫ

Душанбе 270 мың тұрғыны бар алты ауданнан құралатын Рашт таулы алқабына ресми түрде толық бақылау орнатқандай болды. Елдің басқа өңірлерінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары жергілікті кандидаттар арасынан сайланса, Рашт алқабындағы мұндай басшыларды ресми Душанбенің өзі тікелей тағайындады.

Бірақ көптеген адамдардың айтуына қарағанда, тәжік үкіметі оппозицияны, әсіресе Раштте қалған оппозицияны айтқанына көндіріп, айдауымен жүргізе алмағанға ұқсайды.

Рашттегі бейбіт өмірдің шырқын бұзатындар көп. екі тарап «Қатар өмір сүріп, бейбіт тұрамыз» деп қол қойып, уағдаласқанымен арада оны растайтындай шынайы сенім жоқтықтан бұл өңірде атыс-шабыстар мен кісі өлтіру, әскери операциялар жиі болады.

2008 жылы ақпандағы шабуылдан Тәжікстан ОМОН-ының полковнигі Олег Захарченко опат болды. Билік оны өлтіргендер оппозицияның бұрынғы содырлары деп санайды. «Азия Плюс» тәуелсіз ақпарат агенттігі Захарченко мен ол басқарған топ Раштке Мирзохожа Ахмедовты тұтқындау үшін аттанған деп хабарлады. Оны жақтаушыларды қолға түсіру үшін осы аптада әскер жіберілді.

Рашт алқабы есірткі өсетін жер, не болмаса заңсыз есірткі айналымындағы негізгі жолдардың бірі болмаса да 2009 жылы мамыр айында бұл облыста «Апиын» деп аталатын құпия әскери операция жүргізілді. «Апиын» операциясы «Мулло Абдулло мен оның бірнеше қарулы жақтастары ұзақ қуғыннан кейін Ауғанстаннан қайта оралды» деген көптеген қаңқу сөздерге желеу болды.

ҚҰПИЯ КЕЛІССӨЗДЕР

Бірер күннен соң оппозицияның бұрынғы бас сардары Мирзо Зиёев Тавильдар қаласының шығыс бөлігінде белгісіз жағдайда өлтірілді. Оппозиция мен үкімет арасындағы билік бөлінісі жөніндегі келіссөз бойынша Мирзо Зиёев бір кездері төтенше жағдайлар жөніндегі министр қызметін атқарған еді.

Мулло Абдулло қайтып оралды дейтін ел ішіндегі қауесетке тоқтау болмады. Үкімет шенеуніктері болса Мирзохожа Ахмедовке өз үйінде Мулло Абдуллоны жасырды деген айып тақты. Қыркүйек ортасында Тәжікстан қорғаныс министрі мен ішкі істер министрі және ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасарынан құралған үштік Ахмедовпен және оның үзеңгілесі – бұрынғы әскери қолбасшы Шох Искандаровпен кездесу үшін Рашт облысына аттанды.

Кездесуде не мәселе сөз болғаны жарияланбады. Алайда кейбір өзге де бұрынғы сардарлар «жоғары лауазымды шенеуніктердің бұл келісі - Мулло Абдуллоны қолға түсіру жолында бұрынғы дала сардарларының қолдауын алуды көздейді» деген баға беріп тастады.

ЕКІ ЖАҚТЫ ЭКСТРЕМИЗМ

Енді тәжік билігі Мирзохожа Ахмедов пен бұрынғы сардарлардың тағы бірі Алоуаддин Даулатов жасөспірім содырларға арналған террорлық және діни жаттығу қосынында жұмыс істеп жүр деген тұжырымға келіп отыр. Ішкі істер министрлігінің өкілі Махмадулло Асадуллоевтың сөзіне қарағанда үкімет әскеріне қарсы жасалған соңғы тосқауылдың артында Ахмедов тұр.

«Бұрын мемлекет басшысы рақымшылық жасаған Мирзохожа Ахмедов, лақап аты – Белгі, мұнан кейін ешуақытта Тәжікстандағы бейбіт өмір мен тұрақтылықты бұзбаймын деп уәде берген болатын. Бірақ біздің тексерулеріміз жиырма бес тәжік солдаты мен офицерінің қазасына себепкер болған шабуылдың арғы жағында Ахмедов тұрғанын анықтады», – деп мәлімдеді Махмадулло Асадуллоев.
Ислам өркендеу партиясының төрағасы Мұхиддин
Кабири. Душанбе, 17 ақпан 2010 жыл.

Мирзохожа Ахмедов те бұл мәлімдемені жауапсыз қалдырған жоқ. Ол үкіметті "бұрынғы оппозицияда болған сарбаздарға қысым жасап отыр" деп айыптады, сол себепті олар үкіметпен ешқашан бейбіт келісім жасамаған Мулло Абдулло мен өзге де дала қолбасшыларына оралуға мәжбүр болатынын айтты.

Ал Душанбенің саяси оппозициясы Камаробтағы тосқауылдан бастап, шабуылдарды түгелдей айыптап отыр. Ислам өркендеу партиясының төрағасы Мұхиддин Кабири үкіметті де, бұрынғы қолбасшыларды да экстремистік әрекеттері үшін сынға алды.

«Діни топтар мен зайырлы топтар арасындағы ұстамды күштер ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдде жолында тізе қосып, бас біріктірсе онда біз екі тарапта да ұшырасатын азшылық экстремистік элементтерді жоя аламыз. Өйткені біз (ұстамды күштер) көппіз»,- дейді Мұхитдин Кабири

«БІЗДІКІЛЕР» МЕН «БӨТЕНДЕР»

Кейбір бақылаушылар Ауғанстан, Пәкістан және Тәжікстан арасында көшіп-қонып жүрген шетелдік бүлікшілер жергілікті діни экстремистерге қосылу үшін Рашт алқабын қолайлы көріп отыр деген сыңайдағы сөздер ел арасында желдей есіп жүргенін ескертеді.
Мәселен, Тәжікстан ішкі істер министрі Камаробтағы тосқауылға ауғандық, пәкістандық содырлармен бірге шешен содырлары мен өзбек содырлары да қатысты деп мәлімдеді.

Тәжік саясаттанушылар қоғамының жетекшісі Әбдуғани Махмадазимов Рашт алқабындағы содырлар елдегі тұрақтылықты бұза алмайды деп санайды.
- Онда соғысқа дейінгі оппозициялық күштерге мүлде ұқсамайтын жекелеген оқшау топтар ғана бар. Шетелден қаржылық қолдау алмайтын, елдегі қарапайым адамдар тарапынан да айтарлықтай қолдау көрмейтін бұл топтың белгілі бір саяси тұғырнамасы да жоқ,-дейді сарапшы.

Рашт алқабындағы жағдайды тұрақтандыру мен оны бейбіт түрде реттеу мәселесіне түсініктеме берген Әбдуғани Махмадазимов бұл жағдай әзірге жалғаса беретінін, «адамдар біздікілер мен бөтендерге бөлінгенше» тоқтамайтынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG