Accessibility links

Декреттік демалыстан кейінгі жеңіс


Гузалия Гафурова Азия ойындарында жеңіске жеткен сәт. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.

Қазақстандық каратэші Гузалия Гафурова Джакартадағы Азия ойындарында чемпион атанды. Каратэші екі жылдық үзілістен кейін спортқа қайта оралған.

23 тамызда ғана 26 жасқа толған Гафурова финалда Қытай спортшысы Танг Линглингті жеңді. Каратэшілер төрт жарым минуттай бір-біріне соққы дарыта алмай жүрді. Тек соңғы сәтте Гафурова қарсыласына бірнеше соққы жасады. Кездесу аяқталуға бес секунд қалғанда қазақстандық спортшының бапкері қызыл қағаз көтеріп, төрешілерден видео қайталау көруді сұрады. Төрешілер Гафурованың соққы жасаған сәтін видеодан қайта қарап, каратэшіге екі ұпай берді – 2:0. Қытай спортшысы бес секунд ішінде есепті теңестіре алмады. Жеңіске жеткен Гафурова Қазақстан туын жамылып, татамиді айналып жүгіріп жүрді.

Гузалия Гафурова (сол жақта) мен Танг Линглинг. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.
Гузалия Гафурова (сол жақта) мен Танг Линглинг. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.

ТӨРТ ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТАЛАНҒАН ФИНАЛ

Екі қарсылас 2014 жылы Инчхондағы Азиаданың финалында да кездесіп, Гузалия Гафурова Танг Линглингті 4:3 есебімен жеңген болатын.

- Жартылай финалда Вьетнам спортшысымен (Ти Нгуен-ред.) кездескенде қабырғамды ауыртып алдым. Сондықтан финал қиындау болды. Инчхондағы финал жеңілдеу болған. Бүгін жартылай финал да қиын болды. Себебі вьетнамдық спортшы техникалық жағынан мықты, - деді Гафурова финалдан кейін.

Ал Қытай спортшысы Танг Линглинг кездесуден кейін Азаттық тілшісіне: “Екі финалда қиын болды. Бұл жеңілісте жіберген қателерімді түзеп, Токиода өтетін олимпиадаға дайындаламын” деді.

Гузалия Гафурова (сол жақта) мен Танг Линглинг. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.
Гузалия Гафурова (сол жақта) мен Танг Линглинг. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.

Халықаралық олимпиада комитетінің шешімімен каратэ 2020 жылы Токиодағы ойындардың бағдарламасына енгізілген.

“ОЛИМПИАДА ҮШІН СПОРТҚА ҚАЙТА ОРАЛДЫМ”

Гафурова Джакартадағы Азия ойындарына тек қаңтардан бастап дайындалған. Екі жыл уақытша спорттан қол үзген.

​- Себебі екі жыл декреттік демалыста болдым. Екінші рет Азия ойындарында жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Алда әлем чемпионатына қатысуым белгісіз болып тұр. Екі жыл үзіліс алғандықтан рейтингтегі ұпайым азайып кетті. Ал әлем чемпионатына қатысу үшін рейтингте ұпай болу керек. 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға қатысу үшін де спортқа қайта оралдым, - деді каратэші.

Гафурова қазір 68 келідегі әлемдік рейтингіде 105-орында тұр. Ал Қытай спортшысы Танг Линглинг 24-орында, вьетнамдық Ти Нгуен 39-орында келеді. Ал рейтингіде үшінші орында тұрған жапониялық Кайо Сомея Азия ойындарының екінші айналымында Танг Линглингтен жеңілді.

Гузалия Гафурова марапаттау рәсімінде. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.
Гузалия Гафурова марапаттау рәсімінде. Джакарта, 27 тамыз 2018 жыл.

Гузалия Гафурова каратэмен айналысуды 12 жасында Жамбыл облысындағы Қызыл жұлдыз ауылында бастаған. Каратэші сегізінші сыныпқа дейін мектепті өте жақсы оқығанын, кейін жарыс көбейіп, оқу үлгерімі төмендеп кеткенін айтады.

- Спортқа өзім бардым. Ешкім үгіттеп, спортшы бол деген жоқ. Бала кезде энергиям көп болса керек. Сол энергияны қайда жұмсауды білмей, каратэге бардым, - дейді спортшы.

Гафурова 2015 жылғы Азия чемпионатында, 2016 жылы Роттердамдағы (Голландия) премьер-лига жарысында күміс меальға ие болған. Ал 2016 жылы Линцта (Австрия) өткен әлем чемпионатында 16-орын алған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

Меншікті тілшіміз

Джакартаға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек жазғы Азия ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014, Рио - 2016, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG