Accessibility links

Тәліптер қалыңдық ете ме деп қорыққан ауғандар қыздарын жаппай тұрмысқа беріп жатыр


Жаппай неке қию рәсімін күтіп тұрған ауған қалыңдықтары. Кабул.
Жаппай неке қию рәсімін күтіп тұрған ауған қалыңдықтары. Кабул.

Он бес ай бұрын "Талибан" қозғалысы билікке келіп, мектептерді жаба бастағалы, елде қыздарды ерте әрі мәжбүрлеп тұрмысқа беру жиілеген. Көбі қызының қолын тәліптер сұрай ма деп қауіптеніп, осы қадамға барып жатыр.

Тәліптер билікке келген 15 айда ауған қыздарын ерте некелестіру жиіледі. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ауғандар бұған шарасыздықтан барып отыр. Олар басы бос қызды тәліптер өздеріне күштеп қалыңдық ете ме қорқады.

Ауғанстанда қыздардың мектепке баруына тыйым салынған. Елде гуманитарлық және экономикалық дағдарыс орнаған соң, оларға қысым күшейген. Ата-аналар үшін бұл асырауға тиіс адам санын азайту жолы болып отыр.

Гор уәлаятында тұратын 12 жастағы Қатира (аты-жөні өзгертілді) алты ай бұрын өзінен үлкен ер адамға атастырылғанын айтты.

"Тұрмысқа шыққым келген жоқ" дейді 7-сыныпта оқыған Қатира ол. "Бірақ әкем тұрмысқа шықпасам, тәліптер мені содырлардың біріне қосатынын ескертті".

Қатира сабақты жақсы оқыған. Сыныбының үздігі болып, болашаққа жоспар құрып жүрген. Ол өзі тұратын уәлаятқа дәрігер болып пайдасын тигізгісі келген.

Әке-шешесі оны "Талибанның" егде тартқан, екінші немесе үшінші әйел іздеп жүрген содырына тұрмысқа бергісі келмеген.

"Тәліптердің саясаты арманымыздың бәрін күйретті" дейді ауған қызы.

"Талибан" қозғалысы Гордағы мектепті жапқанда, 18 жастағы Фироза 11-сыныпта оқып, университетке түсуді жоспарлап жүрген.

Көп ұзамай оны отбасы еркінен тыс тұрмысқа берген.

"Отбасын құру арманымның бәрін күл-талқан етті" деді ол. "Үлкен қысымға ұшырадым, мәжбүрлі некеге келісуден басқа таңдауым болған жоқ".

Тәліптер билікке келгелі мәжбүрлі және ерте неке геометриялық прогрессиямен өсіп жатыр дейді Гор уәлаятында әйел құқықтары мәселесін көтеріп жүрген белсенді Шүкрия Шерзай. "Талибан" қозғалысы 2021 жылғы тамызда билікке келген еді.

Отбасылардың көбі қызын тәліптермен некеден қорғау үшін ерте тұрмысқа беріп жатыр дейді ол. Жақсы өмірді қалаған соң мәжбүрлесе де, бұл отбасы құрылымына кері әсер етіп жатыр.

"Мәжбүрлі немесе ерте неке отбасындағы зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктерге алып келді" дейді ол Азади радиосына.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары да осындай тенденцияларды байқаған. "Талибан" билігі кезінде Ауғанстанда ерте және мәжбүрлі неке өсіп жатыр" деп жазылған Amnesty International ұйымының шілдедегі есебінде.

Мұның себебі экономикалық және гуманитарлық дағдарыс, әйелдердің білімі мен кәсіби болашағының болмауында жатыр дейді Amnesty International зерттеушісі Николетт Уолдман.

Көбінде тәліптерден басқа таңдау бола бермейді.

"Отбасылар әйелдер мен қыздарды "Талибан" мүшесіне тұрмысқа шығуға, ал тәліптер оларды неке қиюға мәжбүрлейді" деді ол.

Уолдман "Талибан" билікке келгелі ауған әйелдері мен қыздарына біршама шектеу қойылғанын айтты.

"Бұл саясат Ауғанстандағы әйелдер мен қыздарды өмірдің барлық саласында дискриминациялайтын репрессиялар жүйесін құрады" деді ол.

Тәліптердің әйелдер мен қыздардың құқығын бұзуы ай сайын артып жатыр дейді Уолдман.

"Қозғалыстың айдаһардай саясаты миллиондаған әйел мен қызды қауіпсіз, еркін және толыққанды өмір сүру мүмкіндігінен айырды" дейді ол.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне және саясатқа араласуына тұтастай тыйым салуды қарастырып жатқаны айтылып жүр. Тәліптер 1996-2001 жылдары билікте болғанда осындай саясатымен есте қалған еді.

"Талибан" лидері Хибатулла Ахунзаданың 2021 жылғы желтоқсанда шыққан әйелдер құқығы туралы жарлығында әйелдердің білім алуы мен жұмыс істеуі туралы ештеңе айтылмаған. Бірақ онда әйелдің келісімінсіз мәжбүрлеп отастыруға тыйым салынған.

Бұл талап күшіне енбеген сияқты.

Ауғанстанның батысындағы Фарх уәлаятында әйел құқықтары мәселесін көтеріп жүрен белсенді Мәрзия Нұрзай ерте және мәжбүрлі некенің артуын мектептердің жабылуымен байланыстырады.

Ол Азади радиосына қызын 2500 доллар қалыңмалға бола нашақорға тұрмысқа берген әкені көргенін айтады. Тағы бірі он жастағы қызын 4000 долларға сатқан.

"Бұл қыздарға болашақта не болатынын ойлай беріңіз" дейді ол. "Мектептердің ашылуына кепіл болмаған соң, қыздардың үміті мен өзіне деген сенімі сөне береді".

Ауғанстандағы жас қыздардың көбі мәжбүрлі некеден соң жарқын болашақ идеясынан бас тартқан.

Фараб уәлаятындағы тігінхана. Тәліптер билікке келгелі әйелдердің құқығы тарылып қалды.
Фараб уәлаятындағы тігінхана. Тәліптер билікке келгелі әйелдердің құқығы тарылып қалды.

Заң факультетінің студенті болған 22 жастағы Рәзия сіңлісі екеуі тәліптер билікке келген соң университеттегі оқуын тастауға мәжбүр болған.

Ол Құндыз уәлаятына оралған соң өзі жоспарлағандай судья болу мүмкіндігінен айырылғанын айтады.

Әкесі тәліптер қызының қолын сұрай ма деп қауіптеніп, оны туысына атастырған.

"Бақытсызбын" дейді тұрмысқа шыққанына екі ай болған Рәзия Азади радиосына. "Дәстүрлі қоғамда үнсіз қайғырғаннан басқа амал жоқ".

Горда тұратын Қатира да білімін жалғастыруға мүмкіндік болады деп ойламайды. Мектепте жаңа білім алған кездерін есіне алумен болатын оның үміті көнген.

"Әр жаңа күн кешегіден ауыр" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG