Accessibility links

Ақорда: парламент реформасы бойынша 500-ге жуық ұсыныс түсті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті реформалау жөніндегі жұмыс тобының отырысында. Астана, 14 қазан, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті реформалау жөніндегі жұмыс тобының отырысында. Астана, 14 қазан, 2025 жыл.

Қазақстанда парламент реформасын жүзеге асыру бойынша халықтан 500-ге жуық ұсыныс түскен. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Ұсыныстар e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінің "Парламенттік реформа" арнайы бөлімі арқылы қабылданған. "Халық арасынан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жолданған ұсыныстар мен бастамаларды талдау, жүйелеу жалғасып жатыр" делінген Ақорда хабарламасында.

Бұл жөнінде 6 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және президенттің құқық мәселелері жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесінде айтылған.

Қазақстанда қазіргі қос палаталы парламенттің орнына бір палаталы парламент құру ұсынылған. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында айтқан. Оның айтуынша, парламент депутаттары тек партиялық тізіммен сайлануы қажет.

2026 жылғы 5 қаңтарда "Түркістан" газетіне берген сұхбатында Тоқаев: "Биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арнал­ған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады" деген.

Тоқаевтың айтуынша, Конституцияға көп өзгеріс енгізілетіні сондай, "жаңа Конс­титуция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады".

Биліктің жоспары бойынша, ұсыныстар биыл талқыланып, 2027 жылы референумға шығарылуы керек.

Ақорданың хабарлауынша, 9 қаңтарда өтетін парламент реформасы және Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобының кезекті отырысында "ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралады".

Президенттің ұсынысын кейбір сарапшы "авторитар сипаттағы басқару жүйесінің" "болмысын өзгертпей жетілдіру талпынысы" десе, енді бірі "билік транзитіне дайындық" деп атаған. Ал сарапшы Димаш Әлжанов Конституцияға "қоғамға әзірше ашық айтылмай жатқан басқа да түзетулер енгізілуі мүмкін" деп болжаған.

Бұл – Тоқаев тұсындағы Конституцияға енгізілетін алғашқы түзету емес. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаевтың ұсынысымен өткен референдумда Конституцияға 56 өзгеріс енгізілген. Көп өзгерістің ішінде парламент депутаттарының бір бөлігін мажоритарлық жолмен сайлау тәртібі де бар. Сол кезде билік мұны "Жаңа Қазақстан" қалыптастырудағы "тарихи қадам" деп сипаттаған.

Сол жылы күзде Конституцияға жаңа өзгеріс енгізіліп, президенттің өкілеті бес жылдан жеті жылға ұзартылған және бір адам тек бір рет президент болып сайлана алады деген ереже енгізілген.

XS
SM
MD
LG