Accessibility links

Финляндия мен Швеция НАТО-ға кірсе не болады?


Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон (сол жақта) мен Финляндия премьер-министрі Санна Марин. Стокгольм, Швеция, 13 сәуір 2022 жыл.
Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон (сол жақта) мен Финляндия премьер-министрі Санна Марин. Стокгольм, Швеция, 13 сәуір 2022 жыл.

Қазір Финляндия мен Швеция "НАТО құрамына енсе не болады?" деген сауалдан гөрі, екі елдің әскери одаққа қашан қосылатыны күн тәртібінде тұр. Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін Скандинавия елдері тездетіп альянсқа мүше болғысы келеді. Қазір НАТО құрамында 30 мемлекет бар. Алдағы бірнеше аптада Хельсинки үшін де, Стокгольм үшін де маңызды оқиғалар болмақ. Азаттық осы мәселе жайлы ең маңызды сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Маңызды оқиғалар қашан болады?

11 мамырда Финляндия парламентінің сыртқы істер жөніндегі комитеті пленарлық отырыстардағы талқылаулардың қысқаша баяндамасын әзірлеуге кірісетіні айтылып жүр. Сәуірде Хельсинки қауіпсіздік мәселелері жөніндегі құжат жұмысын аяқтаған соң бірнеше отырыс өткізген еді.

Екі күннен кейін, 13 мамырда Стокгольм де шығысындағы көршісіне іле-шала қауіпсіздік мәселелері жөніндегі баяндамасын жариялайды.

Дегенмен, ең маңызды оқиғалар 14-15 мамырда болмақ.

14 мамырда Финляндия премьер-министрі Санна Маринді қолдайтын социал-демократиялық партия НАТО-ға мүше болуға байланысты ұстанымын жариялайды. Парламент депутаттары арасында осы партияның өкілдері көп.

Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон кіретін социал-демократиялық партия да сол күннің ертеңіне шешімін жариялайды. Екі лидердің де НАТО-ға мүше болуды қолдайтыны айтылып жүр, бірақ бұл елдердің НАТО-ға кіруге құлшыныс танытпағаны тарихтан белгілі.

17-18 мамырда Финляндия президенті Саули Ниинисте Швецияға ресми сапармен барғалы отыр. Оның да НАТО-ға мүше болуды қолдайтыны, "Финляндияның бағыты сапар кезінде белгілі болады" дегені айтылып жүр. Сондықтан Стокгольмге сапар кезінде екі ел басшылары бірлескен мәлімдеме жасауы да мүмкін.

28-30 маусымда Испания астанасы Мадридте НАТО саммиті өтеді. Альянстың лауазымды тұлғаларының сөзінше, екі ел мамырдың аяғына дейін әскери одақтың бас хатшысы Йенс Столтенбергтің атына ресми өтініш жолдаса, саммит кезінде Финляндия мен Швецияны альянсқа қабылдау жайлы хаттамаларға қол қойылуы мүмкін.

НАТО Финляндия мен Швецияны аз уақыт ішінде мүшелікке қабылдай ала ма?

Иә, қабылдай алады. Әсіресе, Швеция мен Финляндияның альянсқа мүше болуына қалған отыз одақтас елдің ешбірі қарсы шығатынға ұқсамайды. Олардың армиясы негізінен НАТО-мен бұрыннан байланыс орнатқан. Бұған 1994 жылдан бастап НАТО-ның Бейбітшілік үшін әріптестік бағдарламасына және жиырма жыл бұрын әріптестердің мүмкіндігін кеңейту келісімдеріне қосылғаны ықпал етті. Бұл екі құрылым әскери ұйыммен терең әріптестікке мүмкіндік беріп отыр. Екі ел НАТО-мен бірлескен әскери жаттығу өтікізіп тұрады. Балқан түбегінің батысы мен Ауғанстанда НАТО жетекшілігімен жұмыс істеген. Ал ақпанда Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң Финляндия министрлері мен дипломаттары НАТО кездесулеріне қатыса бастады.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг (ортада), Финляндия сыртқы істер министрі Пекки Хаависто (сол жақта) және Швеция сыртқы істер министрі Анн Линде баспасөз жиынында. НАТО штаб-пәтері, Брюссель, 24 қаңтар 2022 жыл.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг (ортада), Финляндия сыртқы істер министрі Пекки Хаависто (сол жақта) және Швеция сыртқы істер министрі Анн Линде баспасөз жиынында. НАТО штаб-пәтері, Брюссель, 24 қаңтар 2022 жыл.

Екі елдің мүше болуынан НАТО-ның да ұтары бар. Финляндияда 280 мыңнан астам сарбаз бар және әскери уақытта жұмылдыруға болатын 900 мыңнан астам адам резервте тұр. Бұл – НАТО үшін ең ірі күштердің бірі болмақ. Әскери теңіз күштеріне ірі қару-жарақ және жаңа F-35 ұшағын жеткізуді ескерсек, Финляндия биыл қорғанысқа бөлінетін ақшаны ішкі жалпы өнімнің екі пайызына жеткізбек. НАТО белгілеген бұл межеге альянстың қазіргі мүшелерінің тек үштен бірі жеткен.

Швеция да армияға бөлетін ақшаны көбейтіп, бірнеше жылдың ішінде ішкі жалпы өнімнің екі пайызына жеткізетінін жариялады. Яғни, сол кезде қазір 24 мыңнан асатын қарулы күштерінің құрамы артуы мүмкін. Швецияда қару-жарақ өндірісінің айналымы жылына 3,5 миллиард еуроға жетеді. Бұл ел қазіргі заманғы зеңбірек, зенит қаруы, JAS әскери ұшағын өндіреді. Аты-жөнін атамауды сұраған НАТО өкілдерінің бірі Азаттыққа әскери одаққа Финляндия мен Швецияның Nokia және Ericsson сынды технологиялық алыптары да тартымды болып отырғанын айтты.

