Венгрия парламенті 11 тамызда ел президенті қызметіне 73 жастағы заңгер Андраш Баканы сайлады. Ол бұған дейін Венгрия Жоғарғы сотының төрағасы және Ұлттық сот кеңесінің басшысы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Бака 1991–2008 жылдар аралығында Еуропалық адам құқықтары сотында судья болып жұмыс істеген.
Президент лауазымына Баканың кандидатурасын парламентте басым дауысқа ие биліктегі "Тиса" партиясы ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша, 199 депутаттың 140-ы Баканы қолдап, алтауы – қарсы дауыс берген. Венгрияда биыл көктемде өткен парламент сайлауында бәсекелестеріне есе жіберіп биліктен кеткен Виктор Орбанның оппозициялық "Фидес" партиясы Баканы президент етіп сайлауға наразылық ретінде дауыс беруге қатысқан жоқ.
Елдің бұған дейінгі президенті Тамаш Шуйоктың өкілет мерзімі қысқартылғаннан кейін орны бос қалған еді. Шуйок Орбанның саяси бағытын қолдайтын тұлға ретінде танымал.
Андраш Бака кезінде Орбан үкіметінің конституциялық реформаларының салдарын бастан өткерген тұлға. Ол 2009 жылы Венгрия Жоғарғы сотының басшысы болып алты жылдық мерзімге тағайындалғанымен, 2011 жылғы конституциялық реформа барысында бұл лауазым қысқартылып, оның қызмет өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған. Бака мұны Орбан билігінің сот реформасын ашық сынағаны үшін өзіне қарсы қабылданған саяси шешім деп білетінін мәлімдеген.
Бұған дейін ол президент Тамаш Шуйоктың қызметтен кетуіне байланысты пікір білдіріп, құқық үстемдігі орныққан елдерде заң тетіктерін билік өкілдерін қызметтен кетіру үшін пайдалануға болмайтынын айтқан. Бұған қоса Бака Орбанның тұсында мемлекеттік институттар іс жүзінде биліктегі топтың бақылауына түскенін айтып, сол кезеңдегі қабылданған төтенше саяси шешімдерді сондай жағдаймен байланыстырған.
Венгрияның қазіргі премьер-министрі Петер Мадияр бұған дейін президент лауазымына әйгілі шахматшы Юдит Полгарды ұсынған еді. Алайда Полгар "ұлтты біріктіру үшін тарихи жауапкершілікті мойнына алуға" дайын емес екенін мәлімдеп, ол ұсыныстан бас тартты.
Венгрияда президент негізінен рәсімдік шараларға қатысып, елдің бірлігі мен сабақтастығының нышаны рөлін атқарады. Ал негізгі саяси шешімдерді премьер-министр бастаған үкімет қабылдайды. Президенттің өкілеттігі негізінен өкілдік сипатта болғанымен, ол заң жобаларын ұсынуға, парламент қабылдаған заңдарға қол қоюға немесе оларға вето қоюға, сонымен қатар белгілі бір жағдайларда Мемлекеттік жиналысты (парламентті) тарату құқылы.
Петер Мадияр бұған дейін жаңа президент саяси ұстанымына қарамастан, қоғамның әртүрлі топтары арасында құрмет пен беделге ие тұлға болуы керек деп мәлімдеген.