Халықаралық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова қызметінен кететінін және ұйымның құрылтайшылары қатарынан шығатынын мәлімдеді.
Құрылтай сайлауына кандидат болып ұсынылуына байланысты осындай шешім қабылдағанын және бұл "мүдде қақтығысын болдырмауға" бағытталғанын айтқан Жаманқұлова қор құрылтайшыларына тиісті өтініш жолдағанын хабарлады.
"Соңғы үш жыл мен үшін тұтас бір дәуірмен тең болды. Бұл уақыт еліміздің медиа кеңістігіне, оның күшті тұстарына, сын-қатерлеріне және күн сайын өз ісін адал әрі кәсіби атқарып жүрген адамдарға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Әрине, оңай болған жоқ. Шаршаған, күмәнданған, эмоциялық тұрғыдан ауыр сәттер де болды. Бірақ көпшілікке көрінген де, өзіміз ғана білетін де үлкенді-кішілі ортақ жетістіктердің қуанышы әлдеқайда басым еді", – деп жазды Жаманқұлова Facebook-парақшасына. Ол өз орнына келетін қордың жаңа басшысына табыс тілеп, "Әділ сөз" қоры Қазақстанда сөз бостандығын қорғау жолындағы миссиясын абыроймен жалғастыра беретініне сенетінін айтқан.
Қарлығаш Жаманқұлова "Әділ сөз" қоры басшылығына 2022 жылдың желтоқсан айында келген. Ол осы қордың негізін қалаушы әрі оны 1999 жылдан бері басқарған Тамара Калееваның орнына сайланған еді. Жаманқұлова "Әділ сөзге" жетекшілік еткен тұста кейбір журналистер қор елдегі сөз еркіндігін қорғау жұмысында бұрынғы бағытынан өзгере бастағаны жайлы ұйым жетекшісінің атына сын да айтқан. Жаманқұлова осы мәселеге байланысты пікір сұраған БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беруге құлық танытпаған.
Биыл көктемде Қарлығаш Жаманқұлова Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтын жаңа саяси ұйым – "Әділет" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ құрамында болды. Ол осы партияға мүше болып қабылданып, жақында Құрылтай депутаттығына "Әділет" партиясынан ұсынылған 186 кандидаттың бірі ретінде тізіміне енді.
Президент Тоқаевтың бастамасымен биыл наурызда өткен жалпыұлттық референдумның ресми қорытындысы бойынша жаңадан қабылданған Конституцияға сай, енді 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламент – Құрылтай құрылады. Құрылтай депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланады. Алғашқы Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген.
"Әділ сөз" қоры құрылтайшылары қоғамдық ұйымның жаңа президентін сайлағаннан кейін оның есімі көпшілікке жарияланбақ.