Алматы соты белсенді Санжар Боқаевты 10 жылға қамауға үкім шығарды

Белсенді Санжар Боқаевтың суретінен коллаж
Белсенді Санжар Боқаевтың суретінен коллаж

Алматының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевты он жылға, оның туысы Мадияр Қалменовті алты жарым жылға бостандығынан айырды. Сот кінәсін мойындаған мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның бостандығын екі жарым жылға шектеді. Сот үкімін тыңдауға жиналған ондаған адамды залға кіргізген жоқ.

27 қараша күні түстен кейін судья Жанат Әбенова жария еткен үкімге сәйкес, Санжар Боқаев алаяқтық, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ал күмәнді жолмен алынған табысты заңды айналымға енгізу айыбы бойынша, қарау мерзімі өтіп кеткендіктен, ол жауапкершіліктен босатылды.

Сот шешімі бойынша, Боқаевқа қоғамдық қызметтің кез-келген түрімен айналысуға, журналист ретінде жұмыс істеуге және сұхбат беруге 10 жылға тыйым салынды. Ал Нүсіпқожа БАҚ-та жұмыс істеу құқығынан бес жылға айырылды.

Боқаев бұған дейін өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарып, істің саяси астары барын мәлімдеген. Белсендінің жақтастары мен құқық қорғаушылар ол сыбайлас жемқорлықты әшкерелеген қоғамдық қызметіне бола жазаланды деп біледі. Боқаев пен Қалменовтің адвокаттары сот үкіміне келіспейтіні туралы шағым түсірмек.

Судья Жанат Әбенова Боқаев пен Қалменовтің барлық адвокатына қатысты жеке қаулы да шығарып, Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасынан оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарауды талап етті. Сот процесі барысында адвокаттар айыптау бағыты басым болды деген уәж айтып, сегіз рет судьяға, кейін Алмалы аудандық сотының бүкіл құрамына қарсылық білдірген. Олардың кейінгі өтініштерінің бәрін судья қабылдамай қойды, адвокаттар оның бұл әрекетін заңсыз деп атады.

Бейсенбі күні прокурор соттан Боқаевты 12 жылға бостандығынан айыруды, Қалменовті жеті жылға қамауды сұраған. Ал сот процесі барысында тергеу абақтысынан үйқамаққа шығарылғаннан кейін қарашадағы сот отырысында "Алматыдағы гранит тастарды ұрлауға көмектестім" кінәсін мойындаған мобилограф Нүсіпқожаның бостандығын екі жарым жылға шектеуді ұсынған.

Қорғау тарапы Боқаевқа тағылған айыптар дәлелденбегендіктен оны ақтауды сұраған. Соттағы соңғы сөзінде Боқаев прокурор сұраған 12 жыл тым қатал шара екенін, алайда өзіне тағылған ойдан құрастырылған айыптарды мойындамайтынын, "түрмеге отырып шықса да, адам болып қалатынын" мәлімдеген.

"Айыптау актісінде де, прокурордың сөзінде де, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де өтірік пен манипуляция өте көп. Иә, өтіріктің шындықтан әрдайым басым болатыны бар. Өйткені шындық күрделі: оны түсіндіріп, дәлелдеу керек. Ал өтірікті сенімді үнмен айқайлап айтсаң жетіп жатыр. Соған қарамастан, өтірікке, манипуляция мен жалған ақпаратқа сенбеген жандардың бәріне алғыс айтамын. Жұрт істердің қалай қолдан жасалатынын көрсін", – деген Боқаевтың сөзінен Vlast.kz басылымы үзінді келтірді. Боқаев соттан Мадияр Қалменовке қамау түрінен басқа жаза тағайындауыy сұраған.

Бюджет қаржысы қалай жұмсалғанын зерттеу

44 жастағы Санжар Боқаев көпшілікке утильалымға қарсы қозғалыс жетекшілерінің бірі және атқарушы билік бюджет қаржысын қалай жұмсап жатқанын зерттеп-талдайтын қоғам белсендісі ретінде танылған.

Санжар Боқаев (ортада) пен өзге де белсенділер утилизация алымына қарсы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 15 шілде, 2024 жыл.
Санжар Боқаев (ортада) пен өзге де белсенділер утилизация алымына қарсы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 15 шілде, 2024 жыл.

Кейінгі жылдары әлеуметтік желіде Санжар Боқаевтың жариялаған зерттеулері қоғамда кең талқыланатын. Ол Алматыда жыл сайын бюджет қаржысы есебінен жүргізілетін жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары сапасыз атқарылатынын, қалада ешқашан асфальт көрмеген 200-ден астам көше бола тұра орталық көшелердегі жолдардың жабыны мен жиек тастары жөн-жосықсыз ауыстырылатынын көрсетіп бірталай видео жариялады.

Белсенді Алматыдағы бір шаршы километрге жұмсалатын бюджет шығыны АҚШ-тың Хьюстон қаласымен салыстырғанда екі есе қымбат шығады, ал сапасы мен жол ұзындығы мүлде сәйкес келмейді деп сын айтты. Ол Қазақстан бойынша жыл сайын жүздеген миллиард теңге тиімсіз игеріліп, жемқорлардың жемсауына кетеді деген болжам жасаған. Боқаевтың видеолары көп тарай бастаған тұста оның Instagtram-парақшасы өшірілген.

Боқаевтың видеолары қоғамда резонанс тудырып, жұртшылық тарапынан сын көбейгеннен кейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиевке және Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалинге сөгіс беріп, Бостандық ауданы әкімінің орынбасарын қызметінен босатты. Сондай-ақ қала әкімдігі гранит тастарды ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

2025 жылдың күзінде шетелге кеткен Санжар Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін, жемқорлықты әшкерелейтін нақты айғақ-дәлелдер көрсетсе де, мемлекет пен қоғам тарапынан селқостыққа кезіккендіктен қоғамдық жұмысты доғаруды ұйғарғанын мәлімдеген. Көп ұзамай Қазақстанға оралған ол 18 наурызда Алматыда ұсталып, ертесіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысына қамалды.

Белсендіге тағылған бес айып

Прокуратура Санжар Боқаев әлеуметтік желіде жариялаған видеоларында көрсеткен "гранит тастарды ұрлауды және ағаштарды заңсыз кесуді өзі ұйымдастырып, қоғамда теріс пікір қалыптастыруды көздеген" деген күдікке ілінгенін хабарлады. Кейін оған Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңды айналымға енгізу, ұрлық жасау, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптарын тақты. Белсендінің туысы Мадияр Қалменовке алаяқтық пен ақша жылыстату, ал мобилограф Ұлан Нүсіпқожаға ұрлық, ағашты заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылды.

Боқаевтың жақтастары мен адвокаттары тергеудің құпия жағдайда өтіп жатқанына наразылық білдіріп, 31 наурызда өткен баспасөз мәслихатында сотты ашық өткізуді және тікелей эфирде көрсетуді талап етті. Алматыда Боқаевты қолдау митингісін өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат бермеді.

Бұл іс бойынша сот процесі басталған 16 қазан күні Алмалы аудандық соты алдында бірнеше полиция қызметкері мен жай киім киген адамдар қорғаушы тарап негізгі куәгер деп атаған Түркістан облысының тұрғыны Ахлиддин Хамрақұловты күштеп көлікке салып алып кетті. Судья приставтың сөзіне сүйеніп, оны "сот залына кіруге әрекеттенді" десе, адвокаттар Радмир Өтепов пен Алма Мусина куәгер ғимарат сыртында арандатушылықпен ұсталды деп мәлімдеді.

Кейін сот процесі кезінде прокурор "куәгердің туыстары мен қорғаушылар оны полициядан жасырып отыр" деген уәжбен Хамрақұловтың жауаптарын іс материалдарынан алып тастауды сұрап, судья оның өтінішін орындады.

Наурыз айында әлеуметтік желіде адвокат Диас Ахметов түсірген видео тараған еді. Онда Хамрақұлов жылап тұрып "полиция мені азаптап, Боқаев пен Ұланға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрледі" деп мәлімдеген. Көп ұзамай анонимді telegram-арналарда тараған екінші видеода Хамрақұлов әлгі сөзінен бас тартып, өз адвокатын айыптай сөйлеген.

22 қазанда айыпталушы Ұлан Нүсіпқожа өз адвокаты Сергей Кимнен бас тартып, денсаулығына байланысты үйқамаққа ауыстырылды. Ал 10 қарашадағы сот отырысында Нүсіпқожа "гранит тастарды ұрлауға көмектескенін" мойындап, Боқаевқа қарсы куәлік берді. Ол өзіне Боқаев Үлкен Алматы өзені бойынан тастардың қалай әкетіліп жатқанын түсіруді тапсырғанын, алғашқы түсіргені ұнамаған соң кейін қайта түсіргенін, мұнан соң тастар орнына қайтарылғанын айтты. Нүсіпқожа бұрынғы айтқан сөзінен айнуының себебін өзі қамауда отырғанда отбасы қаржыдан тарлық көргенін және несие, пәтерақы мен адвокат қызметіне Боқаевтың достары төлеп келген көмек тоқтап қалғанымен түсіндірді.

Бейсенбіде соттағы сөзінде Боқаев былтыр қарашаның аяғында Алматыда көшеде өзіне жолыққан бейтаныс екі адамның бірі "қоғамдық-саяси қызметтен толық бас тарт, сонда үстіңнен іс қозғалмайды" деп, одан ЕҚЫҰ жиынында сөйлеген сөзі мен өзін аңдыған күштік құрылым қызметкерлерін әшкерелеген видеоларды желіден өшіруді талап еткенін мәлімдеді. Боқаев олардың талабына көнбегенін айтты. Белсенді былтыр күзде жариялаған ол видеоға байланысты қазақстандық күштік құрылымдар ешқандай пікір білдірмеген еді.

Мемлекеттік қызметтегі кезең

Осыдан 20 жыл бұрын басқару рөлі оң жақта орналасқан автокөліктерді Қазақстанға кіргізуге тыйым салған үкіметтің шешіміне қарсы наразылық шеруіне шыққан көлік иелері қозғалысына белсене қатысқандар арасында 24 жастағы Санжар Боқаев та болған еді.

Кейін ол Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында ғылыми қызметкер болып істеп, ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты.

Алматы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Санжар Боқаев (сол жақта) Қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл толуына арналған "Ұлы дала жаңғырығы" көрмесін ашу шарасында тұр. Алматы, 3 шілде, 2015 жыл
Алматы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Санжар Боқаев (сол жақта) Қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл толуына арналған "Ұлы дала жаңғырығы" көрмесін ашу шарасында тұр. Алматы, 3 шілде, 2015 жыл

2012 жылы Боқаев Алматы қаласы әкімдігінің жастар ісі басқармасы басшысы болып тағайындалды. Ол Алматы қалалық ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен кезеңде тәуелсіз басылымдарға қысым жасады деген сынға қалған. Кейінірек Алматы маңында Көкжайлау тау-шаңғы курортын салу туралы билік жобасын қолдап сөйлегені де экобелсенділердің наразылығын тудырған.

2011 жылы биліктегі NurOtan партиясы (Қаңтар оқиғасынан кейін атауы Amanat болып өзгертіліп, биыл көктемде жаңадан құрылған "Әділет" партиясына қосылған – ред.) Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Санжар Боқаевтың Алматыдағы бір кездесуде "Кейбір оралмандар келіп, жер, үй беріңіз деп өтінеді. Бұл дұрыс емес. Елбасы айтқандай, біз масылдық көзқарастан арылуымыз керек. Бәріміз жұмыс істеуіміз керек" деген сөзі шетелден тарихи атамекеніне көшіп келгендерге "әлеуметтік аутсайдер", "масыл" тіркестерін қолданған биліктің пікірімен үндеседі деп, кейбір қоғам белсенділері оны сынға алған еді.

Боқаев Алматы әкімдігіндегі қызметтен кеткеннен кейін, 2015-2018 жылдары "ҚазТрансГаз" компаниясында басқарма төрағасының кеңесшісі болып істеген.

Саяси партия құруға талпыныс, сайлауға түсу

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Боқаев "әділдікті ту еткен жаңа Қазақстан құру" мақсатында "Намыс" саяси партиясын құратынын жариялағанымен, ұйым ресми тіркеуден өте алмады.

2023 жылы күзде Санжар Боқаев Алматының №4 сайлау округі бойынша депутаттыққа өзін-өзі ұсынып, парламент сайлауына түсті. Бірақ сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, парламентке оның бәсекелесі өтті. Боқаев өз округіндегі сайлау учаскелерінің 90 пайызының хаттама көшірмелеріне сүйеніп, сайлаушылардың басым бөлігі өзіне дауыс бергенін және дауыс беру нәтижесі бұрмаланғанын мәлімдеді. Жоғарғы сотқа дейін шағымданғанымен, шешімді өзгерте алмады.

Мұнан соң Боқаев сайлау әділ өтпеді деп наразылық білдірген өзі сияқты депутаттыққа кандидат бірнеше адаммен бірге "Халық парламенті" қозғалысына бірікті. Кейін бұл ұйымның мүшелері "заңсыз жиынға қатысқаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылды.

Биыл көктемде ҰҚК-нің тергеу абақтысына қамалғанға дейін Санжар Боқаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен дайындалып, халық талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасын сынға алып, оны ұсынылған күйінде қабылдауға болмайды деп пікір білдірген. Парламент сайлауына саяси партиялар ұсынған кандидаттар ғана түсе алады деген ереже депутаттың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігін жоятынын айтқан Боқаев азаматтарды дауысы "ұрланбас" үшін референдумға дауыс беруге шақырған еді.

​
XS
SM
MD
LG