Accessibility links

20 келі қазы және мультимедалист


Асланбек Шымбергенов (көк формада) индонезиялық қарсыласымен бокстасып жатқан сәт. Джакарта, 24 тамыз 2018 жыл.

Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында бокс жарысы басталды. Қазақстан бокс құрамасының жоспары қандай?

“АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ОСАЛ ҚАРСЫЛАС БОЛМАЙДЫ”

Алтын медальдың аздығына көңілдері толмай жүрген Қазақстан жанкүйерлері боксшылардан үміт күтеді. 24 тамызда Аслан Шымбергенов (69 келі) пен Азат Махметов (52 келі) екінші айналымға шықты. Шымбергенов алғашқы айналымда индонезиялық Сарохату Лумбатобинді 0:5 есебімен жеңсе, Махметовтің қарсыласы Сұлтан Алнуаими (БАӘ) кездесуге шыққан жоқ. Екінші айналымда Шымбергенов пәкістандық Гул Заибпен, Махметов Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ин Ку Киммен (Оңтүстік Корея) кездеседі. Қазақстанның басқа боксшылары рейтингі жоғары болғандықтан жарысты екінші айналымнан бастайды.

Бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Азаттыққа берген сұхбатында боксшылардың дайындығын “ойдағыдай” деп бағалады.

- Жарысты жеңіспен бастадық. Ары қарай да жеңіс көп болады деп ойлаймыз. Азия ойындарында осал қарсылас болмайы. Әрқайсына жеке дайындалу керек. Жігіттерге айтқанбыз. Жігіттердің жейтін тамағына дейін ойластырдық. Әр жарысқа қазы апарамыз. Жігіттердің асы – қазы. Бұл жолы Джакартаға 20 келі қазы алып келдік, - деді жаттықтырушы.

Айтжановтың айтуынша, Қазақстан құрамасы Джакартадан бес медаль алуды жоспарлайды. “Оның екеуі алтын жүлде деп отырмыз” дейді Қазақстан құрамасын он шақты жыл жаттықтырып жүрген бапкер.

Джакартада бокстан ерлер арасында жеті салмақта ғана медальдар сарапқа салынады. Жарысты ұйымдастырушылар 81, 91, +91 келі салмақты ойындар бағдарламасынан алып тастаған. 2014 жылғы Инчхондағы Азия ойындарында осы үш салмақта алтынды Қазақстан алтын алған еді.

АЗИАДАНЫҢ ҮШ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ

Велоспорттан қазақстандық Алексей Луценко екі күн қатарынан жарысқа қатысып, екеуінде де жеңіске жетті. Тамыздың 23-і күні топтық жарыста, тамыздың 24-інде жекелей жарыста алтын алды. Қазір Луценко Джакартадағы Азия ойындарының мультимедалистерінің (бір жарыста көп медаль иеленген спортшы-ред.) қатарына енген. Қазақстандық велоспортшы 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында топтық жарыста да чемпион атанған. Жастар арасындағы әлем чемпионы Луценко – Азиадада үш алтын алған санаулы қазақстандық спортшылардың бірі.

“Бүгінде екінші алтын үшін соңына дейін күрестім” деді спортшы жекелей жарыстан кейін Қазақстанның ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне.

Алексей Луценко Азия ойындарында. Джакарта, 24 тамыз 2018 жыл.
Алексей Луценко Азия ойындарында. Джакарта, 24 тамыз 2018 жыл.

Ал велоспорттан Қазақстан құрамасының бас бапкері Асан Базаев: “Луценко Азия ойындарында тас жолдағы жарыстың екеуінде де жеңіске жетті. Жекелей жарыста ол әлемдік деңгейдегі спортшы екенін дәлелдеді” деді.

Тамыздың 24-і күні жүзуден Қазақстан ерлер құрамасы (Әділ Қасқабай, Дмитрий Баландин, Әділбек Мусин, Александр Варакин) 4x100 метрлік эстафетада жарысында Қытай мен Жапониядан қалып, қола жүлде иеленді. Қазақстан спортшылары негізгі қарсыластары Сингапур мен Оңтүстік Кореяны озды.

Эстафетадағы қолаға Қазақстан құрамасы қатты қуанды. Команда мүшесі, Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин жарыстан кейін командаластарын құшақтап, қуаныштан жылап жіберді.

"Бұл Диманың (Баландин-ред.) арманы еді. Ол эстафетада медаль алуды армандады. Барымызды салдық" деді Варакин жарыстан кейін.

Ал Әділбек Мусин: "Финал алдында қатты қобалжыдық. Мұндай сәт енді қашан қайталатанынын білмеймін. Арманымыз орындалды" деді.

Қазақстан жүзу құрамасы эстафетаның қола медалін алған сәт. Джакарта, 24 тамыз 2018 жыл.
Қазақстан жүзу құрамасы эстафетаның қола медалін алған сәт. Джакарта, 24 тамыз 2018 жыл.

Дмитрий Баландин Азия ойындарында үш қола иеленді. Ол 50 және 100 метрге брасс әдісімен жүзуде екі рет мәреге үшінші болып келген.

"Эстафетада медаль алу арманым орындалды. Жігіттер арманыма жетуге көмектесті" деді ол жарыстан соң.

Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында тамыздың 24-і күнгі жарыстан кейін Қазақстан барлығы 3 алтын, 7 күміс, 24 қоламен жалпы есепте 11-орында тұр.

Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

Меншікті тілшіміз

Джакартаға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек жазғы Азия ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014, Рио - 2016, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG