Accessibility links

7 жасар қызын ұзатқан ауғандық сотқа тартылды


Қарыз бен кедейліктен ауған отбасылары қыздарын жастай ұзатуға мәжбүр. (Көрнекі сурет)
Қарыз бен кедейліктен ауған отбасылары қыздарын жастай ұзатуға мәжбүр. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы Джаузджан провинциясында әкесі жеті жасар қызын мәжбүрлеп тұрмысқа беріп, қалыңмалына 2 мың доллар алған. Жергілікті билік жақында ол некенің күшін жойды.

Джаузджан провинциясының билігі қызын егде адамға мәжбүрлеп ұзатқанын мойындаған Рамадан есімді кісіні тергеп жатыр. Рамадан «мен мұндай әрекетке кедейліктен бардым» деп ақталған.

- Тұратын жеріміз жоқ, тойып тамақ ішпейміз. Қарызымыз көбейіп кетті. Осы әрекетті істегеніме өзім де өкінемін, - дейді ол.

Ол кәмелет жасқа толмаған баласын күйеуге беріп, ақысына «2 мың АҚШ доллары мен күріш, бидай сияқты азық-түлік алғанын» мойындады.

ЖАЛҒАН КУӘ

Рамаданның әйелі жергілікті құқық қорғау орындарына «үлкен қызына күйеуінің туысқандары зәбір көрсететінін» айтып шағымданған соң Джаузджан полициясы қылмыстық іс қозғаған.

Ауған әйелдері гуманитарлық көмек кезегінде тұр. Кабул, 15 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ауған әйелдері гуманитарлық көмек кезегінде тұр. Кабул, 15 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
- Қызым бір жыл бұрын тұрмысқа шықты, содан бері екі рет үйге қашып келді, - дейді аты-жөнін атамаған анасы.

Анасының айтуынша, қызды «күйеуі жиі ұрып-соғады».

- Күйеуіне қайта жібергім келмейді, бірақ ол күшпен алып кетеді, - дейді қыздың анасы.

Полиция Рамадан мен оның 35 жастағы күйеу баласы Асадулланы, дін жолымен неке қиған молда Мавлави Нурды тұтқынға алды.

Мавлави Нур кепілдік беріп босап шықты. Ол «ата-анасы маған қыздың жасын өтірік айтты» дейді. Ауғандықтардың көбінде туу туралы куәлік болмайды, сондықтан күйеу жігіт пен қалыңдықтың некесін арнайы құжатсыз қию – бұл елде жиі болатын оқиға. Құжаттың орнына, молда талап еткен жағдайда, екі жақтан екі куәгер келіп, ерлі-зайыптылардың жасы мен нақты аты-жөні, отбасылық жағдайы туралы куәлік береді.

«БАРЛЫҒЫН ЖАУАПҚА ТАРТУ КЕРЕК»

Ауғанстандағы адам құқығы тәуелсіз комиссиясының балалар құқығын қорғаушы қызметкері Эвазали Сабери «неке қию кезінде қыздың жасын жасырған куәгерлер мен отбасы мүшелерін де жауапқа тарту керек» екенін айтады.

- Екі куәгер мен екі отбасы мүшелері де өз әрекеттері үшін жауап берсін. Полиция бұл адамдарды әлі тергеген жоқ, - дейді ол.

Билік некенің күшін жойды, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Джаузджан провинциясының қылмыстық тергеу бөлімінің жетекшісі Абдулмалек Мамнун бұл неке ауған заңына да, діни нормаларға да қайшы келетінін айтады.

Бала көтеріп тұрған ауған босқыны. (Көрнекі сурет)
Бала көтеріп тұрған ауған босқыны. (Көрнекі сурет)
Адам құқықтарын қорғау топтары, әйелдер мен балалар ұйымдары да бұл іске назар аударып отыр.

Аймақтық адам құқығын қорғау ұйымының басшысы Магферат Самими ханым:

- Бірнеше қылмыскерді түрмеге қамау мәселені шешпейді, бұдан да үлкен шаралар қолдану керек. Қыздың әкесі - нашақор. Ол балаларының құқығын ойламайды. Бір жағынан - кедейлік, екінші жағынан - есірткіге тәуелділік, осы екі нәрсенің кесірінен ол баласына қарсы қылмыс жасаған, - дейді.

Провинция орталығы Шеберган қаласында өткен жиында жергілікті билік пен сот өкілдері және құқық қорғаушылар Рамаданды көрші провинция - Балхтағы нашақорларды сауықтыру орталығына жіберу туралы шешім қабылдады.

Қыздың анасы Шебергандағы әйелдерге арналған қауіпсіз үйге орналастырылды, ал төрт баласы соған жақын маңдағы балалар үйіне жіберілді. Жергілікті билік «әйелдер немесе балалар үйінен әйелге жұмыс тауып беріп, отбасы тұрмысын қалпына келтіруге көмектесеміз» дейді.

Алем Рахманяр мен Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG