Accessibility links

Сынған мұрынмен күрескен балуан Азиада чемпионы атанды


Бағлан Ибрагим Азия ойындарында жеңіске жеткен сәт. Джакарта, 31 тамыз 2018 жыл.

23 жастағы қазақстандық Бағлан Ибрагим самбо күресінен Азия ойындарының чемпионы атанды. Балуан алғашқы кездесулерінде мұрнын сындырып алды.

Азия ойындарында самбодан 52 келі салмақта екі қазақстандық балуан – Бағлан Ибрагим мен Бейімбет Қанжанов күресті. Ибрагим биыл маусымда Улан-Баторда (Моңғолия) өткен Азия чемпионатында алтынға ие болған. Ал Қанжанов 2015 жылы Касабланкадағы (Марокко) әлем чемпионатында топ жарған.

Қазақстанның екі балуаны да алғашқы үш кездесуде жеңіске жетті. Жартылай финалда Бағлан Ибрагим тәжікстандық Хасани Джомиді 4:3 есебімен жеңді. Ал Бейімбет Қанжанов моңғолиялық Эрденбаатар Шаллууден 0:8 есебімен жеңіліп, финалға шыға алмады. Джакартадағы самбо жарысы өткен Assembly залына келген қазақстандық жанкүйерлердің бірі “Қазақстан финалын көрерміз бе деп едік, болмай қалды” деп өкініш білдірді.

“ДӘРІГЕРЛЕР МҰРНЫМА МҰЗ БАСЫП ОТЫРДЫ”

Бағлан Ибрагим мен Эрденбаатар Шаллуу арасындағы финалды Моңғолия балуаны белсенді бастады. Алғашқы минутта қарсыласының иығын кілемге тигізіп, төрт ұпай алды. Кездесудің орта тұсында Бағлан да қарсыласын шалып жығып, екі ұпай иеленді. Күрес аяқталуға екі минут қалғанда Қазақстан балуаны 2:4 есебімен жеңіліп жатқан.

Бағлан Ибрагим (қызыл формада) қарсыласы Эрденбаатар Шаллуудың қолын тартып жатқан кез. Джакарта, 31 тамыз 2018 жыл.
Бағлан Ибрагим (қызыл формада) қарсыласы Эрденбаатар Шаллуудың қолын тартып жатқан кез. Джакарта, 31 тамыз 2018 жыл.

​Кейін ол қарсыласының сол қолын аяғына қысып алып, бар күшімен тарта бастады. Қолы ауырған Моңғолия балуаны кілемді ұрып “жеңілдім” деген ишара білдірді. Бағлан Ибрагим жеңіліп жатып, қарсыласын ауырту әдісімен жеңді.

- Екінші айналымда тағы бір Моңғолия балуанымен (Мунхбат Джэнэндарам – ред.) күресіп жатқанда мұрнымд сындырып алдым. Дәрігерлер әр кездесу алдында мұрныма мұз басып отырды. Мұрным сынғаннан кейін бе, финалға дейінгі кездесулер ауыр болды. Сынған мұрынмен демалу қиын. Финалда жеңіліп жаттым да, қарсыласымның қолын не аяғын тартып, ауырту әдісімен ғана жеңуге болатынын түсіндім. Жасаған әдісім ойымдағыдай шықты, - деді балуан кездесуден кейін Азаттық тілшісіне.

Ал Бейімбет Қалжанов қола жүлдеге таласта Ислом Ахмеджановтен (Өзбекстан) басым түсіп, үшінші орынға ие болды.

“ФИНАЛДА БЕЙІМБЕТТІ КҮТТІМ”

Бағлан Ибрагим Моңғолия балуаны Эрбенбаатар Шаллуумен маусымда Улан-Баторда өткен Азия чемпионатының финалында кездесіп, жеңген.

- Азия чемпионатында да Моңғолия балуанының сол қолын ауыртып жеңген едім. Ол өте ыңғайсыз қарсылас. Бойы менен аласа. Аяққа кіріп әдіс жасауға бейім. Сондықтан сақ күрестім. Негізі, финалда Бейімбет Қанжановты күткенмін. Ол финалға шығады деп ойладым. Негізгі қарсыласым да Бейімбет Қанжанов болған, - дейді Бағлан Ибрагим.

Азиада жүлдегерлері (солдан оңға қарай): Эрденбаатар Шаллуу, Бағлан Ибрагим, Бейімбет Қанжанов және Ахмад Рахматтилаев (Өзбекстан).
Азиада жүлдегерлері (солдан оңға қарай): Эрденбаатар Шаллуу, Бағлан Ибрагим, Бейімбет Қанжанов және Ахмад Рахматтилаев (Өзбекстан).

Қазақстан самбо құрамасының бас бапкері Қайрат Тұрарұлы алтынды Бағланнан емес Бейімбет Қанжановтан күткен.

- Бағланның халықаралық жарыстарда тәжірибесі аздау. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында қола алған. Биыл Азия чемпионы атанды. Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен. Азия ойындары – ересектер арасындағы үшінші жарысы. Алтынды әлем чемпионы Бейімбет Қанжанов алады деп ойлағанбыз. Бірақ бұл жолы Бағлан өзін көрсетті, - дейді жаттықтырушы.

Азия ойындарында чемпион атанған Бағлан Ибрагим қарашада Бухарест қаласында (Румыния) өтетін әлем чемпионатына қатыспақ.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

Меншікті тілшіміз

Джакартаға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек жазғы Азия ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014, Рио - 2016, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG