Accessibility links

Ауған әйелдің кәсібі тыйымға қарамастан дамып келеді


Ауғанстандық кәсіпкер әйел Роя Махбуб. Кабул, 15 мамыр 2012 жыл.
Ауғанстандық кәсіпкер әйел Роя Махбуб. Кабул, 15 мамыр 2012 жыл.
Роя Махбуб - Ауғанстанда бас директор атанған жалғыз әйел. Компьютерлік бағдарлама жасайтын компания басшысы ауған әйелдеріне үлгі болғысы келеді. Бірақ оны жек көретін адамдар да көп.

Ауғанстанда Роя Махбуб сияқты билікте болған, әрі ықпалды ауған әйелдері сирек.

«ЖҰМЫСЫҢДЫ ТОҚТАТ, КӨЗІҢДІ ҚҰРТАМЫЗ!»

Технологиямен айналысатын 25 жастағы кәсіпкер әйел - Afghan Citadel Services фирмасының бас директоры. Ақпараттық технологиямен (IT - "ай-ти") айналысатын фирмасын ол Гератта ашқан. Қазір фирма штатында бағдарлама жасайтын 20 маман бар. Жартысынан астамы - әйелдер. Олар министрлікке, университеттерге және халықаралық ұйымдарға арнап компьютерлік бағдарламалар жасайды.

Ауғанстандық кәсіпкер әйел Роя Махбуб. Кабул, 15 мамыр 2012 жыл.
Ауғанстандық кәсіпкер әйел Роя Махбуб. Кабул, 15 мамыр 2012 жыл.
Консервативтік қоғамда әйелдердің кәсіби түрде өсуі өте қиын. Махбубтың айтуынша, оған әлдекімдер телефонмен оқтын-оқтын қоқан-лоқы жасайды. Электрондық поштасына да «Жұмысыңды тоқтат! Әйтпесе отбасыңды жоқ қыламыз» деген сияқты ескертулер жиі келеді.

- Әйелдерге бұл елде өте қиын. Керемет идеялары болған күннің өзінде де әйелдердің жеке кәсіптерін дөңгелетіп кетуі екіталай. Олар өте қорғансыз, ауыл-аймақтарда емін-еркін жүріп, жұмыс істей алмайды. Әйелдерге дәстүрлі қоғамда кедергі көп. Жұмыс бастасаң, жұрт қарсы болады. Сосын өзің де жұмысыңды тастайсың, - дейді ол.

«20 МЫҢ ДОЛЛАРДАН БАСТАЛҒАН ЖОБА»

Ауғанстанның білім министрлігінің IT департаментінде жоба үйлестіруші қызметін атқарған Махбуб бұл фирмасын 2010 жылы Герат университетінде бірге оқыған бірнеше курстасымен бірлесіп ашқан. Алғаш қолдарында 20 мың доллар ғана болған. Бастапқы капиталды өз қалталарынан шығарған.

Университетті жаңадан бітірген түлектерге, әсіресе, Ауғанстанның дамып келе жатқан техника саласында әйелдерге жұмыс тауып беруді мақсат еткен.

- Біз IT саласындағы білімімізді пайдаланып, нарыққа және ауған әйелдерінің өміріне біраз өзгерістер әкелсек деп талпындық. IT әйелдердің үйде отырып та жұмыс істеп, ақша табуына жәрдем береді және білімдерін пайдалануға жол ашады, - дейді Махбуб.
Ауған әйелдері компьютермен жұмыс істеп отыр. Герат, 30 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ауған әйелдері компьютермен жұмыс істеп отыр. Герат, 30 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

2001 жылы «Талибан» үкіметі құлағаннан кейінгі он жыл ішінде ауған әйелдері зор жетістіктерге қол жеткізді. Миллиондаған қыздар қайтадан мектепке бара бастады. Қазір Ауғанстанда аймақ басқаратын әйел губернаторлар да бар. Парламенттің оншақты мүшесі - әйел адамдар.

Осындай прогреске қарамастан, Ауғанстан қоғамы әлі де консервативтік және ер адамдар үстемдік ететін сипатта қалып отыр. Бұл елде әйелдердің отбасында қорлық көруі, зорлықпен үйленуі - қалыпты жағдай. Елдің көбі әйелдердің қоғамдық қызметке араласуын қолдамайды. Әлем бойынша әйелдердің өзіне қол жұмсауы жағынан Ауғанстан алдыңғы орынға шыққан. Сондықтан жолы болған танымал кәсіпкер әйел ретінде Махбубқа қоғам тарапынан қарсылықтың болуы таңғаларлық жайт емес.

«ӘЙЕЛДЕРМЕН ӘРІПТЕС БОЛА АЛМАЙМЫЗ»

Махбубты қорқытып телефон шалатындар мен хат жазатындар көп болғандықтан, ол телефон нөмірі мен электрондық адресін ұдайы өзгертіп отырады. Әкесі Махбубты қолдайды. Бірақ әкесіне «Қызыңның қоғамдық қызметпен айналысуы - абыройсыз іс. Ол жұмыста ер адамдармен кездеседі, тіпті көлік жүргізеді» дейтіндер көп.
Қызыңның қоғамдық қызметпен айналысуы - абыройсыз іс. Ол жұмыста ер адамдармен кездеседі, тіпті көлік жүргізеді.


Махбубтың қол астында істейтін екі қыз бала айналасындағы адамдардың қысымына шыдамай жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Махбуб кемсітуді де талай рет басынан өткеріпті. Оның айтуынша, ауғандық клиенттер (көбі - ер адамдар) оның бас директор болып отырғанын мысқылдайды. Кейбіреулер тіпті әйел басқаратын компаниямен әріптес болудан бас тартады.

- Біз клиенттермен кездескенде, олар әйелдердің кәсіппен айналыса алатынына сенбейді. Күле қарайды. Тіпті біздің өнімді сатып алатын болса да, ер адамдар ұсынатын бағадан төмен бағаға алғысы келеді, - дейді ауған кәсіпкері.

Бірақ осындай кедіргілерге қарамастан, Махбубтың кәсібі өркендеп келеді.

«ҚАРУЛЫ ҚАУЫМҒА ҚОСЫЛМАҢДАР»

Afghan Citadel Services фирмасында дәл қазір жасалып жатқан және аяқталған бірнеше жоба бар. Олардың бағасы шамамен 500 мың доллар болады.

Компанияның осыған дейінгі атқарған жобаларының ішінде ауған ауруханаларына арналған, пациенттерді бақылайтын жүйе және жекеменшік мектептер мен университеттерде оқитын студенттерді тіркеп отыратын бағдарламалар бар.

Таяуда ғана компания Кабул қаласынан тағы бір жаңа кеңсе ашты. Махбуб компания қызметіне сұраныс өскен соң, штатқа тағы да бірнеше жұмысшы алды.

Компания қазір басқа секторларда да дамып жатыр. 2012 жылдың басында фирма онлайн-фильмдер жасайтын Film Annex фирмасымен әріптес болды.
Біз өзіміздің құқығымыздың бар екенін ұғынуға міндеттіміз. Біз қоғамға көп өзгеріс және бейбітшілік әкеле аламыз.


Бұл жоба Ауғанстандағы оқиғаларды видеоға түсіріп, адамдардан сұхбат алып, жаңа клиптер түсіріп, оларды әлемге тарату арқылы Ауғанстанның жаңа бейнесін жасауды мақсат тұтады. Компания мектеп оқушыларын сырт әлемге жалғағысы келеді. Одан бөлек балаларды қарулы адамдарға қосылмауға үгіттеу үшін ауған орта мектептерін интернетпен қамтасыз етуді қалайды. Сол үшін де олар Film Annex фирмасымен бірлесіп жұмыс істемек.

Бірақ Махбуб үшін бұл жоба кәсіп, болмаса пайданың көзі ғана емес. Ол «менің негізгі мақсатым - ауған әйелдері үшін үлгі болу» дейді.

- Менің ауған әйелдеріне айтқым келетіні - олар өмірлерін өзгертуге дайын болуы тиіс. От басы, ошақ қасында қалып, «Әйел болған соң үйде отырмыз. Осыған көнбегенде қайтеміз?» демеуі керек. Біз өзіміздің құқығымыздың бар екенін ұғынуға міндеттіміз. Біз қоғамды өзгертіп, бейбітшілік орната аламыз. Қала берді Ауғанстан экономикасының өркендеуіне де үлес қосамыз, - дейді Махбуб.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім).
XS
SM
MD
LG