Accessibility links

Зерттеу: ерте тұрмыс құрғандар арасында ажырасулар көп


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Тәжікстанда жүргізілген зерттеу ерте және күштеп неке қиғызудың соңы отбасылық кикілжің және ажырасумен аяқталатынын көрсеткен. Мұндай жағдайда тұрмыс құрған кейбір қыздар өз-өзіне қол жұмсайды дейді зерттеу авторлары.

"Тәжікстандағы ажырасулар мен суицидтердің себебі - ерте қиылған неке" атты зерттеуді Тәжікстандағы журналистік зерттеу орталығы канадалық жергілікті бастамалар қорының қолдауымен жүргізген. Оның қорытындысы ақпанның 18-і күні Душанбеде таныстырылды.

Сауалнамаға елдің 17 қаласы мен ауданында 2,5 мың адам қатысқан.

Респонденттердің 45 пайызы ерте үйлену немесе тұрмыс құрудың соңы отбасы кикілжіңдерімен аяқталуы мүмкін деп айтқан. Сұралған азаматтардың 36 пайызы мұндай некелер арасында ажырасулар көп екенін жеткізген.

Хуршед Атовулло
Хуршед Атовулло

Тәжікстанның журналистік зерттеу орталығының директоры Хуршед Атовуллоның айтуынша, зерттеудің мақсаты - жас отбасылар арасындағы ажырасулардың себептерін анықтау және әйелдердің өз-өзіне қол жұмсауына қандай жайттар итермелейтінін білу болған. Оның айтуынша, әдетте бұл саладағы ресми деректер шындыққа сәйкес келе бермейді.

Респонденттердің пікірінше, ерте қиылған некелердің көбеюіне негізінен сауатсыздық, жергілікті менталитет, кедейшілік және діни факторлар әсер етеді.

"АТА-АНАЛАР БІЛУІ ТИІС"

Зерттеу авторларының пікірінше, Тәжікстанда күштеп некесін қиғызу - үлкен әлеуметтік мәселе, себебі көп жағдайда балаларына қалыңдық пен күйеу баланы ата-аналар өздері таңдайды. Ата-аналар олардан артық балаларына лайықты жарды ешкім таба алмайды деп есептейді.

Бірақ соған қарамастан сұралғандардың 57 пайызы "болашақ жарын жастардың өздері таңдауы тиіс" деп айтқан.

"Бұл жақсы нәрсе, тәжік қоғамы күштеп некесін қиғызу немесе ата-аналардың балаларына жар таңдап берудің соңы жақсылықпен аяқталмайтынын түсіне бастаған" делінген зерттеуде.

Онда сонымен бірге ерте және күшпен некесін қиғызу Тәжікстанның барлық өңірінде кездесетіні жазылған.

"Елде тәжірибесіз, жас қыздарын ерте тұрмысқа беретін отбасылар әлі де көп. Білімі жоқ, кәсіп меңгермеген мұндай қыздар жаңа отбасындағы міндеттерді атқара алмай, жиі ажырасады. Бұл уақытта олардың балалары да дүниеге келеді. Көп жағдайда олардың кейбірінің суицидке барудан басқа амалы қалмайды" делінген зерттеуде.

Зерттеу авторларының жазуынша, "қыздарды мүмкіндігінше ертерек күйеуге беру керек" деген қоғамдағы стеоротип ерте қиылған некелер санының көбеюіне ықпал етіп отыр. Респонденттердің 30 пайызы қыздарын тұрмысқа ерте беруді жақтаған.

Әрбір сұралған үшінші азамат ерлі-зайыптылардың ажырасуына қыздардың сауатының төмендігі және ата-аналарынан алыста тұруы себеп деп айтқан.

"КӘРІ ҚЫЗ БОЛЫП ҚАЛМАСА ИГІ ЕДІ"

Ерте және күшпен некесін қиғызу мәселесі соңғы уақытта тәжік қоғамын алаңдатып отыр. Жыл сайын мыңдаған қыз мектепті бітіре сала тұрмысқа шығады.

Тәжікстандағы некеге қию рәсімі
Тәжікстандағы некеге қию рәсімі

Хамадони ауданының тұрғыны Махино Холикова 18-ге толғанда ата-анасы "кәрі қыз болып қалмасын" деп өзі жақсы танымайтын адамға күйеуге берген. Қазір ол 27 жаста. Жеті жыл тұрмыста болған соң күйеуімен ажырасып, екі баласымен бірге ата-анасына қайтып келген.

"Күйеуімнің үйінде маған күн көрсетпеді. Күн сайын күйеуім маған кез-келген нәрсені сылтауратып ұрып-соқты. Шыдадым, бірақ күндердің күнінде шыдамым шегіне жетіп, күйеуімнен кетем деп шештім. Әйтпесе мұның арты жақсылыққа апармайтын еді" дейді әйел.

Ол мұндай оқиғалар қайталанбас үшін қыздар болашақ күйеуін жан-жақты танып-біліп барып, өз еркімен тұрмыс құруы керек деп есептейді.

"МЕКТЕПТІ БІТІРГЕН ҚЫЗДАРДЫҢ ЖАРТЫСЫН КҮЙЕУГЕ БЕРЕДІ"

Құқық қорғаушылардың пікірінше, ерте және күшпен қиғызған неке жас қыздардың денсаулығы мен оның одан арғы өміріне зор ықпал етеді.

Ерте қиылған некеге байланысты тәжік қоғамында түрлі пікір бар. Кейбір тұрғындар қыздарды жас кезде күйеуге бермесе, кейінірек "кәрі қыз атанып, оны ешкім алмайды" деп есептейді. Олардың ойынша, егер болашақ күйеу жігітке қалыңдықты ата-анасы таңдап берсе, жас қыздың тәжірибесіз болғаны да жақсы.

Ал ерте тұрмыс құруға қарсы азаматтар "қыздар болашақ күйеуін өздері таңдауы тиіс, оларды бұл құқығынан айырмауы керек" деп есептейді.

Ресми дерекке сүйенсек, Тәжікстанда мектепті бітірген қыздардың жартысын оқуын бітіре сала ата-аналары күйеуге береді. Олардың арасында соттың рұқсатымен 17 жасында тұрмыс құрғандар да бар. Тәжікстан заңы бойынша, қыздар 18 жасқа толған соң ғана тұрмыс құра алады.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG