АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Сара Роджерс Қазақстанның БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдардағы және АҚШ-пен келіссөздер жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханмен Вашингтонда кездесті. Бұл жөнінде екі тарап хабарлады.
"Біз Қазақстан мен АҚШ арасындағы жақсарып жатқан байланыстардың жайын және еркін баспасөздің маңызын талқыладық", – деп жазды Роджерс Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Мемлекеттік хатшының қоғамдық дипломатия жөніндегі орынбасары Сара Роджерсті АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылғы наурызда Ғаламдық медиа жөніндегі агенттіктің (USAGM) басшысы қызметіне де ұсынған. Оның кандидатурасын АҚШ Сенаты мақұлдауы керек.
Ресми ақпарат бойынша, Ержан Қазыхан АҚШ өкілімен әлемдік жетекші бизнес көшбасшылары мен саясаткерлердің халықаралық форумына (B20 USA Summit) қатысу үшін Вашингтонға барғанда жолыққан.
Ержан Қазыхан Х-тегі парақшасында: "АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Сара Роджерспен Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі ілгерілету, білім беру және мәдени ынтымақтастықты арттыру әрі екі ел арасындағы тығыз байланыстарды нығайту мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу мақсатында кездескенімізге қуаныштымын", – деп жазды.
Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы өкіл қызметін атқаратын Ержан Қазыхан 2026 жылғы қаңтарда АҚШ-пен келіссөздер жөніндегі арнайы өкіл қызметіне қоса тағайындалған.
- Кейінгі жылда Астана мен Вашингтон арасындағы байланыс жанданды. 2025 жылы қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға барып, "Орталық Азия – АҚШ" (C5+1) саммитіне қатысты. Сапар барысында Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды, ал энергетика, инфрақұрылым, цифрлық технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды. Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылатынын да жариялады.
- 2026 жылы қаңтарда Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған "Бейбітшілік кеңесінің" құрамына кірді.
- 2026 жылғы 19 қазанда Самарқанда C5+1 форматындағы министрлер кездесуі өтті. Онда Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.
- 2026 жылы желтоқсанда АҚШ-тың Майами қаласында дамыған елдер өкілдері қатысатын G20 саммиті өтеді. Оған Қазақстан президенті қатыспақ.