Accessibility links

Ауған көкпары туралы фильм Голливудқа жетті


Ауғанстанның жас актерлері Фавад Мохаммади мен Джаванмард Пайз АҚШ-тың в Лос-Анджелес қаласына келді. Лос-Анджелес қаласының халықаралық әуежайы, 20 ақпан 2013 жыл.
Ауғанстанның жас актерлері Фавад Мохаммади мен Джаванмард Пайз АҚШ-тың в Лос-Анджелес қаласына келді. Лос-Анджелес қаласының халықаралық әуежайы, 20 ақпан 2013 жыл.

«Оскар» сыйлығына ұсынылған «Көкпаршы балалар» қысқаметражды фильміне түскен ауғандық жасөспірім актерлер Голливудқа келді, олар жексенбі күні марапаттау рәсіміне қатысты.

Бұл фильм Оскардың «үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін жеңіп алды.

Интернет арқылы жиналған ақшаның арқасында ауған актерлері Фавад Мохаммади мен Джаванмард Пайз ақпанның 20-сы күні АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласына ұшып келді. Олар Оскардың марапаттау рәсіміне шақырылған.

Фильмде Кабул қаласында тұратын кедей екі баланың өмірі баяндалады. Олар қайыршылықтан құтылу үшін көкпарға қатысады. Бұл ойында салт аттылар басы кесілген серкені бәсекелестерінің қолынан тартып алуға тырысады.

АУҒАН АКТЕРЛЕРІНІҢ АРМАНЫ

Reuters агенттігі «14 жасар екі актер баланы Голливудқа апару үшін фильм продюсерлері интернетте ақша жинау науқанын ұйымдастырды» деп хабарлайды. Ақша жинаған Rally.org. веб-сайты «237 адам 11 мың 751 доллар аударып, қаржы қажетті 10 мың доллардан асып кетті» деп хабарлады.
"Көкпаршы балалар" фильмінің режиссері Сэм Фрэнч (сол жақта) кино түсіру алаңында оператормен сөйлесіп тұр.
"Көкпаршы балалар" фильмінің режиссері Сэм Фрэнч (сол жақта) кино түсіру алаңында оператормен сөйлесіп тұр.

Бұл ақша әлемнің 13 елінде (оның ішінде Құрама Штаттар, Үндістан және Германия елдері бар) тұратын қайырымды жандардан түскен. Ал Turkish Airlines авиакомпаниясы жас актерлер мен оларды ертіп жүретін адамға барып-қайту билетін сыйлады.

Reuters агенттігі «ұшақ Лос-Анджелес әуежайына қонған сәтте Фавад Мохаммади өзінің толқынысын жасыра алмады» деп жазады.

- Қатты толқып тұрмын, шексіз бақыттымын, фотосуретке де көп түстік. Шексіз бақыттымын, - дейді абдыраған Фавад Мохаммади.

Бұл жас актер әлем жұртының назарына 2012 жылы фильмге түсіп іліккен еді. Ол онда базарда Кабулдың географиялық картасын туристерге сатып жүретін жетім баланың рөлін ойнаған.

Фильм кейіпкерлерінің бірі - көше кезіп өскен жасөспірім, екіншісі – ұстаның баласы, ол әкесінің қараңғы шеберханасында күні бойы балта қайрайды.

Фавад Мохаммади «Бұл фильмге түскен соң өмірім қатты өзгерді. Көшеде жұрт мені танитын болды, көп адамдар менімен суретке түседі» дейді.

Джаванмард Пайз түсірілім кезінде Фавадом Мохаммадимен қалай достасқанын айтып берді.

- Екеуміз бір-бірімізге көмектесіп жүріп, дос болып кеттік. Фильм түсіріліп болған соң да достығымыз үзілген жоқ. Дос болып қалғанымызға қуанамыз. Әлі де дос болып қаламыз, - дейді Джаванмард Пайз.
"Көкпаршы балалар" фильмінің кадры.
"Көкпаршы балалар" фильмінің кадры.

Екі актер «Голливудта өткізетін бір апта ішінде барлық актерлерді көріп, Disneyland ойын-сауық саябағы мен Universal Studios киностудиясында болсақ» дейді.

Фавад Мохаммади актер Сильвестр Сталлонемен, ал Джаванмард Пайз актер Аль Пачиномен кездесуді армандайды.

Режиссер Сэм Фрэнч «Басты мақсатым – бір аптаға созылатын бұл сапарды есте қалатындай өткізу» дейді.

Reuters агенттігі Сэм Фрэнчтің «Соғыс, бомба, оқтан басқа дүниелерді сөз еткеніміздің өзі үлкен қадам деп ойлаймын. Осы фильм арқылы олардың да әлемнің басқа балалары сияқты кәдімгі жасөспірім екенін көрсеттік. Егер мұны жалпақ жұртқа кино тілімен жеткізе білсек, тамаша болар еді» деген сөздерін келтіреді.

Лос-Анджелес округінде жүрген Фавад Мохаммади мен Джаванмард Пайз Вашингтонға, фильмнің көрсетіліміне ақпанның 27-і күні ұшып барып, Кабулға наурыздың 1-інде қайтады.

АУҒАН КИНОСЫНА СЕРПІН БЕРГЕН ФИЛЬМ

Сэм Фрэнчтің бұл драмалық картинасы әлем жұртының ықыласына бөленді. Ол бірнеше рет халықаралық сыйлық алды, атап айтқанда Оскардың LA Shorts фестивалінде «ең үздік драма» номинациясы бойынша марапатталды. Фильмді американдық киноакадемия сыйлығына ұсынуға жол ашылды.
Фавад Мохаммади (оң жақта) мен Джаванмард Пайз (сол жақта) Беверли Хиллз қаласына келді. 21 ақпан 2013 жыл.
Фавад Мохаммади (оң жақта) мен Джаванмард Пайз (сол жақта) Беверли Хиллз қаласына келді. 21 ақпан 2013 жыл.

Небәрі 28 минутқа созылатын «Көкпаршы балалар» фильмі – толығымен Кабулда түсірілген алғашқы фильмдердің бірі. Бұл - жергілікті режиссерлерді үйрету арқылы ауған киноиндустриясын қалпына келтіру мақсатын көздеген Afghan Film Project өндірістік компаниясы шығарған тұңғыш фильм.

Кинокартина көп қиындықпен және үлкен іркілістермен екі жыл бойы түсірілді. Кабул сияқты соғыс жағдайындағы қалада кино түсіру кезінде көп қиындық туып, жұмыс талай рет тоқтап қала жаздаған.

Шетелде танылған фильм Ауғанстанды да дүр сілкіндірді. Бұл фильм талибандар режимінен кейін қирап қалып, енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан жергілікті киноиндустрияға шабыт берді.
XS
SM
MD
LG