Accessibility links

"Феминизмді радикалды қозғалыс деп ойлаппын"


FemAgora фестиваліндегі қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменованың «Келін 2» картинасы. Алматы. 10 наурыз, 2018 жыл.

Алматыда үш күн бойы ұйымдастырушылар "Гендерлік теңдік апталығы" деп атаған FemAgora фестивалі өтті. Ол Қазақстанда халықаралық әйелдер күні мерекесімен қатар өтті.

TEDXABAYSTWOMEN КОНФЕРЕНЦИЯСЫНАН FEMAGORAҒА ДЕЙІН

Фестивальді өткізу бастамасы - алматылық тұрғын Молдияр Ергөбековтің идеясы. Ол - өнертану докторы. Алматыдағы Сүлейман Демирель атындағы университетте жұмыс істейді, бұқаралық ақпарат құралдары мен кино саласындағы зерттеулермен айналысады.

- 8 наурыз мерекесін еліміздегі гендерлік проблемалар туралы пікір таластырып, лайықты етіп тойласақ деп баяғыдан армандайтынмын. Бізде шығармашылық мамандықтардың (ғылым, мәдениет, БАҚ саласы) әйел өкілдері наградадан құр қалатынын, оларға дұрыс көңіл бөлінбейтінін үнемі байқайтынмын. Сырласып, пікір бөлісе алатын, тіпті әйелдерді марапаттауға болатын мәдени платформа құрғым келді. Биыл награда болған жоқ, келер жылы болатын шығар деп үміттенемін, - дейді Ергөбеков Азаттық тілшісіне.

Ұйымдастырушылар фестивальді енді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. FemAgora фестивалін ұйымдастыруға гендерлік мәселелер мен білім жөніндегі кеңесші маман Лейла Махмудова мен режиссер Сүйінбике Сүлейменова көмектескен.

Ертеректе Молдияр Ергөбеков ТED (бейнелі әрі шабыт шақыратын форматта пікір алмасатын ғаламдық алаң) лицензиясы бойынша әйелдердің шығармашылықпен айналысып, әлемді өзгерту мүмкіндіктеріне арналған тәуелсіз шара - ТEDxAbayStWomen конференциясын Лейла Махмудовамен бірлесіп Алматыда екі жыл өткізген.

Жаңа фестивальге қаржылай демеу көрсеткен Фридрих Эберт қоры (Германия) үзіліс кезіндегі кофе-брейк, түскі ас шығынын ғана емес, өзге елдерден келген спикерлердің сапар шығынын да көтеріп алған.

ӘЙЕЛДЕР САЛҒАН КАРТИНАЛАР КӨРМЕСІ

FemAgora фестивалі суретші әйелдер шығармаларының «Қолданбалы емес» («Неприкладное») деп аталатын көрмесімен ашылды. SmartPoint залының (Almaty Towers бизнес орталығы) кіреберісіне таяу қойылғандықтан, фестивальдің үш күнінде де олардың шығармаларын залға кірген кез-келген адам тамашалай алды. Көрмедегі шығармалар фестиваль жабылған күннің ертеңінде кешке дейін тұрды.

Суретші Сәуле Сүлейменова «Келін 2» картинасының қасында тұр. Алматы. 10 наурыз, 2018 жыл.
Суретші Сәуле Сүлейменова «Келін 2» картинасының қасында тұр. Алматы. 10 наурыз, 2018 жыл.

«Келін-2» картинасын авторы Сәуле Сүлейменова таныстырды. Азаттық тілшісі суретшіден шығармасы туралы айтып беруін өтінген еді.

- Картина «фотосуреттегі кескіндеме» техникасымен салынған. Оны Лондонда салғанмын. Көшеден жалаңаш әйел бейнеленген жапсырма қағазды көріп қалдым. Шамасы, бұл стрит-арт жанрының бір түрі болса керек. Әлгі арт-объектімен диалог жүргіздім. Келін образын жиі пайдаланамын, фотосуреттерде пайдаланатын образдардың бәрі архив фотосуреттеріне негізделеді. Ал мына картина 19 ғасырда түсірілген әрі қалыңдық костюміндегі қыз баланың фотосуретіне негізделген.

Тағы бір картинаны қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаева салған. «Суретші және экономика» топтамасына кіретін бұл картина «Феминизмге бәрібір келеміз» (Feminism is inevitable) циклының бірі бөлігі. Қазір Алмагүл Меңлібаеваның бұл топтамасы Астанада өтіп жатқан «Жасыл, сары, қызыл және тағы жасыл» деп аталатын жеке көрмесінде тұр. Feminism is inevitable («Болмай қоймайтын феминизм») деп жазылған этикеткасы бар шарап - циклдің бір бөлігі. Алматыдағы фестивальде ол ішілген жоқ, бірақ БАҚ-тың хабарлауынша, Астанада көрмені ашқан кезде «феминистік» шараптың дәмін татып көргендер болған.

Алмагүл Меңлібаеваның Feminism is inevitable цикліндегі туындыларының бірі. Алматы. 8 наурыз, 2018 жыл.
Алмагүл Меңлібаеваның Feminism is inevitable цикліндегі туындыларының бірі. Алматы. 8 наурыз, 2018 жыл.

Қатипа Апа (суретшінің шығармашылық бүркеншік есімі) көрмеге «Қиямет соты» коллажын шығарған. Автор өз жұмысын икона деп атап, сипаттамасында былай деп жазыпты: «Қатипа апаның иконасы христиан дініндегі алқабилерден тұратын қорқынышты сот туралы аңызға жетелейді. Соттағы алқабилердің бәрі - әйелдер. Өйткені Қатипаның айтуынша, әйелге қалай қарасаң, жазмышың да сондай болады. Қорқынышты сот педагогикалық кеңес жиынына ұқсайды. Өзге діндерден айырмашылығы «қатипаапизмде» сот өмірдің басында (алғашқы 18 жылында) өтеді. Қатипаапалық психологтардың мәлімдеуінше, алқабилердің Қорқынышты соты біздің Супер-Эгомызды қалыптастырып, жақсы қылықтарымызды сүйіспеншілікпен, жаман қылықтарымызды жаратпай бақылау арқылы психикамызда ғұмыр бойы тіршілік етеді екен».

Қатипа апаның «Қиямет соты» картинасы. Алматы. 8 наурыз, 2018 жыл.
Қатипа апаның «Қиямет соты» картинасы. Алматы. 8 наурыз, 2018 жыл.

КИНО ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР

Фетивальдің екінші күні киноға арналды. Орталық Азия елдерінде тұратын әйел режиссерлер түсірген фильмдер көрсетілді. Көбі - қазақстандық фильмдер. Бірақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан да әкелінген фильмдер болды. Бағдарламаға 20 шақты қысқа метражды және үш толық метражды фильм енген.

Толық метражды үш фильмнің екеуін кинематографияда есімдері белгілі қайраткерлер түсірген. Жанна Исабаева шетелде бірнеше кинофестиваль наградасын алған «Нағима» (2013 жыл) фильмін ұсынды. Бұл фильм Францияда тіпті прокатқа да шыққан. Ал Қазақстанда «Нағиманы» көргендер аз, өйткені кинокартина жергілікті прокатқа шыққан жоқ. Бірақ авторлық кино бағытында түсіретін қазақстандық авторлардың көп фильмдерінің тағдыры осындай.

Фильм балалар үйінің түлектері – екі қыздың тағдыры жайлы. Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, фильмнің шетелдік көрермендері кейіпкер қыздардың тұрмысын көріп қайран қалған. Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданындағы лашық үйді олар декорация екен де ойлаған. Ал қазақстандықтардың бір бөлігі шынымен қайыршыларға арналған геттоға ұқсайтын жерде тұратынын естігенде қайран қалған.

Фестивальде «Қыз абыройының салмағы» деректі фильмін өзбекстандық мейман - Вацлав Гавел атындағы "Шығармашылық қарсылығы үшін" халықаралық сыйлығының 2016 жылғы лауреаты Умида Ахмедова таныстырды. 2008 жылы түсірілген «Қыз абыройының салмағы» фильмі қалыңдықтың алғашқы неке түніне дейін пәктігін сақтау проблемасы мен бұған өзбек отбасыларының көзқарасын баяндайды. Екі жылдан кейін Ташкент соты Умида Ахмедованы «Жала жабу» және «Қорлау» баптары бойынша үш жылға соттаған. Бұл фильм оны сотпен қудалауға түрткі болған. Бірақ ол Өзбекстан тәуелсіздігінің 18 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босап шыққан еді. Авторлары «Қыз абыройының салмағы» фильмін YouTube сайтында жариялаған.

Режиссер Умида Ахмедова (Өзбекстан). Алматы. 8 наурыз, 2018 жыл.
Режиссер Умида Ахмедова (Өзбекстан). Алматы. 8 наурыз, 2018 жыл.

Толық метражды үшінші фильм – «Ертең теңіз» («Завтра море») картинасын Катерина Суворова түсірген (2016 жыл). Фильм Арал теңізі аймағы мен оның тұрғындары туралы баяндайды. Шетелдік бірнеше кинофестивальде (Швейцарияның Локарно кинофестивалінде, Польшада, Ресейде, Тайваньда) көрсетілген кинолентаның Қазақстандағы прокаты шектеулі болған. Оны Алматыдағы «Арман» кинотеатрында ғана көрсеткен.

Кинофестиваль «Орталық Азиядағы әйел және кино» тақырыбында өткен пікірталаспен аяқталды. Халықаралық құрамдағы спикерлер тобында қазақстандық, өзбекстандық, қырғызстандық кинотанушылар, режиссерлер, продюсерлер болды. Олар модератор Молдияр Ергөбековтің көмегімен «Әйелдер киносы бар ма?», «Әйел режиссерлер неліктен көбінесе ер адамдар туралы фильм түсіреді?», «Фильм түсіруге ақшаны қалай іздейді?», «Орталық Азияда әйелдер киносының болашағы бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеді.

Кино тақырыбын талқылау. Алматы. 9 наурыз, 2018 жыл.
Кино тақырыбын талқылау. Алматы. 9 наурыз, 2018 жыл.

Әйелдер киносы барын пікірталас спикерлері түгелдей мойындайды. Бұған әйел режиссерлер, әйел продюсерлердің болуы дәлел. Бірақ Жанна Исабаеваның сөзінше, Қазақстанда әйелдер түсірген фильм аз. Бұған қоса, кей спикерлердің шығармашылығына қарағанда, әйелдерге кино түсіру қиын. Мысалы, Жанна Исабаеваның мәлімдеуінше, кинематография саласында әйел ретінде кемсітушілікке ұшыраған, әлі де ұшырап келеді. Ол «фильм түсіруге ақшаны өзімнің іздеуіме тура келеді, мемлекет қарайласпайды» деп қынжылады. Соңғы түсірген «Света» фильміне ол «17 мың шартты бірлік» ғана жинай алған әрі фильмді осы ақшаға түсірген.

Кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның пікірінше Орталық Азияда әйелдер киносының болашағы бар. Ол мұны кинематографист студенттердің жұмыстарынан байқаған. Сондықтан ол әйелдерден сапалы фильмдер күтеді.

ТАНЫМДЫҚ СИПАТТАҒЫ ДӘРІСТЕР

Фестивальдің үшінші күні бағдарламасында гендерлік мәселеге байланысты жеті тақырып қозғалды. Баяндамалардың бірін Молдияр Ергөбеков жасады. «Феминизм қазақ тілінде сөйлей ме?» деген лекциясында ол Қазақстан баспасөзіндегі феминизм тақырыбын қозғады.

- Меніңше, қазақ тілді контентке орыс тілді контент әсер етеді. Ресейдегі ішкі саяси жағдайдың Қазақстанға тигізетін әсері сияқты. Сондықтан гендерлік мәселелерге осы қырынан қарадым, - дейді ол.

Молдияр Ергебеков. Алматы. 9 наурыз, 2018 жыл.
Молдияр Ергебеков. Алматы. 9 наурыз, 2018 жыл.

Молдияр Ергөбеков мемлекеттік екі газет – «Казахстанская правда» мен «Егемен Қазақстан» басылымдарының контентіне жүргізген мониторинг туралы айтып берді. Ол 8 наурызға арналған мақалаларды салыстырып шықты. Оның сөзінше, қазақ тілінде шығатын «Егемен Қазақстан» газетінде 8 наурыз мерекесі Аналар күні және Арулар күні ретінде көрсетіледі. Спикердің мәлімдеуінше, ал «Казправдада» бұлай емес. Бұл газетте әйел отбасының ұйытқысы, адамзаттың «басым әрі тәуір бөлігі» ретінде көрсетіледі. «Казахстанская правдамен» салыстырғанда, «Егемен Қазақстан» консервативті ұстанымдағы басылым болғанымен, екі газет де әйелдерге бірдей қарайды.

Екінші лектор Әмір Шайкежанов сөзінің бір бөлігін әйелдердің биік өкшелі туфлиін киіп тұрып сөйледі. Мұның себебін аудиторияға фестиваль гендерлік теңдікке арналғандықтан, биік өкшелі аяқ киіммен жүріп көруді ұйғардым деп түсіндірді. Оның айтуынша, екі жыл бұрын Ұлыбританияда қызметкер әйелдердің бірін кеңседе биік өкшелі туфли киіп жүру талабын орындаудан бас тартқаны үшін жұмыстан шығарып жіберген оқиға болған. Соңына қарай ол «мынамен қалай жүре аласыздар?» деп туфлиді шешіп тастады.

Белсенді Әмір Шайкежанов. Алматы. 10 наурыз, 2018 жыл.
Белсенді Әмір Шайкежанов. Алматы. 10 наурыз, 2018 жыл.

Әмір Шайкежанов «Патриархатты қоғам ер адамдарға неге жайсыз әсер етеді?» деген қызық тақырыпты қозғады. Оның сөзінше, әйел я ер кісі болсын, кез-келген адам - қоғам талап ететін әлдебір қасиеттердің, функциялардың жиынтығы. Сондықтан даралануға мүмкіндік жоқ. Адам әлдебір талаптарға сай болуы тиіс. Баяндамашының пайымынша, тұлға емес, адамның функционалын маңызды санайтын кез-келген жүйе өзін де, оның ішіндегі жандарды да біртіндеп аздырады.

Спикер Елена Иванова лесбофобия туралы, қоғамда лесбилерге қатысты қалыптасқан стереотиптер туралы айтып берді.

- Стереотиптерге қарамастан, лесбилер топас жандар емес, ер адамдар бізді жақсы көреді, - дейді ол.

Биылғы жылдың басында Алматы кинотеатрларының бірінде болған оқиғаны ол лесбофобияның мысалы ретінде келтірді. Бір ер адам залда екі бойжеткеннің сүйісіп отырғанын көрген. Ол мұны видеоға түсіріп алған әрі айыптаған мәтін жазып, интернетке салған болатын. Feminita қазақстандық феминистер ұйымы бойжеткендерге араша түсіп, оларды заңмен қорғауға ақша жинауды ұйымдастырған болатын.

Азаттық тілшісі қатысқан тағы бір лекцияны Мәскеуден келген қонақ оқыды. Елена Рыдкина «Денеміз туралы мифтер. Өзіңнің сексуалдық тартымдылығыңды сезіну» тақырыбына баяндама жасады. Лектор өзін секс-ағартушы ретінде таныстырды. Ол лекциясында қыздық абырой, оргазм, сексуалдық коммуникация сияқты мәселелерді қарастырып, өзі қозғаған мәселелерге қатысты пікірін айтты. Мысалы, оның пікірінше, бойжеткен алғашқы неке түніне дейін пәктігін сақтауы тиіс деген қоғам талабы орынсыз, бұл маңызды емес.

ТЫҢДАРМАН ПІКІРІ

Фестиваль аясында өткен шараларға келушілердің дені қыздар болды. Бірақ жігіттер де келіпті. Келушілердің фестиваль жайлы ойларын білу үшін Азаттық тілшісі кейбірін әңгімеге тартты. Бірақ әңгімелескендердің бәрі фестиваль шараларының бәріне емес, кейбіріне ғана қатысқанын ескерген жөн.

Лекцияға қатысушылардың бір тобы. Алматы. 10 наурыз, 2018 жыл.
Лекцияға қатысушылардың бір тобы. Алматы. 10 наурыз, 2018 жыл.

Перизат (болашақ журналист):

- Көп нәрсені, мысалы, лесбофобияның не екенін, Қазақстандағы феминизмді қалай түсіну керегін ұқтым. Осындай шара пайда болғанына қуаныштымын. «Қыз абыройының салмағы» фильмін көріп үлгердім, маған ұнады.

Алмас (телекоммуникация саласы):

- Бұрын мән беріп, ойланбаған тақырыптар болды. Негізі, Қазақстанда феминизм көп қозғалмайтын тақырып қой.

Мақсат (банк саласы қызметкері):

- Феминизмнің не екенін енді ұқтым. Бұрын әлдебір радикалды қозғалыс шығар деп ойлайтынмын. Енді пікірім өзгерді.

Майя (банк саласы қызметкері):

- Мен үшін феминизм – өзекті тақырып. Теңсіздікті өміріміздің әр саласынан жолықтыруға болады. Ер адамдар теңсіздікті көбінесе байқамайды, ал біз үшін жанға бататын мәселе. Мұнда келген кезде залда ер адамдар да көп екенін көріп қуанып қалдым. Феминизм тақырыбы оларды да толғандырады екен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Минскіде "Шығыс Еуропа: баршаның қауіпсіздігі жолында" форумы өтеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG