Accessibility links

Тайландта ұшқыштар тағы тергелді, қарулы жүктің кімге жеткізілмек болғаны әлі белгісіз


Қару-жарақ жүгімен ұсталған ұшақтың экипаж мүшелері Таиланд сотының залында. Бангкок, 14 желтоқсан 2009 жыл.
Қару-жарақ жүгімен ұсталған ұшақтың экипаж мүшелері Таиланд сотының залында. Бангкок, 14 желтоқсан 2009 жыл.

Бангкок түрмесінде тергеуде жатқан қазақстандық төрт ұшқыш Қазақстан президентіне жазған хатында одан көмек сұрайды. Таиландтық газет Ил-76 ұшағының экипажына жаңа айыптар тағылғанын жария етті. Қазақстан сыртқы істер мекемесі басылым таратқан хабарды бұрынғы айыптауларды нақтылау ғана деп мәлімдеді.


БАНГКОК ТҮРМЕСІНЕН ЖОЛДАНҒАН ХАТ

2009 жылдың 12 желтоқсанында Бангкок әуежайында ұсталған Ил-76 ұшағы экипажының командирі Ильяс Исаковтың қызы Наталья Исакова Азаттық радиосына берген сұқбатында, Бангкок түрмесіндегі төрт қазақстандық ұшқыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтан жәрдем сұрап хат жазғанын жеткізді.

Наталья Исакова бұл хат электронды пошта арқылы келгенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық ұшқыштар қамауда жатқан түрменің электронды поштасына ұшқыштардың отбасы хат жазып тұрады екен. Бірақ, ұшқыштардың жауап хат жазуға мүмкіндіктері шектеулі.

Наталья Исакова Таиландта тұтқындалған әкесінен осы кезге дейін екі рет хат алған. Ұшқыштардың отбасына жазған хаттарын Тайландтағы Қазақстанның елшілік миссиясы жіберіп отырады екен.

- Олар өз қолдарымен президент Назарбаевтың атына хат жазған. Бангкок түрмесіндегі ұшқыштар Назарбаевтан өздеріне көмектесуін сұрайды. Олар хатта ұшақ бортындағы жүк салынған қораптардың және толтырылған арнайы қағаздардың бәрінде жүктің «азаматтық жүк» екені жазылғанын айтқан. Және ұшқыштар «егер, жүктің әскери қару-жарақ екенін білсек, оны тасымалдаудан бас тартқан болар едік» деп жазған хаттарында, - деді Наталья Исакова.

Сонымен бірге, Наталья Исакова барлық жерде Ил-76 ұшағы бортындағы жүкті жіберуші мен оны қабылдап алушы туралы ешқандай сөз қозғалмай, керісінше, жалдамалы ұшқыштар ретінде өз жұмыстарын ғана атқарған ұшқыштар туралы ғана жарыса айтылып жатуына наразы екенін атап өтті.

ЖАҢАДАН ТАҒЫЛҒАН ҮШ АЙЫП ЖӘНЕ РЕСМИ АСТАНАНЫҢ ӘРЕКЕТІ

9 қаңтар күні «Бангкок пост» газеті төрт қазақстандық және бір белоруссиялық ұшқыштарға «қаруды заңсыз тасымалдау», «Таиландқа қаруды заңсыз кіргізу» және «ұшақ бортындағы жүк туралы билікті хабардар етпеу» деген жаңадан үш айып тағылғанын жария етті. Аталған басылым бұл ақпаратты Таиланд полициясының қылмыспен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Супхисан Пхакдинарынаттан алғанын жазған.

Осы полковник «Бангкок пост» газетіне тұтқындалған экипаж мүшелері бұрыннан таныс екенін айтқан. Өз сөзінде полковник Супхисан Пхакдинарынат полиция тергеудегі бесеудің мұндай жүк тасымалын бұрында жасағандарын жоққа шығармайды дей келе, «қазір біз экипаж мүшелерінің бұл операцияға қашаннан бері қатыса бастағанын анықтауымыз керек», - деген.

Бұған дейін Қазақстан СІМ-нің ақпараты бойынша, тұтқындалған экипаж заңсыз қару сақтау және жүк туралы жалған ақпарат берген деп айыпталған болатын.

Алайда, «Бангкок пост» газетінде жарық көрген ақпаратты дүйсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жоққа шығарып, «бұлар жаңа айыптаулар емес» деп мәлімдеді.

Қаңтардың 11 күні арнайы брифингте СІМ-нің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов «бұл жаңа айыптаулар емес, тек бұрынғы айыптауларды нақтылау ғана. Сондықтан, жаңа тұжырым жалпы айыптауларға ықпал етпеиді» деп мәлімдеді. Сонымен бірге, СІМ-нің ресми өкілі ұшқыштар кезекті тергеуден өткенін әрі олар өздерінің кінәсіз екендіктерін айтудан танбай отырғанын атап өтті.

ЖҰМБАҒЫ КӨП ЖҮК

Бангкок әуежайына жанар-жағар май құю үшін қонған Ил-76 ұшағын Таиландтың арнайы қызметі БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің №1874 резолюциясына сәйкес, жүк тиеліп шыққан Солтүстік Кореяға қатысты салынған санкциясының бұзылмауын қадағалау үшін тексерген.

Бұл резолюциясында БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға қару-жарақ сатуға тыйым салған болатын. Алайда, экипаж мүшелері ұшақ бортына қару тиелгенін білмедік дегенді алға тартып отыр. Экипаж командирі Ильяс Исаков жүктің тең жартысы мұнай бұрғылау құбырлары болғандығын, ал қалған жартысына «азаматтық жүк» белгісі жапсырылып, қорапта және ораулы болғанын баспасзге берген сұхбатында айтқан болатын.

Бұған дейін Қазақстанның СІМ Бангкокте ұсталған Ил-76 ұшағы Грузияның Air West Georgia Ltd компаниясында тіркеуде екенін хабарлаған еді. Одан кейін ұшақты Жаңа Зеландияның SP Trading Ltd компаниясы жалға алғаны туралы айтылды. Сондай-ақ, Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі Ил-76 ұшағын 2009 жылдың қазан айында Қазақстандағы жекеменшік әуе компаниясы Грузияға сатқандығын мәлім еткен-тұғын.

Сонымен бірге, атышулы Ил-76 ұшағы грузиялық бір компанияның есебінде тұрғандығы, алайда, украиналық компанияға лизингке берілгендігі туралы да хабар болды. Грузия ұшақтың украиналық жекеменшік компанияға лизингке берілгендігін растады. Украина болса, бұл ұшаққа ешқандай қатысы жоқ екендігін айтып отыр. Украинаның көлік министрлігі тарапынан грузиялық Ил-76 ұшағын украиналық әуекомпания жалға алғаны туралы ақпарат расталмаған. Алайда, ұшақ екі ай бойы Киев маңындағы Гостомель әуежайында тұрған және 8 желтоқсан күні жүксіз Пхеньянға ұшып кеткен.

БАРАР ЖЕРІ БЕЛГІСІЗ ҚАРУЛАР

Ил-76 ұшағының бортынан Таиландта әшкере болған 35 тоннадан астам қарудың қай елге, қай жерге жеткізілуі тиіс екені әлі күнге белгісіз қалып отыр. Экипаж мүшелерінің бірі Виктор Абдуллаев «Нью-Йорк Таймс» газетіне ұшақ Украинадан шығып, Солтүстік Кореядан жүк алып, Таиланд, Шри-Ланка және Біріккен Араб Әмірліктері арқылы қайтадан Украинаға баруы тиіс болғанын айтқан. Бірақ, Виктор Абдуллаев жүктің кімге тиесілі екені туралы тіс жармаған. Украина болса, қару тиеген ұшаққа ешқандай қатысы жоқтығын айтып отыр.

The Wall Street Journal газеті АҚШ пен Бельгияның заңсыз қару-жарақ саудасын зерттейтін мамандардың айтқандарына жүгіне отырып, Ил-76 ұшағындағы жүк Иранға жеткізілуі тиіс болған деп хабарлады.

Қазір экипаж мүшелері Бангкоктың орталық Клонг Прем түрмесінде әртүрлі барақтарда қамауда отыр. Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Қазақстанның Таиландтағы елшілік миссиясының қызметкерлері ұшқыштарға күнделікті қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп беріп, көмектесіп отыр.

Ал, Белоруссияның Тайландта елшілік қызметі жоқ. Бангкокте тіркелген Белорус консулы Вьетнамның Ханой қаласындағы Белоруссия елшілігінде қызмет істейді. Қазақстан СІМ-нің хабарына қарағанда, Белоруссия қамаудағы өз азаматына Қазақстанның елшілік миссиясы арқылы көмек көрсетуде.

Және де Алматыдағы «East Wing» компаниясының президенті Виктор Коломыцев Қазақстандық төрт ұшқыш аталған компанияда жұмыс істегенін және қазірде жұмысшы есебінде тұрғанын Азаттық радиосына айтып берді. Ол өз сөзінде компания қамаудағы ұшқыштарға ешнәрсе жасай алмайтынын да атап өтті.

Қазақстан бұған дейін де 1999 жылы Солтүстік Кореяға қырғи ұшақтар (истребительдер) сатқаны үшін қару-жарақ дауына қалған болатын.

Бұл даудың кесірінен сол кездегі ҰҚК-нің төрағасы Нұртай Әбіқаев пен қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев қызметтерінен шеттетілген болатын. Алайда кейін олар кейін мемлекеттік лауазымды қызметтерге қайта оралды. 1999 жылғы қару-жарақ дауының негізгі кейіпкерлері жеңіл жазаланған еді.
XS
SM
MD
LG