Accessibility links

Астана Сауд Арабиясындағы қазақстандықтарға үндеу жасады

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты
Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты сол елде жүрген қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларын сақтау туралы үндеу жасады.

Министрлік Сауд Арабиясында жүрген қазақстандықтарға сақтық шараларын қатаң сақтауға, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауға, нақты қажеттілік болмаса, әуежайларға бармауға, адам көп жүретін жерден аулақтау болуға, әуе рейстері жайлы анықтаманы әуекомпанияларынан алдын ала нақтылауға шақырды.

СІМ төтенше жағдайға тап болған ел азаматтарына Қазақстанның Эр-Риядтағы елшілігіне немесе Жиддадағы бас консулдығына хабарласуға кеңес берген.

12 қазанда Қырғызстан сыртқы істер министрлігі де осыған ұқсас үндеу жариялап, өз азаматтарын ресми ақпараттарды қадағалап отыруға, әуе рейстері кестесін нақтылауға және қауіп төнуі мүмкін аудандарға бармауға шақырған.

Ал Эр-Риядтағы Өзбекстан елшілігі әуе рейстерінің кестесі мен транзит ережелерінде өзгерістер болуы ықтимал екенін 9 қазанда ескерткен. Дипломатиялық өкілдік өзбекстандықтарға жергілікті билік органдарының нұсқауларын қатаң сақтауға және Йеменмен шекаралас аймақтарға жақындамауға кеңес берді.

Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштері Йемендегі хуситтерге қарсы әскери операция бастағаннан бері Эр-Рияд халықаралық әуежайына бірнеше рет әуе шабуылы жасалып, өткен аптада кемінде 18 адам қаза тапқан. Оның 13-і сенбі, 10 қазанда әуежайға жасалған соққыдан көз жұмып, 300-ден астам адам жараланған. Зардап шеккендер арасында Өзбекстанның екі азаматы болған, оларға медициналық көмек көрсетілген.

Бұл шабуылдарға жауапкершілікті Иранның қолдауына арқа сүйеген йемендік хуситтер өз мойнына алды. Шабуыл нысанасына айналған әуежай жабық тұр.

Өткен аптаның аяғында Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған шабуылдарды айыптап, оларды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG