Ақпарат министрі сөз бостандығы рейтингтеріне қарайламауға шақырды

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев 18 қараша күнгі брифинг кезінде онлайн-платформалар мен БАҚ туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер елдің сөз бостандығы рейтингіндегі орнына әсер ете ме деген сұраққа жауап берді.

“Сіз бен біз рейтингтер үшін өмір сүрмейміз ғой. Осыны атап өткім келеді. Біздің мемлекетіміз тәуелсіз ел. Конституциямыз бар және Конституциямызда нақты принцип көрсетілген. Бұл принцип заң мен тәртіп деп аталады... Бізге әртүрлі рейтингтерге назар аудара беруге болмайды дегім келеді. Рейтинг – шын мәнінде, бұл жеке интерпретация” деді министр. Оның сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді.

2026 жылы «Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз бостандығы индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 149-орын алған. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда бірден жеті орынға құлдилады. Ал Freedom House ұйымы елдегі бостандық деңгейін 100 балдың 23-імен бағалап, Қазақстанды «еркін емес» елдер қатарына қосқан.

“Бұл тұжырымдармен келіспейтін журналистер өте көп, оған сенімдімін...Егер бұл рейтинг айталық, инвестициялық тартымдылықты арттыруға көмектессе, бір мәселе. Ал көмектеспесе, онда бұл пікірталас сұрағы” деді министр.

Министр жаңа заң жобасының мақсаты “журналистердің құқығын шектеу емес, интернет пен әлеуметтік желілер дамыған шақта ақпараттық кеңістікті зиянды контенттен қорғау” екенін айтты.

18 қарашада Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа заңына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Ұсынылған өзгерістер БАҚ пен әлеуметтік желілердегі былапыт сөздер үшін жауапкершілік енгізуді, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеуді және цифрлық платформаларға қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді. Баспасөз қорғау ұйымдары заңнамадағы кейбір өзгерістерге алаңдайды.

Бұған дейін «Онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша» заң жобасын талқылауға Media Qoldau құқықтық қызметінің өкілдері бастапқыда қатыстырылмаған. Әуелде Құрылтай оларды жұмыс тобына қоспайтынан хабарлаған. Алайда өткен аптада оларды жұмыс тобына қосқан. Ұйым заңгерлерінің айтуынша, осы уақытқа дейін сегіз отырыс өтіп, заң жобасындағы ұсыныстардың шамамен 90 пайызы талқыланып қойған.

​
XS
SM
MD
LG