Accessibility links

Ауған мектептері мұғалім таба алмай отыр


Ауғанстан шенеуніктері білім жүйесіндегі үлкен проблема білікті мұғалімдердің аздығы екенін айтады. Лағман провинициясы, қараша 2012 жыл.
Ауғанстан шенеуніктері білім жүйесіндегі үлкен проблема білікті мұғалімдердің аздығы екенін айтады. Лағман провинициясы, қараша 2012 жыл.
Ауғанстан үкіметі елдегі білім беру жүйесін дамытуға кірісті. Бірақ аймақтардағы мектептерге білікті мұғалім табу қиын мәселеге айналып тұр.

«Ауғанстандағы білім беру жүйесіне мектеп ғимаратының аздығы мен соғыс қаупі кесірін тигізіп жатыр» деген ақпарат бұған дейін жиі айтылатын. Енді Ауғанстан үкіметі балабақшадан бастап, 12-сыныпқа дейінгі білім беру жүйесіне реформа жасамақ.

Ауғанстандағы мектеп мәселесін Азаттық тілшілері Рон Синовиц пен Зариф Назар зерттеді.

«ҰСТАЗДАР БІРНЕШЕ МИНУТ ҚАНА САБАҚ БЕРЕДІ»

15 жасар Шейла есімді ауған қызының Кабулдың шетіндегі босқындар лагеріндегі мектепте оқып жүргеніне бірнеше жыл болды. Бірақ ол осы күнге дейін аты-жөнін жаза алмайды. Шейла:

- Мен мұнда Құран, математика, парсы, пуштун және ағылшын тілін, барлығы - 11 пән оқуға міндеттімін. Бірақ мектепте сабақ болмайды. Себебі мұғалімдер сабаққа бірнеше минутқа ғана келіп кетеді. Біз сабақта бос отырамыз, - дейді.

Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Тахар өлкесінде де осындай жағдай. Екі баланың әкесі Юнус:

- Мен Ауғанстандағы оқу жүйесіне көңілім толмайды. Мұғалімдерге де, басқарушыларға да, үкіметке де наразымын. Бала-шағамыз мектепке барады. Бірақ бірінші, екінші сыныпта ештеңе үйренбейді. Тіпті 12-сыныпқа дейін білім алып жарытпайды. Керек десеңіз, 12-сыныптың оқушылары аттарын жаза алмайды. Білім министрі мұғалімдерге жалақы төлегенімен, балалардың сауаты ашылып жатқан жоқ, - дейді.
Бірінші, екінші сыныпта ештеңе үйренбейді. Керек десеңіз, 12-сыныптың оқушылары аттарын жаза алмайды. Білім министрі мұғалімдерге жалақы төлегенімен, балалардың сауаты ашылып жатқан жоқ.


Азаттық радиосының ауған бөліміне оқушылар мен ата-аналардан осындай шағымдар түскен. Айтуларынша, ауылдық жерлерді жемқорлық жайлаған. Пәрменді әскери командирлер ешқандай білігі жетпесе де мұғалімнің жалақысын алу үшін достары мен туыстарын ұстаз етіп мектептерге орналастырып жатыр.

Білім министрінің орынбасары Мохаммед Сыдық Патман:

- Үкімет мұндай шағымдардың көбейіп бара жатқанынан хабардар. Бірақ мектепте бірнеше жыл оқыса да жазу-сызуды білмейтін студенттер қаптап кетті деген сынды түгел қабылдай алмаймыз. Алайда мұндай проблеманың көптеген аудандар мен мектептерде бар екені рас, - деді.

«ЖАППАЙ ТЕКСЕРЕМІЗ»

Патман Азаттық тілшісіне «білім министрлігінің сегіз миллион оқушысы бар мектеп жүйесін тексеруге дайындалып жатқанын» айтты. Министрлік балабақшадан бастап, 12-сыныпқа дейінгі барлық мектептерді тексеріп, білім беру саласының сапасы мен оқу жоспарын жаңарту үшін қандай реформалар қажет екенін анықтамақ. Бұл тексеріске штатында 190 мың мұғалімі бар 14 мың мектеп түгел ілінбек. Ұстаздардың үштен бірі - әйелдер. Мохаммед Сыдық Патман:

- Бірінші сынып пен 12-сынып аралығындағы білім бері жүйесі реформаға мұқтаж. 21 ғасырдың оқу стандарттарын енгізу керек. Қазіргі білім жүйесі адамдарды бюрократ басшы болуға тәрбиелейді. Бізге бюрократ басшылардың керегі шамалы. Практикалық теория мен технологиядан хабары бар мамандар қажет. Батыста компьютер, не болмаса басқандай технологиялар 100 адамның жұмысын атқарады. Бізге керегі – осы, - деді.
Ауғанстан білім министрінің орынбасары Мохаммед Сыдық Патман. Кабул, 30 сәуір 2011 жыл.
Ауғанстан білім министрінің орынбасары Мохаммед Сыдық Патман. Кабул, 30 сәуір 2011 жыл.

Ұлыбритания ақпарат құралдары таяуда соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығымен айналысатын Гильменд өлкесінде мектептер салу үшін миллиондаған доллар бөлінгенін, мұнша шығынның шамадан тыс екенін жарыса хабарлап жатты. Ал Ауғанстан үкіметі қаржы мен ұстаздардың жетіспеуінен бар мектептің өзін пайдалана алмай отыр.

Британияның Ауғанстандағы елшісі Ричард Стагг Guardian басылымына берген сұхбатында Ауғанстандағы осы проблемаға орай, «адам капиталына емес, физикалық және техникалық ресурстарды күшейтуге күш салу дұрыс емес» деді.

«МЫҢ ДОЛЛАР ЖАЛАҚЫҒА КЕЛІСПЕЙ ЖАТЫР»

Шындығында Ауғанстан басшылары «Тұрақсыз аймақтардағы мектептерде 100 доллар жалақыға жұмыс істеуге келісетін мұғалім табу мүмкін емес. Одан бөлек, «Талибан» үстемдік етіп тұрған аудандарда мықты мұғалімдер қарулы адамдардың қолынан қаза табады» деп қауіптенеді.

Биыл білім министрі «Урузган өлкесіндегі талибандар тұратын Қандағар қаласында еңбек еткен білікті ұстазға айына 1000 доллар жалақы төлейміз» деп мәлімдеді. Ал Мохаммед Сыдық Патман:

- Нормадағы жалақыдан он есе артық ақша табатын мүмкіндікке қарамастан, білікті мамандардың бірде-біреуі бұл ұсынысты қабылдаған жоқ, - дейді.
Нормадағы жалақыдан он есе артық ақша табатын мүмкіндікке қарамастан, білікті мамандардың бірде-біреуі бұл ұсынысты қабылдаған жоқ.


Германия үкіметі 2002 жылдан бері Ауғанстандағы жалпы білім беру мен ұстаздарды дайындайтын оқу курстарына 10 миллионнан аса доллар бөлген.

Германия үкіметінің 2010 жылы жасаған баяндамасында «Ауғанстанда мұғалімдер дайындайтын арнайы бағдарлама бойынша білім алған ұстаздардың өте аз екені» айтылған.

Германия қазір Ауғанстанда ұстаздарды бірнеше аймақта дайындау туралы бастамаға көбірек көңіл бөліп отыр. Қараша айының басында Кабулда Германия қаржыландыратын орталық тағы бір жоба бастады. Бұл орталық мұғалімдер біліктілігін көтерумен айналысады.

«ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ЖЕЛГЕ ҰШТЫ»

Осы жобаның бір бөлшегі ретінде Ауғанстан үкіметі биыл жаңадан 11 мың ұстазды жұмысқа шақырмақ. Одан бөлек, орта мектепті толық бітірген 48 мың оқушыны мұғалімдік қызметке дайындамақ.

Ауғанстан үкіметі сонымен қатар елдің шет аймақтарындағы мұғалімдер семинарын қаржыландырмақшы. Алайда ол семинарларға қатысқан кейбір ұстаздар «қыруар қаржы желге ұшты» дейді.

Құндыз өлкесіндегі орта мектептің ұстазы Азаттық тілшісіне:

- Осы айда Құндыз өлкесінде Ауған үкіметі қаржыландырған семинар басталғанымен, мұғалімдерге білім бере алмайды. Семинардың соңы сиырқұйымшақтанып кетті, - деді.

Аты-жөнін айтқысы келмеген мұғалім:
Кабул қаласындағы орта мектеп. Ауғанстан, 5 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Кабул қаласындағы орта мектеп. Ауғанстан, 5 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Мұнда ұстаздарды дайындайтын нақты ереже жоқ. Оны айтпағанда, не кітаптар, не оқытатын құрал жоқ, микроскоп сияқты ғылымға қызықтыратын зертханалық саймандар да жоқ. Меніңше, бұл семинарларға бөлінген көп ақша зая кетті. Үйренетін түк жоқ. Бұл жақсылық емес, - дейді.

Азаттық тілшілері Құндызда өтіп жатқан семинар жайлы Патманнан сұрағанда ол таңғалып:

- Білім министрлігі бұл жайттарды тексереді, - деді.

(Мақаланы аударған - Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG