АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иран порттарына кіретін және одан шығатын барлық теңіз жолын бұғаттайтынын мәлімдеді. Жаңа шектеу Солтүстік Американың шығыс уақытымен сағат 10:00-де (Астана уақытымен сағат 19:00) күшіне енеді деп жарияланды.
Кейінгі ресми мәліметке сәйкес, Парсы шығанағы мен Оман шығанағындағы Иранның барлық порттарына қатысты енгізілген шектеу кеменің қай елге тиесілі екеніне қарамастан қолданылатын болады. CENTCOM хабарлауынша, шара Ормуз бұғазы арқылы өзге елдердің порттарына қатынайтын кемелердің еркін қозғалысына әсер етпейді. Әскери қолбасшылық коммерциялық теңіз тасымалдаушыларына қосымша нұсқаулық арнайы теңіз ескертулері арқылы жіберілетінін айтты.
Бұл шешім 11 сәуірде Исламабадта өткен АҚШ–Иран келіссөздері нәтижесіз аяқталғаннан кейін қабылданды. Reuters дерегінше, тараптар Тегеранның ядролық бағдарламасы, аймақтық қарулы топтарды қаржыландыру және теңіз қауіпсіздігі мәселелері бойынша ортақ мәмілеге келе алмаған.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) бұған қарымта ретінде Ормуз бұғазы маңына жақындаған әскери кемелерді бітімді бұзу әрекеті ретінде қарастыратынын ескертіп, қатаң жауап қайтарылатынын мәлімдеді. Бұл аймақтағы онсыз да шиеленіскен жағдайдың одан әрі ушығу қаупін күшейтті. АҚШ-пен бірге 28 ақпанда Иранға қарсы әуе шабуылдарын бастаған Израиль әскеріне Иран шабуылдай қалса сақадай сай дайын болуды бұйырды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден алым жинауға жол бермеу үшін әскери-теңіз күштеріне тосқауыл қою жөнінде нұсқау бергенін мәлімдеген. Сонымен бірге ол АҚШ "режим ауысуы өте өнімді" болған Тегеранмен "тығыз әріптестікте" болады деп хабарлаған.
The Wall Street Journal дерегінше, Ақ үйде шектеулі шабуылдарды қайта бастау, қысқа мерзімді блокада қою немесе кеме қозғалысы қауіпсіздігіне жауапкершіліктің бір бөлігін одақтастарға беру туралы нұсқалар талқыланып жатыр.
Бұл жаңалық нарыққа бірден әсер етті: Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы қайтадан 100 доллардан асты.
ABC News тілшісінің айтуынша, онымен әңгіме барысында президент Трамп АҚШ пен Иранның Ормуз бұғазынан өтетін үшінші елдердің кемелерінен бірлесіп алым алу идеясын құптаған. Алайда АҚШ президенті ресми түрде ондай мәлімдеме жасаған жоқ.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль бірлесіп Иранға қарсы әскери операция бастағалы бері Парсы шығанағындағы теңіз қауіпсіздігі жаһандық энергетика нарығына төнген басты қатерге айналды. Сарапшылардың бағалауынша, жаңа блокада Таяу Шығыстағы соғыстың кеңеюіне және әлемде энергетика өнімдерін жеткізу тізбегінің бұзылуына алып келуі мүмкін.