Ратификация процесі қалай өтеді?

Негізінен ратификация процесін отыз елдің парламенті талқылап, көбіне комитеттегі бірінші талқылаудан кейін дауыс беретіндіктен, бұл шамамен бір жылдай уақыт алады. Бірақ екі елдегі жоғары лауазымды тұлғалар кейінгі айларда НАТО-ға мүше елдерге барып, процесті жылдамдатуды сұрап жүр.

Бұл жерде негізгі оқиға 27-30 мамырда Вильнюсте болады. Сол күндері НАТО парламент ассамблеясының көктемгі сессиясы өтеді. Альянсқа мүше елдердің депутаттары кіретін бұл орган кездесу өткізіп, Латвиядан кейін Финляндия мен Швеция делегаттарын тыңдайды.

Сондықтан көктемнің аяғында немесе күздің басында ратификация процесі аяқталуы мүмкін.

Финляндия мен Швеция НАТО-ға ресми мүше болғанға дейін қауіпсіздігіне кепілдік ала ма?

Финляндия мен Швеция премьер-министрлері Марин мен Андерссонның НАТО-ға мүше елдердің басшыларымен талқылауында осы мәселе маңызды болып отыр.

НАТО құжатының 5-бабында айтылғандай, одаққа мүше елдер альянс мүшелеріне ғана өзара көмек көрсете алады. Бұл Ресеймен 1300 шақырым ортақ шекарасы бар Швеция мен Финляндияны ресми мүше болғанға дейінгі аралықтағы қауіпсіздігіне алаңдатып қойды.

НАТО елдерінің 30 мыңға жуық сарбазымен бірге Норвегиядағы "Cold Response 2022" әскери жаттығуға қатысқан швед әскери техникасы. Жаттығуға Финляндия әскерилері де қатысты. 25 наурыз 2022 жыл.
НАТО елдерінің 30 мыңға жуық сарбазымен бірге Норвегиядағы "Cold Response 2022" әскери жаттығуға қатысқан швед әскери техникасы. Жаттығуға Финляндия әскерилері де қатысты. 25 наурыз 2022 жыл.

Финляндия мен Швецияның лауазымды тұлғалары оларға ресми түрде міндеттелетін "кепілдік" емес, "қауіпсіздікке кепілдік немесе қолдау" керек екенін айтады. НАТО-ға мүше елдердің ешбірі Финляндия немесе Швецияға шабуыл жасалса, оны қалай қорғайтынын тікелей айтпады. Бірақ НАТО өкілі Азаттыққа елді [НАТО-ға қосылуға] шақырып алып, аралық кезеңде ол оқ астында қалған жағдайда ештеңе істемесе, альянсқа деген сенім қалмайтынын айтады. Дереккөз алдағы айларда одақ әскери жаттығу өткізу арқылы Еуропаның солтүстігіне аяқ басуы мүмкін деп болжап отыр.

Екі елдің бірінде НАТО-ға мүше болу жайлы референдум болуы мүмкін бе?

Референдум бола қоймас. Екі ел 1994 жылы Еуроодаққа мүше болу жайлы референдум өткізген.

Бірақ осы жолы оларға мәселенің жылдам шешілгені керек. Финляндия дипломаттары референдум болып, жария дебаттар мен қажетті шаралар өткізген жағдайда "жүйеге сырттан араласатындар табылады" дейді. Швециядағы қоғамдық пікір жайлы сауалнамаға қатысқандардың алпыс пайызы плебисцитке қарсы болған. Ал Швеция премьер-министрі бұл мәселені қыркүйектегі парламент сайлауына дейін шешкісі келетінін мәлімдеді. Екі елде де билікте отырған социал-демократтар НАТО-ға мүше болуды қолдайды. Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, финдер мен шведтердің үштен екісі елдерінің НАТО-ға мүше болғанына қарсы емес.

Ресей қарулы күштерінің С-400 "Триумф" зениттік зымыран жүйесі кешені. Калининград облысы, Ресей, 11 наурыз 2019 жыл.
Ресей қарулы күштерінің С-400 "Триумф" зениттік зымыран жүйесі кешені. Калининград облысы, Ресей, 11 наурыз 2019 жыл.

Ресей бөгет жасауға тырыса ма?

Ресей жария түрде қарсы екенін білдіріп, мұның "әскери және саяси салдары" болатынын ескертті. Швеция немесе Финляндия НАТО-ға қосылса, оларға ядролық немесе гибридті қауіп төнетінін айтты. Бірақ Солтүстік Еуропадағы қауіпсіздік мәселелерін жақсы білетін әскери шенеунік бірнеше рет екі елдің территория тұтастығына қатысты ескерту жасап, үкіметтік веб-сайттарға шабуыл жасалғанымен, Ресей тарапынан белсенді әрекет болмайтынын, Финляндия немесе Швецияға шабуылдауы екіталай екенін айтады. Дереккөз мұндай оқиғалар бейбіт күндері де болып тұрады дейді.

Дереккөз Ресейдің солтүстік-шығыс шекарадағы мүмкіндіктері шектеулі екенін, себебі жақын бөлімшелердің бәрін Украинаға жіберіп, көп адамынан айрылғанын айтады. Қазір Ресей бар күшін Украинаның шығысына жұмылдырып жатқандықтан, Ресейге Финляндиямен шекарада үлкен әскери құрылым жасау үшін біршама жыл керек дейді ол.

Дереккөздің сөзінше, Балтық теңізі аумағында, әсіресе, Калининград пен Кола түбегіндегі ядролық ракеталардың санын арттыру Ресей төндіретін жалғыз қауіп болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG