Accessibility links

«Тұтқындарды азаптайтын елдерге Еуропа ешкімді депортацияламасын!»


«Халықаралық рақымшылық» ұйымы Еуропа елдерін тұтқындарға азаптау қолданатын мемлекеттерге адамдарды экстрадициялауды тоқтатуға шақырады. Сөзі шикі үкіметтердің «сыртқа қашқан адамдарды гуманды түрде тергейміз» деген уәделеріне сенбеу керек дейді құқыққорғау ұйымы.


«ЖАЛҒАН УӘДЕГЕ СЕНБЕУ КЕРЕК!»

«Азаптау тәсілдерін қолданатыны дәлелденген елдердің ресми мәлімдемелеріне сене қалуды қою керек». «Халықаралық рақымшылық» құқыққорғау ұйымының жаңа зерттеуінде еуропалық мемлекеттерге қарата айтылған осындай жолдар бар.

Бұл құжат еуропалық үкіметтердің шетелдіктерді өз азаматтарына қарсы агрессивтік тәсілдер қолдану қаупі бар елдерге кері қайтару мәселесіне байланысты жазылған.

Аталған елдер кері қайтарылған азаматтарына «қатыгез және адамгершілікке жатпайтын әсер ету тәсілдері қолданылмайды» деп жария түрде уәде береді. «Халықаралық рақымшылық» бұл әдісті үнемі қолданып келген сенімсіз елдердің «ешкімді азаптамаймыз» деген уәделеріне ешқашан сенбеу керек деп мәлімдейді.
Қазақ ҮЕҰ-ның белсендісі азаптау құралдарының бірі - кісенді көрсетіп тұр. Алматы қаласы, 4 ақпан 2010 жыл.

«Халықаралық рақымшылық» ұйымының лаңкестік және адам құқықтары мәселелері жөніндегі сарапшысы Джулия Холлдың пікірінше, мұндай бос уәделерге сенетін еуропалық мемлекеттер азаптауға қатаң тиым салу идеясының өзіне нұқсан келтіреді.

«Азаптауды тоқтатудың ең жақсы тәсілі – бұл адамдарды оларға зиян келтіретін елдерге қайтармау», – дейді Джулия Холл.

Құқыққорғаушылар зерттеулерінде ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруші топқа жатқызылатын шетелдіктердің депортацияналану себебін ақтап алуға тырысып жатқан бірқатар еуропалық мемлекеттерді мысалға келтіреді.

Бұл адамдармен өз елдерінде адамша сөйлеседі деген уәделерге сілтеме жасай отырып, еуропалық үкіметтер мұндай депортациялар құқыққорғау стандарттарын бұзбайды деп сендіргісі келеді.

Америка Құрама Штаттарындағы 2001 жылғы қыркүйектің 11-і болған лаңкестік шабуылдардан соң азаптауларды қолданбау туралы дипломатиялық кепілдіктерді пайдалану күрт өсті.

ТАҒЫ ДА СОЛ АЗАПТАУ

Кейбір елдер арнайы заңдар арқылы депортациялауды әдетке айналдырды. «Халықаралық рақымшылық» құқыққорғау ұйымы мұндай шешімдердің бірнеше типтік мысалдарын келтіреді.

2008 жылдың маусым айында тунистік ресми органдардың «түрмеде оған жақсы қарайды» деген уәделерінен соң Италиядан Туниске Сами бен Хемаис Ессид экстрадицияланды. Алайда еліне қайтарылған соң арада сегіз ай өткенде Сами Ессид оны полицияда тергеген кезде азаптағандарын мәлімдеді.
Швеция өзбектері Өзбекстан түрмелеріндегі азаптауға қарсы пикетке шықты. 2009 ж.


Өзге елдерде де өз отандарына мәжбүрлеп қайтарылған адамдар осындай жағдайларға душар болған. Оның ішінде Мысыр мен Ресейде осы іспетті оқиғалар қайталанған.

Ұлыбританияда Арнайы эмиграциялық апелляциялық комиссия, «ол отанына оралған соң азаптау мен өзге де тәсілдер қолданылмайды» деген уәдемен Британия мен Эфиопия арасындағы «Өзара түсіністік меморандумы» деп аталатын құжаттың негізінде депортациялануға жататын Эфиопия азаматының мәселесін қарастырып жатыр.

Германияда түрік жағының «біздің түрмеде оның құқы қорғалады» деген уәделері негізінде Түркия азаматы оны елден депортациялауға қатысты Еуропалық соттың шешімін күтіп отыр.

Дания мен Швеция бұл елдерден депортациялау жағдайлары кезінде осындай уәделерді пайдаланатындықтарын жоққа шығармайды.

«Халықаралық рақымшылық» құқыққорғау ұйымы Аустрияны, Италияны, Словакияны, Испанияны және өзгелерін қоса алғанда оннан астам елдердегі депортациялану мүмкіндіктерін зерттей бастаған.

РАХАТ ӘЛИЕВ МЫСАЛ БОЛА АЛМАЙДЫ

Қазақстан үкіметінің қаншама күш салуы мен берген уәделеріне қарамастан экстрадициялау жүзеге аспаған кем дегенде бір оқиға белгілі. Бұл – Аустриядан қайтпай қалып қойған Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке байланысты болған оқиға.

Оған өз елінде әділ тергеуге кепіл берілмегендіктен, аустриялық сот шешімінің негізінде Рахат Әлиев депортацияланбайтын болды. Соттың пікірінше, Қазақстанда Әлиевке әділ қарайтындығына ешқандай кепілдік жоқ. Яғни, сот шешімі Аустрия үкіметіне Рахат Әлиевті экстрадициялау процесін бастауға тыйым салады.

Бірақ қазақстандықтардың барлығының бірдей Рахат Әлиев сияқты жолдары бола қойған жоқ. Қазақстаннан Чехияға қашып келген екі жүзден астам мұсылман қауымының мүшелері бірнеше жылдан бері өз отандарына депортацияланудан қорғануға әрекеттеніп жатыр. Чех жағы қазақстандықтарды қудалайтындай қауіп жоқ деп сендіргісі келеді. Бұны Астана да үнемі қуаттайды.

Алайда діни қауымның мүшелері әуел бастан-ақ Қазақстаннан қашуларына билік тарапынан оларға адамгершілікке жатпайтын, қатыгез тәсілдердің, азаптаулардың қолданылуы себеп болғанын айтады. Қазақстанның өзіндегі құқыққорғау ұйымдары да бұны растайды.

Қазақстандық құқық жүйесінде жалғасып келе жатқан азаптаулар жайында халықаралық құқыққорғау ұйымдары да айтудан кенде емес. Наурыз айында ғана «Халықаралық рақымшылық» құыққорғау ұйымының өзі Қазақстанда азаптаулардың қолданылатындығы туралы ауқымды зерттеулер жариялады. Аталған деректер Қазақстанның тәуелсіз ұйымдарынан, адвокаттардан, қарапайым азаматтар мен шетелдіктерден алынған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің өздері қамау орындарында күш қолданудың бар екенін мойындаған. Бірақ олардың айтуларынша, азаптау өте бір сирек жағдайларда ғана қолданылады екен.

Осы мойындау фактілері Чехиядағы қазақстандық босқындарды алаңдатып отыр. Егер олар Қазақстанға қайта орала қалса, дәл сол «сирек жағдайға» тап болатындығына сенімді.

Қазақ босқындар наразылық жиынын өткізді. Прага, 2009 жылдың ақпаны


Қауымның бір мүшесі Марғұлан Мұхамбетовті чех билігі 2009 жылдың қазан айында Қазақстанға күштеп депортациялаған болатын. Ол жайында анық деректер жоқ. «Орталық Азиядағы адам құқы» құқыққорғау ұйымының Марғұлан Мұхамбетов Қазақстанда тағы да қуғынға ұшырап, қайтадан елден қашты деген ақпараты ғана бар. Алайда бұл ақпарат өзге де тәуелсіз көздерден расталған жоқ.

Қазақстанда азаптаудың қолданылатындығы туралы куәліктер 2009 жылдың мамыр айында Қазақстанда болған БҰҰ-ның азаптаулар мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Манфред Новактың қорытындыларында да расталған.

Ол Қазақстандағы жағдайды сипаттау үшін жұмсақ дипломатиялық сөздерді іздеп әуре болып жатпады. Өте түсінікті тілде: «Мен азаптаулар мен өзге де жаман тәсілдерді қолданудың шектен шығып кеткендігі туралы қорытындыға келдім», – деп мәлімдеді.

«Халықаралық рақымшылық» ұйымының сарапшылары еуропалық үкіметтер адам құқын қорғау негіздерін қайта-қайта қарап отырулары керек деп есептейді. Бұл дегеніңіз адамдарды азаптау мен ұрып-соғудан қорғау керек, ал дипломатиялық уәделер бұндай қорғауға кепіл бола алмайды деген сөз.

Сарапшылардың үзілді-кесілді пікірлеріне сәйкес, сенімсіз үкіметтердің «бізде азаптаулар жоқ» деген уәделеріне үміт артуды шұғыл түрде тоқтату керек.

XS
SM
MD
LG