Accessibility links

Тәжікстандағы діни мектептерде не оқытып жатыр?


Тәжікстандағы көпшілік ата-ана балаларының қосымша діни мектепте дәріс алғанын қалайды, ал молдалар болса бұл қажеттілікті өтеуге барынша тырысып бағады. Бірақ дінді бақылауды күшейте түскен тәжік билігі шариғат пен Ислам құндылықтары туралы жеткіншектерге кім сабақ береді деген мәселеге шұқшия қарайтын болды.


АТА-АНАНЫҢ ІЗГІ НИЕТІ

Соңғы апталарда үкіметтің рұқсатынсыз жекеменшік діни мектептер ашқан молдалар құқық қорғау органдарының нысанасына айнала бастағаны көпшілікті абыржытып тастады. Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғды облысындағы Понғоз ауылының молдасы Абу-Умар Ахмадов жергілікті мешітте Ислам негіздері мен діни құндылықтар жайында дәріс беретін мектеп ашқан. Кешкі уақыт пен демалыс күндері Ахмадовтың мектебіне баратындардың жасы 8 бен 16 жас шамасындағы балалар.

«Осы жерге діни сауатын ашу үшін балаларын әкелетін ата-аналардың көбісі балаларының аса діндар болып кеткенін қаламайды.
Ата-аналардың көбісі балаларының аса діндар болып кеткенін қаламайды. Олардың бәрі балалары Ислам діні жайлы сауатын ашып, ең бастысы есірткі, ішімдік сияқты жаман әдеттерден ада болса екен деп тілейді.
Олардың бәрі балалары Ислам діні жайлы сауатын ашып, ең бастысы есірткі, ішімдік сияқты жаман әдеттерден ада болса екен деп тілейді. Олар тек дінді балаларын имандылық пен әдептілікке тәрбиелеу үшін керек етеді», – дейді Абу-Умар Ахмадов.

Медресені бітірген Ахмадовтың діни мектепте сабақ беруге болады деген рұқсат қағазы бар. Оның ауылдық мешіттегі дәріс беру мектебін жергілікті билік тіркеуден өткізген. Мұсылман мемлекетінде мұндай діни білім беру өкілдіктерінің жұмысы мақұлданған.

БИЛІК КҮДІКПЕН ҚАРАЙДЫ

Бірақ Тәжікстан билігінің ислам туралы жекелеген үйлерде оқытатындар мен тіркелмеген медреселерге қатысты ұстанымы қатаң. Құқық қорғау органдары діни сабақтар өтеді деген күдікке ілінген үйлерді жиі тексеріп тұрады.

Алайда үкіметтің тыйым салуына қарамастан, рұқсатнамасы жоқ діни мектептер азаймай отыр. Балаларға дәріс беретін діни мектептер көбейіп барады. Сол себепті қоғамда Исламның ықпалы арта түскен. Екі жыл бұрын Gallup жүргізген сауалнамаларға қарағанда, тәжіктердің 76 пайызы өздерінің күнделікті өмірлерінде дін маңызды рөл атқаратынын айтқан.

Тәжік ресмилері шілде айында елдің құқық қорғау агенттігінің Исфара, Истаравшан, Пенжікент және Ғафуров аудандарында жүргізген тексерулері кезінде тіркелмеген жеті діни мектеп анықталғанын хабарлады.

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, молдалар мен медреседе оқығандардың мектеп жасындағы балаларға ислам негіздерін оқытатын орындарының көбісі жекеменшік үйлерде орналасқан. Сондықтан олардың жұмысына тыйым салынды.

Одан кейін Тәжікстанның зайырлы үкіметі діни еркіндікті бұзып, діни құрылымдарға қысым жасап отыр деген сынның астында қалды. Ресмилер болса, діни экстремизм қаупінің алдын алып жатқандарын алға тартады.

ДІН ЕРКІНДІГІН ШЕКТЕУ

Соңғы жылдары Тәжікстанда тіркелмеген жүздеген мешіт пен жасырын медреселер анықталып, шетінен жабылды. Үкіметтік мекемелер мен мектептерде қыз-келіншектердің басына орамал салуына тыйым салынды. Екінші жағынан білім беру саласындағы басшылық тіпті
Душанбеде жай адам да, полиция қызметкері де мешітке барады.
Тәжік ислам университетіндегі ер балалардың костюм киіп, мойындарына галстук тағып және сақалдарын алып жүруіне нұсқау берді.

Ғафуров ауданындағы үлкен мешіттің имамы Мухаммаджон Ортиқов биліктің діни мектептерден күдіктеніп, үркіп отырғанына алаңдайтынын айтады. Ол мұндай қадамдар қарапайым мұсылмандарды әрі-сәрі күйге түсіреді деп санайды.

Ортиқовтың баласы Мухаммадиге рұқсат қағазы жоқ мектеп ұстағаны үшін айыппұл салынды.

Алайда Ортиқов өз баласының ата-аналар өтініші бойынша көрші балаларға тек Құран оқытып жүргенін, басқа бөтен пиғылы болмағанын айтады.
Ресмилер бізге тиісу үшін түрлі сылтаулар тапты. Мәселен, олар балалар Хизб-ут Тахрир жолымен кеткен дейді. Біз балаларға Құраннан басқа ештеңе үйретіп жатқан жоқпыз.


«Ресмилер бізге тиісу үшін түрлі сылтаулар тапты. Мәселен, олар балалар Хизб-ут Тахрир жолымен кеткен дейді. Біз балаларға Құраннан басқа ештеңе үйретіп жатқан жоқпыз. Бірақ олар оқушылардан қандай дәріс алғаны жайлы сұраған».

РЕСМИ РҰҚСАТ КЕРЕК

Саидбек Махмадуллоев дін жөніндегі мемлекеттік комитеттің сарапшысы. Ол Азаттық радиосына берген сұқбатында, тәжік заңдары діни сабақтарға баруға шек қоймайды, азаматтардың ресми тіркелген діни мектептер ашуына да тыйым салмайды дейді.

Махмадуллоевтың айтуынша: «Тек бір ғана қажет нәрсе олар ондай сабақтарды бастау үшін білім беру мекемесінен ресми рұқсат алу керек». Оның сөзіне қарағанда, білім беру саласындағы басшылық жас балаларға діни дәріс беру бағдарламасының мазмұны туралы білуі тиіс.

Адамдардың діни білім алу талабына жауап беру үшін Білім министрлігі жақында қоғамдық мектептерде “Ислам тану” пәнін ұсынды. Бірақ көптеген діни жетекшілер ондай сабақтар дін туралы толық мәлімет бере алмайды дейді. Оған қоса, аптасына бір рет қана өтетін ол сабақты діни білімі жоқ тарих пәнінің оқытушылары береді.

Тәжікстан елінде 20 шақты ресми тіркелген медресе мен Ислам университеттері бар. Тағы да әрбір үлкен мешіттің діни дәріс беруге құқығы бар.

Ауыл молдаларының айтуынша, елде өсе түскен діни білім алу қажеттілігіне жауап беретін ресми медреселер жетіспейді.

Сондықтан мұндай діни мектептерді медресе немесе тіпті діни білім алу орталығы деп айту қиын. Ата-аналар мен балаларға ондай орындар жақын маңдағы молдадан діни сабақтар мен имандылық жайында үйренуге аздаған уақыт бөлу үшін ғана керек.

Камароб ауылының тұрғыны, үй шаруасындағы әйел Давлатпоччо Азизова өзінің 14 жастағы баласын жергілікті молданың үйіне Құран оқып, мұсылманшылық негіздерін үйренуге жіберетінін айтады.

Бірақ Азизова да, тіпті молда да заңсыз нәрсе жасап жатырмыз деп ойламайды. Азизова өзінің діни дәріс беретін орындардың заң бойынша рұқсат қағазы болуы керек екенін білмегенін айтады.

«Менің ұлым ұшқыш болғысы келеді. Бірақ біз үшін ең маңыздысы, баламыздың жақсы тәлім алғаны. Сол себепті біз оны діни кітаптар оқысын, сауатын ашсын деп молдаға жібереміз», – дейді Давлатпоччо Азизова.

Оның айтуынша, көптеген ата-ананың балаларын ресми тіркелмеген діни мектептерге беретін себебі – олардың маңында үлкен мешіттер немесе діни мектептер жоқ.

РЕСМИ ТІРКЕУДЕ ЖОҚ МЕДРЕСЕЛЕРДІҢ КҮНІ ҚАРАҢ

Мешіттер мен жекелеген үйлерде ашылған діни мектептер көбінесе ақысыз. Олардың күні бойы оқитын оқушылары жоқ, олар түстен кейінгі мезгілде немесе мектеп демалысқа шыққанда ғана сабақ өтеді.

Ал елдегі ресми тіркелген 20 шақты медреседе білім алу үшін ақы төлеу керек болады. Онда күніне бағдарлама бойынша 3-4 сабақ алып отырады. Оның ішінде ағылшын тілі мен компьютер қолдану және басқа да діни пәндер бар.

Ресми түрде тіркелмеген медреселердің күні қараң күйде қалып тұр. Тамыздың 2-і күні Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Рудаки ауданындағы медресені жауып тастады. Медресенің ұстазы Маулави Абдуқаһор қамауға алынды.

Тәжікстандық құқық қорғаушылар таққан айып бойынша Абдуқаһор «лицензиясыз дәріс берген», «студенттерінен ақы алған», «санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келмейтін ғимаратта дәріс берген». Азаттық радиосының Тәжік қызметіне сұқбат берген молданың туыстары медресеге қосымша студенттер тек жаз айларында алынғанын айтты.
XS
SM
MD
LG