29 мамыр күні Астанада Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің (ЖЕЭК) 5-отырысына Еуразия экономика одағына (ЕЭАО) мүше Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресейдің мемлекет басшылары, ал Армениядан вице-премьер, сонымен бірге ЕЭК басшылығы қатысты. Кеңейтілген форматтағы жиынға Өзбекстан, Куба және Иран өкілдері де шақырылды.
Астанадағы отырыс ЕАЭО-ның интеграциялық күн тәртібін тереңдету, цифрландыруды күшейту және сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту бағытындағы ортақ ұстанымдарын бекіткен басқосу ретінде өтті.
ТОҚАЕВ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУГЕ ШАҚЫРДЫ
Жиынды ашқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2014 жылғы 29 мамырда Астанада ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылғанын еске салып, бұл күнді одақтың символдық мерекесі ретінде атады. Ол ЕАЭО 10 жылдан астам уақыт ішінде Еуразиялық "бестік" үшін негізгі экономикалық ынтымақтастық алаңына айналғанын, қазіргі жиын сыртқы сауда, жасанды интеллектіні дамыту және интеграциялық бастамаларды ілгерілетуге бағытталғанын айтты. Ол осы күндері Астанада өтіп жатқан Еуразия экономика форумының қорытындылары көпжақты іскерлік әріптестікке жаңа серпін беретінін атап өтті.
Тоқаев ЕАЭО-ның жаһандық экономикалық жағдай өзгеріп жатқан тұста бейімделуін және бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде атады. Оның сөзінше, одақ елдерінің жиынтық ЖІӨ өсімі 2026-2027 жылдары шамамен 2,5% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Ал Халықаралық валюта қоры биыл әлемдік экономиканың өсу болжамын 3 % дейін баяулатқаны айтылды. Қазақстан басшысы бұл факторлар ЕАЭО-ның ішкі тұрақтылығын арттыруды және жаңа жағдайларға бейімделуді талап ететінін жеткізді.
Экономикалық интеграция аясында Тоқаев цифрлық трансформацияны негізгі басымдық ретінде атады. Ол өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы екенін айтты. Қазақстандағы роботтандыру, бұлт технологиясы және цифрландыру өндіріс тиімділігін арттырып, шығынды азайтып отырғанын атап өтті. Бұған қоса ауыл шаруашылығын автоматтандыру өнімділікті көтеріп, су ресурстарын үнемдеуге және экологиялық салмақты азайтуға септесетіні айтылды.
СЫРТҚЫ НАРЫҚТАРМЕН БАЙЛАНЫС
Қазақстан президенті ЕАЭО көлік дәліздерін цифрландыруды жеделдетуге шақырды. Тоқаевтың айтуынша, Азия, Еуропа және Таяу Шығысты байланыстыратын еуразиялық көлік жүйесі 50 мың шақырымнан асады, оның 10 мың шақырымы Қазақстан арқылы өтеді. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту транзит ағындарын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді деді ол.
Сыртқы экономикалық бағытта Тоқаев ЕАЭО-ның Араб елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасымен байланысын кеңейту қажеттігін айтты. Ол Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді қолдап, одақ сыртқы нарықтармен экономикалық ықпалдастықты күшейтуі керек деді.
Технологиялық күн тәртібіне тоқталған Тоқаев жасанды интеллект, робототехника және кванттық есептеулерді болашақ экономикалық өсімнің негізгі бағыттары ретінде атады. Оның сөзінше, жаһандық технологиялық өзгерістер жаңа өндірістік модельдерді қалыптастырып жатыр. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектіге салынған жаһандық инвестициялар 1 трлн доллардан асып, ал оның экономикалық әсері алдағы жылдары 7 трлн долларға жетуі мүмкін.
Тоқаев цифрлық трансформацияның ЕАЭО үшін стратегиялық мәнге ие екенін, технологиялық өзгерістер өнеркәсіптен бастап мемлекеттік басқаруға дейін барлық саланы қамтып отырғанын айтты. Қазақстанда инновациялық инвестициялар көлемі бес еседен астам өскенін, оның басым бөлігі цифрлық секторға бағытталғанын жеткізді.
Ресей президенті Владимир Путин ЕАЭО елдері арасындағы сауда айналымы былтыр 95 миллиард долларға жетті, ал одақ мүше мемлекеттері арасындағы есеп айырысулар толығымен дерлік ұлттық валюталарға көшті, деп мәлімдеді. Оның айтуынша, "еуразиялық интеграция одаққа мүше елдерге практикалық пайда әкеліп, бизнес кірістерінің артуына және өмір сүру деңгейінің жақсаруына ықпал етеді".
"Біздің бес еліміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері үнемі оң үрдісті көрсетіп келеді. Бұл өзі үшін айтып тұр. Еуразия одағындағы жалпы өнеркәсіптік өндіріс 1,6%, ауыл шаруашылығы өндірісі 4,6%, ал құрылыс 4,2% өсті. Өсім көптеген экономикалық салаларда да байқалады", деді Ресей президенті.
Путин сонымен қатар ЕАЭО сауда кедергілерін жоюды, тарифтік емес реттеуді біріктіруді және кеден заңнамасын үйлестіруді жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
"Елдеріміз арасындағы барлық дерлік есеп айырысулар ұлттық валюталарда жүргізіледі. Осылайша, өзара экспорттық және импорттық операциялар сыртқы әсерлерден және әлемдік нарықтардағы теріс үрдістерден сенімді қорғалған", деді Путин.
Сәрсенбі күні Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Путин Астанада Тоқаевпен бейресми кездесу өткізген. 2022 жылғы ақпанда Мәскеу Украинаға басқыншылық соғыс бастағаны үшін Батыс елдері салған санкциялар Ресей экономикасына қатты тиіп отыр. Содан бері Кремль басшысы Қазақстанға бірнеше рет келді. Кеше Қазақстан мен Ресей өкілдері бірқатар құжаттарға қол қойды, олардың арасында Қазақстанда жаңадан салынатын АЭС құрылысын салуға қатысты келісім де бар.
Беларусь басшысы Александр Лукашенко ЕАЭО елдерінен электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану мәселесін жеделдетуді сұрады. Ол ЕАЭО ішіндегі тауар айналымы 95 млрд долларға жеткенін және оның сыртқы саудадағы үлесі 20% дейін артқанын айтты. Сонымен бірге Лукашенко әлемдегі геосаяси шиеленістер жаңа қатерлер туғызып отырғанын ескертті.
Жұма күнгі отырыста Лукашенко жасанды интеллектіні "бейбіт атом сияқты" тек жауапты әрі қауіпсіз мақсатта қолдану қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, ЕАЭО-ның міндеті – жасанды интеллектінің әскери немесе жаппай қырып-жою құралына айналуына жол бермеу.
Астанадағы жиында Арменияның вице-премьер-министрі Мгер Григорян өз елі ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беретінін айтты.
"Біз ынтымақтастық жобаларын қаржылай қолдау механизмін ауыл шаруашылығы саласына кеңейту туралы хаттамаға қол қоюды құптаймыз, бұл одақ ішіндегі ынтымақтастықтың өсуіне және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететіні даусыз", деді ол.
Григорян сонымен қатар ЕАЭО елдері мен үшінші елдер арасындағы сауда қатынастарын әртараптандырудың маңыздылығын да айтты.
"Әрине, бұл дамудың негізгі факторларының бірі – көлік байланыстарын әртараптандыру, бұл сауда айналымының өсуіне айтарлықтай серпін береді", деді Армения өкілі.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ЕАЭО аясындағы өнеркәсіптік кооперация әзірге негізінен ірі ойыншылардың мүддесіне жұмыс істеп отыр деп мәлімдеді. Ол шағын және орта бизнес ЕАЭО-дағы өндірістік тізбектерге жеткілікті деңгейде кіріктірілмегенін сынға алды. Жапаровтың айтуынша, экономикасы шағын елдер аумағында бірлескен өндірістерді жерсіндіру іс жүзінде жүзеге аспай отыр.
ЖЕЭК отырысының қорытындысы бойынша жасанды интеллектіні жауапты дамыту жөнінде бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Құжат ЕАЭО аясында институционалдық негіз қалыптастырып, ұйымды сапалы жаңа даму деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді деп мәлімдеді Тоқаев.
Жоғарғы Еуразия экономика кеңесінің келесі отырысы биыл желтоқсанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтпек.