Accessibility links

Ауған қоғамындағы "күйеу" бала мен балиғатқа толмаған "қалыңдық"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ауғанстанда кәмелетке толмаған балаларды үйлендіру әлі бар. ЮНИСЕФ ұйымы жариялаған зерттеуде балалар арасындағы некеге кедейлік пен ескі дәстүрмен бірге соғыс зардабы да әсер етіп отырғаны айтылған.

1З ЖАСАР "КҮЙЕУ" БАЛА

Ауғанстанның Ғазни уәлаятының тұрғыны Мұхаммед Уәли 12 жасқа толғанда жесір анасы отбасындағы жалғыз ұлын 24 жастағы ауылдас қызға үйлендірудің қамына кіріскен.

- "Үйленгім келмейді, футбол, крикет ойнап, мектепке барғым келеді" деп анама жалындым, - дейді бала.

Мұхаммед Уәлидің әкесі қайтыс болған. Анасы Мұхаммедтен "жасөспірім екі әпкесі мен шешесі қайыршыға айналмасын" десе тезірек үйленуін талап еткен. Жергілікті дәстүр бойынша, тек ұл бала ғана әулет мұрагері саналады, жесірлер мен қыз балалар мұрагер бола алмайды.

- Сен олай-бұлай болып кетсең барлық дүние-мүлкімізді [әкеңе туыс] ағаларыңа бөліп береді. Әпкелеріңе ештеңе бұйырмайды. Сондықтан үйленуге тиіссің. Тез үйленіп, ұлды болуың керек, әйтпесе біз қайыршыға айналамыз, әпкелерің қандай жағдайға ұшыраса да, біз ештеңе істей алмаймыз, - деген анасы.

Шешесінің "өскенде өз таңдауыңмен екінші әйел аласың" деген уәдесіне сенген Мұхаммед өзі қаламаса да үйленуге келіскен. Ислам заңдары бойынша, неке заңды саналуы үшін үйленетін екі адамның да келісімі болуы керек.

Үйлену тойына жиналған адамдар. Ғазни, Ауғанстан, 12 шілде 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Үйлену тойына жиналған адамдар. Ғазни, Ауғанстан, 12 шілде 2019 жыл. Көрнекі сурет.

"Күйеу" баланың әлі отбасын асырайтындай ересек емес екенін алға тартқан қалыңдықтың әкесі қызына екі есе көп қалыңмал сұраған. Мұхаммедтің кедей әулеті барын салып, жоғын тірнектеп жинап, әупіріммен қалыңмалды төлеген.

2017 жылғы желтоқсанның 8-інде 13 жасар Мұхаммед Уәли отау құрды. Бір жылдан соң алғашқы перзенті дүниеге келді. Мұхаммедтің анасын қобалжытқан бір жайт – тұңғыш немересі қыз болды.

Биыл 15-ке толған Мұхаммед Уәли 10-сыныпты аяқтап, емтихан тапсырды. Оның 27 жастағы келіншегінің аяғы ауыр, қазан айында бұл шаңырақ тағы да нәрестелі болмақ. Екінші немересі ұл болатынын естігелі Мұхаммедтің анасының қуанышы қойнына симай жүр.

ҰЛДАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛАДЫ

Халықаралық ЮНИСЕФ ұйымының (БҰҰ-ның балалар қоры) Батыс Ауғанстандағы бала құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы Фарзан Хусайнидің айтуынша, елде қанша ер баланың кәмелет жасына толмай үйленетіні жөнінде нақты дерек жоқ. Оның себебі – Ауғанстандағы ерте отау құру мәселесіне байланысты пікірталас пен зерттеудің түгелге дерлігінде қыз балалар жайы айтылады.

- Бұл мәселенің көп айтылмайтыны рас. Жүргізілген зерттеулер ұлдар жайын қозғамайды. Баланы жастай үйлендіру туралы зерттеулерді жобалағанда бұл мәселеге назар аударатынымыз анық, - деді Хусайни.

ЮНИСЕФ-тің бір дереккөзінде ауған қыздарының 15 пайызы 16 жасқа толмастан күйеуге беріледі деген мәлімет бар. Ауған қыздарының жартысына жуығы 18 жасқа толғанда тұрмыста болады. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани биыл наурызда қол қолған "Балаларды қорғау" актісіне сәйкес, заң бойынша жасы 18-ге толмаған ұлдар мен қыздар "бала" саналады.

Ерте отау құру қыздардың өз бетінше шешім қабылдауына, білім алуына және жұмысқа тұруына кесірін тигізіп жатыр. Олардың денсаулығына қауіп төніп, отбасындағы әлімжеттікке де жиі ұшырап жатады.

ЮНИСЕФ ұйымының Ауғанстандағы балалар арасындағы неке туралы есебі.
ЮНИСЕФ ұйымының Ауғанстандағы балалар арасындағы неке туралы есебі.

Хусайнидің айтуынша, жас үйленген ұлдарға қарағанда, кәмелет жасына толмай тұрмысқа шыққан қыздар саны әлдеқайда көп.

"Ауғанстандағы сауалнамаға қатысқан отбасылардың 42 пайызында әулеттің кемінде бір мүшесі кәмелет жасына толмай үйленген, сондықтан жас үйленген балалардың мәселесі – күрделі әрі жабық тақырыптардың бірі" дейді Хусайни.

Жесірдің мұрагерлік құқығы, төгілген қан өтеуі және отбасының алдын ала құда түсіп қоюы тәрізді ескі тайпалық дәстүрлер кесірінен ауылды жердегі ауған балалары ерте үйленуге мәжбүр.

"Кедейлік пен соғыс титықтатқан аймақтардағы босқыншылық та жағдайды ушықтырып отыр" дейді Хусайни.

ЮНИСЕФ-тің осы мәселе туралы 2018 жылғы зерттеуінде ауғандардың көбі үйленуге "экономикалық және транзакциялық тұрғыдан" қарайтыны айтылған. Яғни балаларды үйлендіру "кедейліктен құтылу және соғыстың ауыр салдарын жеңу механизмі" саналады.

- Ауған балаларының жасы 18-ге жетпей отау құрып жатқанын білеміз. Өкінішке қарай, Ауғанстанда халық бұл туралы көп айта бермейді. Шынайы жағдай - осы, - дейді Хусайни.

Оның айтуынша, шөлден зардап шеккен батыс аймақтарда кәмелетке толмаған балалардың келісімді некеге тұруы міндеттелген жағдайлар жиілей бастаған. Хусейни ЮНИСЕФ ай сайын отбасына көмектесу үшін Иранда жұмыс істеп, Герат аймағына қайтып келген 11-17 жас аралығындағы 200-дей баланы тіркеуге алып отырғанын айтады. Олардың жартысына жуығының атастырған қалыңдығы бар. Жас балалар қыздың әкесіне төлейтін қалыңмалды жинау үшін Иранға барып жұмыс істеуге мәжбүр.

Хусайнидің сөзінше, ЮНИСЕФ Ауғанстанның батысындағы босқын отбасыларда 188 баланың үйленгенін тіркеген. Олардың 82-сі – кәмелет жасына толмаған ұл бала.

ЮНИСЕФ-тің 2018 жылғы Ауғанстандағы балалар некесі жайлы есебінде мұның "тек қыздарға ғана емес, ұлдарға, олардың отбасыларына, қоғамға, осы іске қатысып, оны жүзеге асыратындарға" да кері әсер етіп жатқаны айтылған.

"Жас балалар мен отбасылары қымбат қалыңмал төлеуге мәжбүр. Күйеу жігіттер жаңа отбасын асырауға және әйелдерінің қажеттілігін түсінуге дайын емес" деп жазылған есепте.

СОҒЫС ЗАРДАБЫ

Ерте үйлену мәселесін ашық көтерген белгілі тұлғалардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік басқармасының бұрынғы басшысы, Ауғанстанда биыл қыркүйектің 28-і күні өтетін президент сайлауына кандидат Рахматулла Набил.

Азаттық радиосына берген сұхбатында ол "әсіресе бұл ауылдық жерде жиі кездеседі, мұндай жағдайды өзгерту керек" деген пікір айтты.

Ауғанстан президенттігіне кандидат Рахматулла Набил.
Ауғанстан президенттігіне кандидат Рахматулла Набил.

Уардак аймағындағы ауылда 1968 жылы дүниеге келген Набилдің анасын 15 жасында тұрмысқа берген. Ал совет-ауған соғысы басталғанда Набилдің өзін де "тым жас шағында" үйленуге мәжбүрлеген.

- Әкем қайтыс болған соң үйде еркек кіндіктіден мен ғана қалдым. Ауғанстанға орыстар басып кірген соң төңіректе түгел атыс басталды. Жағдай ауыр болды, әсіресе ауылдық жерде кескілескен соғыс жүріп, көп адам өліп жатты. Анамның жалғыз уайымы мен болдым. "Әулеттің тұқымы құрығанын қаламаймын, сен олай-бұлай болып кетсең артыңда тұяқ қалмайды ғой" дейтін уайымдап. Оның сөзінше, ұрпақ жалғасуы үшін мен жылдам үйленіп, бала сүюім керек болды, - деп еске алады Набил.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ЗАҢДАР

Ауғанстанның Азаматтық кодексі бойынша, ерлер – 18, ал қыздар 16 жастан бастап үйлене алады. Сонымен бірге, әкесі қызының 15 жастан тұрмыс құруына рұқсат бере алады. 15 жасқа толмаған қыздың қандай жағдайда тұрмыс құруына рұқсат берілетіні ауған заңдарында ашық жазылмаған.

Әйткенмен Азаматтық кодекс – Ауғанстанда балалардың үйленуін реттейтін жалғыз заң емес. Бала некесі Ислам заңдары, ұлттық дәстүр мен жергілікті рулық салттар арқылы реттеледі, олар көбіне ұлттық заңдарға қайшы келіп жатады.

Хусайнидің айтуынша, халықтың басым көпшілігі тұратын ауылдық жерлерде шариғат заңдары мен ұлттық дәстүрлердің ықпалы күшті.

Ислам заңына сәйкес, қалыңдық пен күйеу жігіттің келісімі болмаса я олар некенің мәнін түсінетіндей ересек болмаса, неке заңсыз саналады. Алайда, шариғатта некенің мәнін "түсінуге мүмкінік беретін" нақты жас мөлшері көрсетілмеген, сондықтан жергілікті дінбасылар шариғат заңдарын өзінше түсіндіреді.

Хусайни сауатсыздық жайлаған ауылдық жерлерде молданың айтуымен балаларын 9 жастан бастап үйлендіріп жатқандар барын айтады.

Дәстүрлер мен рулық салт-жоралғылар да Ауғанстанның Азаматтық кодексінде көрсетілген жас мөлшерінен анағұрлым ерте үйленуге рұқсат береді. Кабулдағы ауған үкіметі бұл заңдарды ресми түрде мойындаған жоқ. Бірақ саяси қажеттілік болғандықтан, үкімет өкілдері рулық салт-дәстүрді және "ауған құндылықтарын" сақтау туралы жиі айтады.

ЮНИСЕФ зерттеуі бойынша, ауылдық жерлердегі сот жүйесі Азаматтық кодекс аясында жеке адамның, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғағаннан гөрі дәстүр негізінде "қоғамдық тәртіпті сақтауға" көп басымдық береді.

ЮНИСЕФ тұжырымы бойынша, Азаматтық кодексті қолданудағы мұндай кедергілер бүкіл ел аумағында бала некесіне, соның ішінде 18-ге толмаған ұлдарды атастырып үйлендіруге тосқауыл қоя алмай отыр.

Бұған қоса ЮНИСЕФ бала некесі мәселесінде ауған қоғамына ақсақалдар институтының ерекше ықпал ететіні жайлы қалыптасқан пікірді жоққа шығарады. Халықаралық ұйым есебінде "бұл мәселеде соңғы сөзді әулеттегі ер азаматтар айтады" деп көрсеткен. Дегенмен, бұл процеске әйелдер де, отбасының басқа мүшелері де қатысады.

ЮНИСЕФ 2018 жылғы есебінде "Соңғы шешімді қабылдамаса да, үйлендірер кезде баланың өзіне де пікір айтуына мүмкіндік берілген. Бұл ұжымдық шешім қабылдау процесіне ықпал етеді. Сондықтан мәселені шешуде тек қыздарға ғана назар салмай, отбасыларға, қауымдастыққа және өзгерістерді жүзеге асыру үшін тиісті құрылымдар ұсынатын үкіметтің рөліне мән берген жөн" деп жазған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG