Accessibility links

Қазба байлық түсіміне қатысты ақпарат беруде Қазақстан - жетінші «ашық мемлекет»


"ҚазМұнайГаз" компаниясының кеңсесі, Астана
"ҚазМұнайГаз" компаниясының кеңсесі, Астана

Revenue Watch Institute ұйымы экономикасы қазба байлықты өндіру саласына тәуелді 41 елдің үкіметі осы сала бойынша ақпарат беруге қаншалықты құлықты екенін бағалап шықты. Қазанның 7-і жарияланған түсім айқындығы индексінде Ресей 3-ші, Түркіменстан ең соңғы орында тұр.


Халықаралық қаржы қоры «экономикасы мұнайға, газға және өзге де минералдарға тәуелді» деп сипаттаған елдердің ішінен 41 үкіметті таңдап алған «Ревенью Уотч» институты мен «Транспэренси Интернэшнл» ұйымы 2009 жылғы қараша айынан 2010 жылғы сәуір айына дейін қажетті ақпарат жинаумен айналысқан.

БРАЗИЛИЯ – КӨШБАСШЫ

Тәуелсіз сарапшылар 2006 жылғы қаңтар мен 2009 жылғы желтоқсан аралығында көпшілікке жария етілген құжаттарды зерттеп шыққан. Бұл ақпаратқа үкімет органдары қарапайым азаматтарға жазбаша түрде немесе вебсайттары арқылы қазба байлықты өндіру саласына қатысты жедел түрде берген мәліметтер жатады. Бұл есеп осы саладағы жемқорлық деңгейі мен бюджеттің ашық жоспарлануын бағалауға арналмаған.

«Ревенью Уотч» институтының рейтингінде көрсетілгендей азаматтары қазба байлықты өндіру саласы бойынша ақпарат беруді талап еткен жағдайда үкімет мынадай құжаттарды көптен жасырын ұстай алмайды: мемлекет пен компаниялар арасында минералды ресурсқа қол жеткізуге қатысты келісім-шарттар мен инвестиция салу туралы келісімдер; пайдалы қазбаларды өндіру барысында қоршаған орта мен әлеуметке тиетін зиян туралы хабарламалар; осы салаға қатысты статистикалық мәліметтер мен ақпарат қоры; қазба байлықты өндіру саласы бойынша үкімет дайындайтын айлық, тоқсандық және жылдық қорытынды есептер; мұнай-газ және өзге пайдалы қазбалардан түсіп жатқан түсім туралы ақпарат; осы сала бойынша жасалған аудиторлық есептер.

41 мемлекеттің Бразилия бастаған 12-і «түсім айқындығы» бойынша 67 мен 100 ұпайдың арасында жинап бірінші топқа енген. Бұл алдыңғы қатарлы 12 ел өз азаматтарына қазба байлықты өндіру саласын басқару ісіне қатысты жеткілікті ақпарат беріп отыр деп сипатталады. Бұлардың үкіметтік ұйымдары мен өзге де құрылымдары мұнай-газ саласы мен өзге де пайдалы қазба байлықты өндіруші секторлардың қызметіне байланысты ақпарат талап еткен жағдайда халықты дер кезінде құлақтандырып отыр деп жазылған.

Бұдан бөлек Ирак бастаған 21 мемлекет 34-тен 66-ға дейін ұпай жинап, «қазба байлықты өндіру саласына қатысты халқына беретін ақпаратында толымсыз тұстары көп» деген баға алған.

Ал Сауд Арабиясы бастаған 8 мемлекет мұнай мен газ және минералды ресурстарды өндіруге қатысты өз халқына тым мардымсыз ақпарат беріп отырған елдер ретінде тізімнің соңында тұр.

ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРІЛГЕН БАҒА

Құжат авторлары Қазақстан үкіметін ашық түрде ақпарат беруде 7-ші орынға қойып, EITI (пайдалы қазба өндірісіндегі айқындық бастамасы) өлшемі мен осы саладағы түсімін ашық көрсету бойынша Норвегиямен деңгейлес жоғары көрсеткішке ие екенін атап өтеді. Бірақ, Қазақстанның пайдалы қазба байлықты өндіру бойынша лицензия беру мен келісім-шарт жасауға қатысты құжаттардың шетін де ашпайтыны айтылып өткен.

Қазақстан мен Ресей үкіметтеріне тән ортақ сипат – операциялық мәліметтерді қоғамдық мәлімет ретінде жасырмай жариялап отыру. «Ревенью Уотч» мұның екі себебін ашып көрсетеді: біріншіден, минералдық ресурстар туралы неғұрлым ашық ақпарат беру арқылы көбірек инвестиция тартуға тырысу; екіншіден, мемлекет меншігіндегі мұнай-газ және өзге де пайдалы минерал өндіруші компаниялардың қор биржаларына шығып, құнды қағаз сата бастауы оларды жан-жақты қаржылық ақпарат беруге мәжбүр етеді.

Есептің соңында құжат авторлары экономикасы минералды ресурстарға тәуелді елдерге бірқатар ұсыныстар мен кеңестер айтады. Құжаттың ағылшын тіліндегі нұсқасын мына жерден жүктеп алуға болады.

«Ревенью Уотч» институты 2002 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан, Лондонда орналасқан үкіметтік емес ұйым. Бұл ұйым 2000 жылы Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр ұсынған EITI (пайдалы қазба өндірісіндегі айқындық бастамасы) идеясын халықаралық деңгейде жүзеге асыруға күш салып келеді.
XS
SM
MD
LG