Accessibility links

Бұдан 30 жыл бұрын неміс автономиясын неліктен Қазақстанда құрмақ болды?


Құрылмай қалған неміс автономиясының облыстық партия комитеті қазіргі Ерейментау ауданы әкімшілігінің ғимаратына сиып кетер еді. www.ereymentau.ru сайтындағы сурет.
Құрылмай қалған неміс автономиясының облыстық партия комитеті қазіргі Ерейментау ауданы әкімшілігінің ғимаратына сиып кетер еді. www.ereymentau.ru сайтындағы сурет.

Осыдан 30 жыл бұрын Кремль Қазақстанда неміс автономиясын құрмақ болып шешім қабылдады. Бұған Целиноград тұрғындары қарсы шықты. Саяси бюроның жоспары жүзеге аспай қалды. Кремльдің жоспарына қарсылықты кімнің ұйымдастырғаны әлі күнге дейін белгісіз.

Бір қарағанға 1979 жылдың маусым айында Қазақстанда Неміс автономиясын құру идеясының жүзеге асуына барлығы даяр сияқты көрінген. Тиісті құжаттар әзірленіп, автономияның аумағы (қандай аумақ екендігі жайында төменде айтамыз) белгіленіп, автономияның бірінші басшыларының кандидатураларын да іріктеп қойған еді. Алайда, ең соңғы сәтте жоспар іске аспай қалды.

Бұған қазіргі Астана, бұрынғы Целиноград қаласындағы қазақ студент жастарының неміс автономиясына қарсы шығуы себеп болды.

НЕМІС АВТОНОМИЯСЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ САЯСИ БЮРОДА ҚАБЫЛДАНҒАН

Совет Одағы мен Қазақстанның басшылары ұзақ уақыт мұндай құжаттың болғандығы туралы фактінің өзін жоққа шығарып отырды. Сондықтан, тоқырау деп аталатын кезеңде өмір сүрген ел шындықтың қайсы екенін, өтіріктің қайсы екенін білген жоқ. Неміс автономиясын құру туралы әрекет шындығында болды ма, әлде бұл арандатушы бос әңгімелер ме?

Бірақ, билікке Михаил Горбачев келіп, онымен бірге «жариялылық», «қайта құру» деген түсініктер келе бастаған соң оқиғадан хабардар адамдар бұл тақырыпқа қатысты ашық әңгімелер айта бастады.

Автономия құру мәселесінен ең хабардар адамдардың қатарында мемлекет басшысы Леонид Брежнев пен СССР КГБ-сының төрағасы Юрий Андроповтан бөлек, Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаев, СССР КГБ-сы 5-ші басқармасының (Конституциялық құрылысты қорғау) бастығы генерал Филипп Бобков және Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Браун болды.

Алдыңғы екеуі автономия туралы құжатқа қолдарын қойғандығы болмаса, ешқандай куәгерлік қалдырып үлгермеді. Қалған үшеуі барынша нақты пікір білдірді, бірақ олардың ешқайсысы ең басты: «Саяси бюроның шешіміне қарсы халықтың «стихиялы» қарсылығын кім ұйымдастырды?» деген сұраққа жауап берген жоқ.

Сонымен, осыдан 30 жыл бұрын, 1979 жылдың маусым айында Қазақстанда неміс автономиясын құруға әрекет жасалды. Бұны тек аталған процестің негізгі қатысушылары ғана растап қоймады, сонымен бірге толып жатқан деректер дәлел болады.

Бұл оқиға неден өрбіді, аталған шешімге қазақтар мен немістер қалай қарады және «үкімет пен партияның шешімін» іске асырмай тастаған кім? Азаттық радиосы тілшісінің зерттеу мақаласы осыған арналған.

СОВЕТ ӨКІМЕТІ НЕМІСТЕРДІҢ КӨШІП КЕТУІН ҚАЛАМАДЫ

Қазақстанда неміс автономиялық облысын құру идеясының тууына бірінші кезекте 1970 жылдары батыс Германияға немістердің жаппай көшу үрдісі түрткі болды. 1941 жылға дейін Поволжьеде неміс автономиялық республикасы болғандығы белгілі. Немістердің Германияға жаппай көшуіне бұрынғы автономиялық республикаларын қайта қалпына келтіру мүмкіндігінен жыл өткен сайын үміт үзуі себеп болды.
Қазіргі Ерейментау ауданы әкімшілігі ғимаратының алдындағы ескерткіш. www.ereymentau.ru сайтындағы сурет.
1976 жылдың тамыз айында КПСС Орталық комитеті СССР КГБ-сының бастығы Юрий Андропов басқарған бір топ жауапты қызметкерлерге неміс автономиясын құру туралы ұсынысты даярлауды тапсырды.

Екі жылдан соң жұмыс тобы тиісті шешім қабылдап, немістерге Қазақстанда автономия беру туралы ұсыныс жасады. Автономия орталығы ретінде Целиноград маңындағы Ерейментау қаласы таңдалды. Автономияның аумағы 46 мың шаршы километр, 202 мың тұрғыны болады деп жоспарланды. Автономиядағы алғашқы немістердің саны 30 мың болып, содан кейін біртіндеп көбейтілетін болды.

Мәселені жеделдетіп шешу үшін Қазақстанның басшылығында Қазақстан Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы А.Коркиннің басқаруындағы комиссия құрылды. Комиссия барлық мәселелерді жан-жақты зерттеп болған соң, 15 маусымда Ерейментауда ол КПСС ОК-не автономияның құрамы мен шекаралары туралы нақты ұсыныстарын берді.

18 маусымға неміс автономиясының құрылуына байланысты Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қатысуымен салтанатты жиналыс жоспарланды. Автономия басшысы болып Целиноград облысы, Краснознамен ауданының бірінші хатшысы, ұлты неміс Андрей Браун тағайындалуы тиіс болатын.

Бұл істі аяғына жеткізу үшін аз ғана шаруа қалған-ды. Яғни, салтанатты жиналысты өткізіп, халық мерекесін ұйымдастырып, жарлыққа қол қою ғана қалған. Бірақ, ешкім күтпеген оқиға ең соңғы сәтте барлық жоспардың астан-кестеңін шығарды. Жоғарыдағы шенеуніктердің үш жыл бойғы еңбегі далаға кетті.

БАСТЫ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ КУӘЛІКТЕРІ

Енді сол оқиғалардың басты қатысушыларының бірі, неміс автономиясының болмай қалған басшысы, Целиноград обкомының бұрынғы бірінші хатшысы Андрей Браунның не дегенін білсек. Өзінің естеліктерінде ол былай деп жазады:

«Қазақстан аумағында неміс автономиясын құру туралы шешім 1979 жылдың маусым айында, Мәскеуде, Саяси бюрода қабылданды. Ұсынысты Ю.Андропов жасап, Л.Брежнев, М.Суслов және Саяси бюроның өзге де мүшелері оны қолдады. Бұдан соң Қазақстанда Қазақстан КП ОК-нің екінші хатшысы Коркиннің басшылығындағы ұйымдастыру комитеті құрылды.

Облыс орталығы ретінде Целиноградтан шығысқа қарай 100 шақырым жердегі Ерейментау қаласы таңдалды. Автономия құрамына Целиноград облысы Ерейментау, Сілеті аудандарының, Көкшетау облысынан Уәлиханов, Қарағанды облысынан Молодежный аудандарының жерлері берілетін болды.

Жұмыстың барлығы әдеттегідей: құпия, дөрекі, жергілікті халықтың пікірін қаперге алмастан, аса маңызды факторды – Ерейментау ауданы жерінің қазақтар үшін тарихи маңызының барлығын есепке алмастан жүргізілді. Қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі басшылардың бірі Бөгенбай батыр тап осы өңірде туған еді.
Ерейментау қаласына кіре берістегі төбеде Бөгенбай батырға қойылған монумент, 1997 жылы орнатылған. www.ereymentau.ru сайтындағы сурет.

Саяси бюроның шешімі қабылданған соң біраз уақыт өткенде облыста автономия құрылатындығы туралы алыпқашпа сөз ел арасына тарап кетті. Сәл кейінірек бұл рас па, өтірік пе деп маған да телефон шалып сұрай бастады. Бірақ, мен де солардың білгенін ғана білетінмін. Облысқа А.Коркин бастаған комиссия келіп, олар Ерейментау қаласында әкімшілік мекемелер үшін ғимараттарды таңдай бастады. Болашақ автономияның шекараларын айқындап, кадрларды іріктей бастады. Облыстың бірінші хатшылығына мені, облыстық атқару комитетінің төрағалығына М.Сағдиевті, екінші хатшылыққа М.Шабатовты белгіледі. Өзге қызметтерге де кандидатуралар даярланып жатты.

Осындай шаралардан соң ешқандай құпия қалмаған еді. Социалистік Еңбек Ерлері Яков Яковлевич Геринг, Вильгельм Давыдович Бурбах тәрізді белгілі шаруашылық басшылары автономиялық облыстың құрылуын қолдап, маған өз пікірлерін айта бастады.
Кейбіреулер, керісінше, қарсы пікір білдірді. Олар немістерді иен жатқан даланы игеру үшін қайта сарсаңға салуда деген пікірде болды. Бір жағынан солай да болатын. Неміс автономиясының құрамына облыстардың халқы аз, экономикалық әлеуеті өте төмен қиыр аудандары берілген болатын.

Алғашқы шерулер мен қарсылық акциялары 16 маусымда өтті. Ленин атындағы алаңға институттарда, техникумдар мен СПТУ-ларда оқитын мыңға жуық қазақтың студент жастары шықты. Үлкендер мүлде болған жоқ».

Андрей Браунның бұл естелігі шамалы түзетулер мен толықтыруларды қажет етеді. Ол наразылық танытуға негізінен қазақ жастары қатысты дейді. Алайда, өзге куәгерлердің айтуынша, шараға негізінен соғыс ардагерлері қатысқан, ал, жастар тек қолдау танытқан. Және сол соғыс ардагерлерінің арасында тек қазақтар ғана емес, орыс және басқа да ұлттардың өкілдері болған.

Оның үстіне, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының неміс студенттері қарсы митинг ұйымдастырмақшы болған деген де долбар бар. Ол турасында «Известия-Казахстан» газеті 2007 жылғы тамыздағы санында жазады.

ТОЛҚУЛАР ҚАЛАЙ БАСЫЛДЫ

Андрей Браунның манифестация жайлы естелігіне оралайық. Ол әрмен қарай былай деп жазады:

«Ұрандар қазақ және орыс тілінде болды: «Қазақстан бөлшектенбейді», «Неміс автономиясына жол жоқ», «Немістер жойылсын», «Келген жақтарыңа қайтыңдар» дегендей. Советтер үйі баспалдағынан бір жас адам сол заманғы рухта жазылған үндеу оқыды. Шараға қатысушыларға қарата обкомның екінші хатшысы З.Шайдаров екі тілде сөйледі. Ол облыс басшылығында автономия құру туралы ақпараттың жоқтығын, ондай құжаттың не Мәскеуде, не Алматыда қабылданбағанын айтты.

Сейсенбі күні, маусымның 19-ында, сағат онда Ленин көшесінде тағы да сап құрылып, алаңға бірнеше мың адам жиналды, ұрандар тура сол еді. Бұл жолы да жиылғандардың үндеуі оқылып, Қазақстанда жүзден аса ұлттың тату-тәтті тұрып жатқаны, Қазақстанның халықтары бөліске салынбайтыны айтылды.

Жиналғандардың алдында обкомның бірінші хатшысы Н.Морозов сөз сөйлеп, сол жерде ешкімді қызықтырмайтын халықаралық қағидаға шолу жасады, бұл жылы астықтың мол болатынын хабарлады. Ал, автономия мәселесі «күн тәртібінде жоқ және болған да емес», одан әрі: «Мен телефон арқылы республика КП ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевпен сөйлестім, сол себепті, толық сеніммен айтамын, ешқандай да автономия болмайды!» - деді де сөзінің соңында: «Бізде жұмыс көп, қанеки, тыныштықпен тарайық» - деді.
Мен телефон арқылы республика КП ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевпен сөйлестім, сол себепті, толық сеніммен айтамын, ешқандай да автономия болмайды!


Әңгімесінің соңында Андрей Браун Қазақстанда неміс автономиясын құруға өзінің қарсы болғанын мойындайды. Оның айтуынша, Ресейде Поволжья немістерінің автономиялық республикасы болған, кейіннен Ресей автономияны таратып жіберді. Ал, енді, Ресей сөйткенде, Қазақстан неліктен келісуі керек деп жазады Браун.

Коммунист Андрей Браун бүгіндері қаншалықты ағынан жарылып, барлық шындықты ақтарып салып отырғанын айту қиын, бірақ, бір нәрсе анық: барлық естеліктер, әсіресе, советтік мемуаршылардың ауруы біреу – әңгіменің соңында сүттен ақ, судан таза болып, өзін ақтап шығады.

Парламент депутаты, жазушы Алдан Смайыл да сол оқиғаның куәгерлерінің бірі. Оқиға өрбитін кезеңде Целиноградтағы облыстық қазақ газетінде жұмыс істейтін. Алдан Смайыл Азаттық радиосына берген сұхбатында 1979 жылғы маусым айы күндерінің бірінде облыстық партия комитетінің алдындағы алаңға 500-ге жуық адам жиналды, алдыңғы қатарда Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері мен әйелдер тұрды дейді.

Яғни, наразылық шарасына расымен де жүздеген адам қатысқан. Алдан Смайыл наразылық танытушы жұрттың партия обкомының бірінші хатшысы Николай Морозов шығып сөйлегеннен кейін ғана тарағанын айтады:

«Мен үлкен басшылықпен, Алматымен сөйлестім, ешқандай автономия болмайды, үйлеріңізге қайтыңыздар» деген Морозовтың сөзінен соң жұрт шулап, автономия құрудың астыртын жоспары туралы түсініктеме беруді талап еткен дауыстар шықты. Николай Морозов қобалжитындай ешбір себептің жоқтығын, мәселенің біржола шешілгенін айтып, қысқа жауап берді. Содан кейін-ақ жұрт тарап кетті.

Бірақ, Морозовтың сөзі жалған болып шығатын болса, келесі күні тағы шығатындықтарын және әңгіме басқаша болатынынан хабар берді. Дегенмен, толқу басылып қалды».

КГБ: ЖЕҢІЛІС ПЕ, ӘЛДЕ ЖЕҢІС ПЕ?

Жеңіліске күйінген, іс-шараның нәтижелілігіне жауапты ССРО КГБ-сы 5-ші басқармасының бастығы, генерал Филипп Бобков өзінің чекистік тергеуін жүргізді. Ол ақпараттың қай тұстан тарағанын және наразылық шарасын кімнің ұйымдастырғанын анықтауға тырысты. Әлбетте, жаппай саяси бой көрсету секілді мұндай шараны жоғарғы жақтың қамқорлығынсыз ұйымдастыру қиын.

Ерейментау қаласының таңбасы. www.ereymentau.ru сайтындағы сурет
Оның үстіне, сол «Известия-Казахстан» газеті куәгерлерге сілтеме жасай отырып, «жиынға қатысушылар сап түзеп жүрді, тәртіп қолдарына шүберек таққан кезекшілер тарапынан бақыланды» деп жазады.

Іске шындап кіріскен Филипп Бобков көптеген адамды жауаптың астына алғанмен, жиынды ұйымдастырушыны сол күйі таба алмады. «КГБ и власть» деген өз кітабында Қазақстаннан неміс автономиялық облысын ашу талпынысы туралы әңгімелей келе, ол жаңағы бір көлеңкелі тұсты аттап өткен.

Бәлкім, Бобков ұйымдастырушыларды табуға тырыспаған да шығар? Мүмкін, Қазақстанда неміс автономиясын құру – елдің бас чекисі Юрий Андропов ойлап тапқан қитұрқы саяси ойын шығар?

Өйткені, неміс автономиясын құру шешімі ГДР мен ГФР үкіметтерінің табанды сұрауларының нәтижесінде пайда болды ғой. Сонда әлемге және қос Германияға совет немістеріне деген Совет үкіметінің «ақ ниетін» бір көрсетіп тастағысы келді-ау, шамасы, бірақ, «шешімді өзі қабылдайтын» халық қарсы шықты.

Бұл мемлекеттік шараның іске аспай қалуынан жауапты қызметкерлердің ешбірі жапа шеккен жоқ. Бірнеше қазақ студенттері оқудан шығарылғанымен, көп ұзамай-ақ олар қайта қалпына келтірілді. Осының бәрі бұл істің түбірі таза емес және бұл құпияны азғантай адам ғана білген болар деген ойға жетелейді. Бүгіндері олар өмірде де жоқ. Ал, Филипп Бобков құпияны аша қоймас.

Көп уақыт бойы халық целиноградтықтардың «стихиялы жиынының» жасырын ұйымдастырушысы деп республика басшысы Дінмұхамед Қонаевты санап келді. Бірақ, Қонаевтың естеліктерінде ондай әңгіме жоқ. Өз мемуарларында Дінмұхамед Қонаевтың неміс автономиясы туралы жазғаны мынау:

«Саяси бюрода қабылданған шешім әртүрлі себептермен орындалмайтын да жағдайлар болатын. Қазақстан аумағынан неміс автономиялық облысын құру туралы шешім де сондай жағдайлардың бірі еді. Ол шешім жаңа автономия құру туралы сұраулар, хаттар және ұсыныстарға жауап ретінде Андроповтың бастамасымен қабылданды. Бірақ, құжаттағы сия кеуіп үлгермей-ақ, Қазақстан
Қазақстанда неміс автономиялық облысын құру мәселесі көтерілген сол кезгі немістердің көңіл күйін мен жақсы білемін. Ол шараның артында немістер тұрған жоқ еді. Біздің көбіміз, тіпті, қарсы болдық.
Компартиясының ОК-іне де, СОКП ОК-іне де советтік немістер өз автономияларын Поволжьеде құруға ынталы болғандықтан оны Қазақстанда құруға асықпауды сұраған хаттар мен телеграммалар көптеп келді. Ондай хаттар неміс ұлтының өкілдерінен де жазылды».

Азаттық радиосына сұхбат берген жазушы, аудармашы, қазақстандық неміс Герольд Бельгердің де ойы Дінмұхамед Қонаевтың жазғанына өте ұқсас:

«Қазақстанда неміс автономиялық облысын құру мәселесі көтерілген сол кезгі немістердің көңіл күйін мен жақсы білемін. Ол шараның артында немістер тұрған жоқ еді. Біздің көбіміз, тіпті, қарсы болдық. Немістерге керегі тек Поволжьедегі өз республикаларын қайта құру еді.

Қазақтар өз жерінде неміс автономиясының құрылуына қарсы көтерілгенде өз басым қолдадым. Неліктен? Себебі, біз үшін ауыр жылдары жылы шыраймен қарсы алған қазақ халқына қазақстандық немістердің бәрі разы. Ал, аяқтан тұрып алғаннан кейін қазақтың жеріне талас салу қайырымсыздық болар еді.

Бұл әурешілік ГДР және ГФР қысымымен Брежневтің басында туған болатын. Оның іске аспай қалғаны жақсы болды».

Азаттық радиосының журналистері неміс автономиясы тақырыбын зерттеу барысында ресми орындардан – Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнография институты мен білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтынан түсініктеме алуға талпыныс жасады, бірақ, өкінішке қарай, ол мекемелердің басшылары уақытының тығыздығын алға тартып, телефон арқылы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG