Accessibility links

Қазақстанға алтын бұйырмаған күн


Қазақстан балуаны Алмат Кебіспаев (көк формада) Азия ойындарында күресіп жатқан сәт. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.

Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан спортшылары бір күнде жеті медаль жеңіп алды. Бұл жүлделердің барлығы - күміс пен қола. Тамыздың 21-і күні алтынға таласқан қазақстандық екі спортшы финалда оңтүстік кореялық қарсыластарынан жеңілді.

“ҚОЛДА ТҰРҒАН АЛТЫН ЕДІ”

Грек-рим күресінен 67 келіде белдескен қазақстандық Алмат Кебіспаев финалға дейін Тайпей, Үндістан және Иран балуандарын қиналмай жеңді. Ал финалда ол 2013 және 2017 жылғы әлем чемпионы, 2014 жылғы Инчхонда өткен Азия ойындарының жеңімпазы Рю Хан Судан (Оңтүстік Корея) жеңілді.

Алтын үшін өткен күресте соңғы сәтке дейін есеп 4:4 болған. Белдесу аяқталуға 20 секунд қалғанда корей балуаны Кебіспаевтың белінен қапсыра құшақтап, басынан асыра лақтырды. Төрешілер Рю Хан Судың бұл әдісіне екі ұпай берген. Кебіспаевтың бапкері Георгий Цурцумия (грек-рим күресінен Афины олимпиадасының күміс жүлдегері) бұл шешіммен келіспей қарсылық білдірді.

Алмат Кебіспаев (көк формада) пен Рю Хан Су күресіп жатқан сәт. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.
Алмат Кебіспаев (көк формада) пен Рю Хан Су күресіп жатқан сәт. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.

Төрешілер бапкердің қарсылығынан кейін белдесудің сол тұсын қайта қарап, корей балуанының әдісіне бір ұпай берді – 4:5. Бірақ Қазақстан балуаны 20 секундта әдіс жасап үлгермеді. Алмат Кебіспаев қарсыласының арқасынан қағып, Оңтүстік Корея бапкерінің қолын алды да, кілемнен көңілсіз түсіп кетті. Азия ойындарының екі дүркін чемпионы болған 30 жастағы Рю Хан Су елінің туын жамылып, кілемде жүгіріп жүрді.

- Өзім қателік жасадым. Белдесудің басын жақсы бастап, алда келе жаттым. Бұл балуанмен жастар арасындағы жарыстарда кездескен едім. Өте тәжірибелі балуан. Инчхонда ол 67 келіде, мен 59 келіде күрестік. Мен салмақ ауыстырғалы бірінші рет кездестік, - деді Кебіспаев кездесуден кейін Азаттық тілшісіне.

Бұл - 30 жастағы Алмат Кебіспаевтың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Төрт жыл бұрын Инчхонда қола медаль алған еді. Балуан тек 2011 және 2018 жылғы Азия біріншіліктерінде (күрестен әр жыл сайын өтетін құрлық чемпионаты) екі рет алтын алған. 2011 жылғы әлем чемпионатының финалына шығып, жеңілген. 2016 жылғы Рио олимпиадасында қола медальға таласта қарсыласына есе жіберген.

- "Әттеген-ай" іште бар. Қолда тұрған жеңіс еді. Алтынға қол жеткізуге бар мүмкіндік болды. Бұл жетістікке де шүкір. Бәлкім бұл спортшы ретінде мен үшін соңғы Азия ойындары шығар. Алтын болғанда тамаша болар еді. Дегенмен, Азия ойындарының күмісі жоқ еді, ол енді бар. Бастысы, елге құр қол бара жатқан жоқпыз. Биыл Будапеште өтетін әлем чемпионатына қатыспайтын шығармын. Себебі биыл Қазақстан чемпионатын Мейіржан Шермаханбет жеңген. Сол баратын шығар. Сол дұрыс болар. Бапкерлер мені Азия ойындарына әкелді. Мейіржанды әлем біріншілігіне апарамыз деп отыр. Ол бауырыма сәттілік тілеймін, - деді балуан.

Алмат Кебіспаев (сол жақта бірінші) пен Рю Хан Су (сол жақтан санағанда екінші) Азия ойындарының марапаттау рәсімінде. 21 тамыз 2018 жыл.
Алмат Кебіспаев (сол жақта бірінші) пен Рю Хан Су (сол жақтан санағанда екінші) Азия ойындарының марапаттау рәсімінде. 21 тамыз 2018 жыл.

Грек-рим күресінен жарыс өтіп жатқан cпорт кешеніне келген Қазақстанның спорт шенеуніктері мен жанкүйерлер бұл күні Мейрамбек Айнақұловтан да (60 келі) алтын күткен. Балуан 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында, Делиде өткен Азия чемпионатында күміс алған еді. Бірақ Джакартада Айнақұлов қола жүлдемен шектелді. Жартылай финалда Қырғызстан балуаны Қаныбек Жолшыбековтен 0:9 есебімен таза жеңілді. Ал қолаға таласта солтүстік кореялық қарсыласы Ри Се Уннан бірінші үш минуттықтан кейін 0:5 есебімен жеңіліп жатып, екінші үш минуттық кезеңде есепті 13:5-ке жеткізді.

Мейрамбек Айнақұлова (көк формада) пен Ри Се Ун арасындағы белдесу. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.
Мейрамбек Айнақұлова (көк формада) пен Ри Се Ун арасындағы белдесу. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.

Тамыздың 21-і күні әйелдер күресінен 76 келі салмақта Эльмира Сыздықова (Рио олимпиадасының қола жүлдегері) үшінші орын алды. Ол алғашқы кездесуде Қытай балуаны Чжоу Цяньнан жеңіліп қалған. Кейін Цянь финалға шығып, Сыздықова қолаға таласуға мүмкіндік алды. Күрес ережесі бойынша, финалға шыққан балуаннан жеңілген басқа спортшылар жұбаныш кездесулері арқылы қолаға таласады.

Сыздықова қола үшін өткен белдесуде Оңтүстік Корея балуанын жеңді.

ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН ТАЭКВОНДОШЫНЫҢ КҮМІСІ

Оңтүстік кореялық бапкер Ю Енг Джин жаттықтыратын Қазақстан таэквондо құрамасы бір күміс, бір қола алды. Тамыздың 21-і күні Қазақстан құрамасына Түркиядан ауысып келген Жансель Дениз әйелдер арасында +67 келіде күміс иеленді.

Жансель Дениз (қызыл формада) Азия ойындарының финалдық кездесуіне қатысып жатқан сәт. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.
Жансель Дениз (қызыл формада) Азия ойындарының финалдық кездесуіне қатысып жатқан сәт. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.

Ол алғашқы айналымда 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері филиппиндік Кристи Алораны 8:7 есебімен, ширек финалда вьетнамдық Лам Тхи Тханхты 16:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда өзбекстандық Светлана Осиповадан 16:1 есебімен басым түсті. Ал финалда 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Дабин Лимен (Оңтүстік Корея) кездесіп, жеңіп қалды - 21:27.

- Алғашқы Азия ойындарым ғой, алтын алам деп ойладым. Финалда осы оңтүстік кореялық Дабин Лимен кездесемін деп ойладым. Ол өте шапшаң қозғалады. Финалға тактиканы дұрыс таңдамадым. 2017 жылы Тайпейде өткен универсиаданың (студенттер арасындағы ойын-ред.) финалында кездесіп, жеңіліп қалған едім. Алдағы уақытта есе қайтарамын деп ойлаймын, - деді спортшы кездесуден кейін.

Ерлер арасында +81 келіде жарысқа қатысқан қазақстандық таэквондошы Руслан Жапаров Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

ТАРИХИ МЕДАЛЬ

Тамыздың 21-і күні Қазақстан спортшысы Кирилл Казанцев маунтинбайктен (велосипедпен тау ішіндегі жолдар арқылы жарысу) Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Бұл – Қазақстанның маунтинбайктен халықаралық жарыстардағы ең ірі табысы.

“Қола медаль болса да нәтижеме көңілім толады. Бұл қола мен үшін алтынмен тең. Техникалық жағынан бізден әлдеқайда мықты қарсыластарыммен жарысу қиын болды. Қола алмақ түгілі мәреге дейін жетсем деп ойладым” деді спортшы Қазақстан велоспорт федерациясының сайтына берген сұхбатында.

Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы да күміс медаль иеленді. Қазақстан құрамасы Азиадада барлығы бес ойын өткізіп, Қытайдан жеңілді – 4:11. Негізгі қарсыластарының бірі Жапониядан 12:11 есебімен басым түсті. Ал Гонконг, Индонезия, Таиландты ірі есеппен жеңді. Азия ойындарының алтынын Қытай, қоласын Жапония алды.

Қазақстан құрамасының ойыншысы Замира Мырзабекова Жапония ойыншысымен допқа таласып жатқан сәт. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.
Қазақстан құрамасының ойыншысы Замира Мырзабекова Жапония ойыншысымен допқа таласып жатқан сәт. Джакарта, 21 тамыз 2018 жыл.

Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарына үшінші рет қатысты. 2010 жылы Гуанжоудағы Азия ойындарында Жапониядан жеңіліп, күміс иеленген. Ал 2014 жылы Инчхондағы Азиадада қола жүлдегер атанған.

Тамыздың 21-і күні өткен жарыстардан кейін Қазақстан бір алтын, бес күміс, жеті қола медальмен жалпы есепте 10-орында келеді. Семсерлесуден Дмитрий Алексанин Азия ойындарының чемпионы атанған.

Медаль есебінде Қазақстанның негізгі бәсекелестері Индонезия (5 алтын, 2 күміс, 5 қола) төртінші, Иран (4-3-5) бесінші орында келеді. Ал үштікте Қытай (30-18-12), Жапония (12-17-18), Оңтүстік Корея (8-12-14) тұр.

Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

Меншікті тілшіміз

Джакартаға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек жазғы Азия ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014, Рио - 2016, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG