Accessibility links

Конституциясын референдумға шығарған Түркия жолайрықта тұр


Kүрдістан жұмысшы партиясына қарсы акцияға шыққан әсіреұлтшыл түрік. 21 қазан 2007 жыл.
Kүрдістан жұмысшы партиясына қарсы акцияға шыққан әсіреұлтшыл түрік. 21 қазан 2007 жыл.

Түркия Конституциясының референдумы өтер күн тақаған сайын қайшы пікірлер көбірек қылаң беруде. Бір пікірге қарағанда, Түркия бейбіт дамып отырған ел болса, ал тағы бір пікірге назар аударсақ, бұл елде ішкі алауыздық өршіп тұрғандай.


"ТҮРІКШЕ ТАЛПЫНЫС"

Соңғы оншақты жыл ішінде, әсіресе, Әділет және даму партиясы билік тізгінін ұстағалы Түркия белгілі бір табыстарға жетіп келе жатқанын анық аңғартады. Қазір Түркия шетелдік инвестиция мен экспорттық көрсеткіші жөнінен, тұрақты валютасы мен ұдайы өсім үстіндегі жалпы ішкі өнімі бойынша шапшаң дамып келе жатқан әлемдегі он елдің қатарында тұр.

1952 жылы НАТО-ға мүше болған Түркия енді Еуроодаққа қосылуға ұмтылып отыр. Алайда Еуроодақтың кей мүшелері Түркияны өз қатарынан көруге аса ықыласты емес. Сондай-ақ кейінгі кездері Түркия азаматтарының да көпшілігі Брюссельге қырын қарай бастағанын айта кету керек.

Бүгінгі Түркия – төңірегіндегі көршілерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жақсартқан, өз өңіріндегі маңызды орталыққа айналған іргелі мемлекет.

Алайда елдегі күрд мәселесі әлі шешілмей тұр. Соңғы жылдары үкімет қанша уәде бергенімен, саны көп күрдтердің жеке құқықтары да, топтық құқықтары да айта қаларлықтай қорғала қоймаған.

Тәуелсіздік не болмаса кең ауқымды аутономия беруді талап еткен Күрдістанның жұмысшы партиясы мен түрік әскері отыз жылдан аса қанды қақтығыстарға түсіп келеді. Осы қантөгісте отыз мыңнан астам адам көз жұмды.

Үкімет те, әскерилер мен қоғам да Күрдістан жұмысшы партиясымен келіссөзге келгісі жоқ. Күрдтердің негізгі құқықтарын қамтамасыз етуге шақырған Еуроодақтың да, күрдтер мен түріктер арасындағы келісімшіл топтардың да ұсыныстары да қабылданар емес.

БИЛІК ПАРТИЯСЫНА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Әділет және даму партиясы 2003 және 2007 жылдары өткен парламенттік сайлауларда басым дауыспен жеңіске жеткені белгілі. Бірақ бұл жеңістің тасасында елдің әрі қарайғы дамуына айтарлықтай кедергі жасайтын әлеуметтік алауыздық жатқаны аңғарылады.

Осынау зор жеңіс партияға елдегі өзге саяси күштермен коалициясыз немесе олармен қандай да бір келісімсіз-ақ өз үкіметін құруға мүмкіндік берді. Соның арқасында партия соңғы сегіз жылда бұрынғы коалициялық үкіметтердің қолынан келмеген реформаларды жүзеге асыра алды.

Алайда бұл жайт елді ондаған жылдар бойы ықпалында ұстап келген бюрократттар мен әскерилерге ұнамай отыр.
«Исламшыл бағыттағы Әділет және даму партиясы Түркияны біртіндеп зайырлы қоғамнан айырып, демократиялық жолдан тайдырады» деген айыпты билік партиясы үзілді-кесілді теріске шығаруда.

МӘМІЛЕСІЗ МӘСЕЛЕ

Соңғы сегіз жылда елеулі саяси-экономикалық табыстарға қол жеткізілгенімен, саяси күштердің арасындағы күрес онан сайын өрши түсті. Мұны әдеттегі парламенттегі тартыс дегеннен гөрі «жан алып, жан беріскен шайқас» деуге болады.

Қайсыбір кездері соттар Әділет және даму партиясының қызметіне тыйым салып, жетекшілерін үкімет құрамынан аластауға да талпынып көрген еді. Әскерилердің үкіметті орнынан күштеп тайдырмақ болғаны да әшкереленіп қалды.

Соған қарамастан үкімет пен оның сөзге ділмәр премьер-министрі Реджеп Ердоған оппозициямен келісе әрекет қылудан ұдайы бас тартумен келеді. Тараптардың бітіспейтін тартысқа бой алдыруы саяси диалогты тұйыққа тіреп отыр.

Түркия Конституциясы туралы референдум өтетін 12 қыркүйек, қызық болғанда, Түркияның қазіргі демократиялық емес Конституциясын өмірге әкелген 1980 жылғы әскери төңкерістің отыз жылдығына сай келіп тұр. 12 қыркүйекте Түркия азаматтары негізгі заңдарға түзетулер енгізу жөніндегі референдумға қатыспақ.

Негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер саясат пен сот жүйесіндегі әскерилердің ықпалын төмендетіп, әлеуметтік және отбасылық құқықтарды еуропалық деңгейге көтеруді көздейді. Үкімет осы өзгерістерді қалайда енгізгісі келгенімен оған оппозиция қарсы. «Мұның соңы үкіметтің сот жүйесіне бақылауын күшейтіп, тепе-теңдік пен тежемелік жүйесін әлсірететін болады» деп санайды оппозиция.

1980 жылғы Конституцияның өзгерістерді қажет етіп тұрғаны шүбәсіз. Қазіргі күйінде бұрынғыдан әлдеқайда демократиялы һәм күшті Түркияның әлеуетіне жауап бере алмайды. Алайда саяси алауыздық асқынып тұрған ел қандай да бір зорлық-зомбылық пен заңсыз әдіс-тәсілдерсіз бұл бағытта әрі қарай жылжи ала ма екен?

Түркия өз ішінде келісімге келе алмаса, соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерінің көпшілігінен айрылып қалуы да ықтимал.

(Аббас Жавади – Азат Еуропа/Азаттық радиосы хабарлар тарату бағдарламасы басшыларының бірі. Аутордың бұл мақаладағы ой-пікірлері Азаттық радиосының ой-пікірлерімен сай келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG