Accessibility links

Астана соты журналист Азамат Омаровты тергеу абақтысында қалдырды

"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровтың суретінен коллаж
"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровтың суретінен коллаж

Астананың тергеу соты "араздық қоздыру" бабымен қозғалған іс аясында күдікті ретінде абақтыда қамауда отырған "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровтың бұлтартпау шарасын өзгертпеді. Журналисті қорғаушылар соттан бұлтартпау шарасын жеңілірек түріне ауыстыруды сұраған еді.

Омаровтың зайыбы Венера Мұстафинаның айтуынша, ол тергеу абақтысында отырған күйеуімен кездескен. Журналист оған бес орындық камерада төрт адаммен бірге отырғанын, ал сенбі күні душта су қысымы болмағандықтан жуына алмағанын және оларды серуенге де шығармағанын айтқан.

18 шілдеде Астанада полиция Азамат Омаровтың үйіне тінту жүргізген соң оны компьютерлері, қатқыл дискілері мен телефондарымен бірге алып кеткен. Кейін Астана соты оны екі айға қамауға санкция берген.

Адвокатының сөзінше, тергеу орындары Омаровтың желіде жариялаған сатиралық мазмұндағы материалдарында Қазақстанның президенті, үкіметі мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты жайлы айтқан сөздері жұртта билікке деген теріс көзқарас қалыптастырады деп санайды. Ал журналист бұл айыпқа келіспей, жарияланымдарды кәдімгі сатира мен әзіл жанрына жатқызады.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Азамат Омаровтың қамауға алынғанын айыптаған. Бұған дейін құқық қорғау ұйымдары Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабы тым кең ауқымда қолданылатынын айтып, сөз еркіндігін шектеуге байланысты істерде осы бап жиі қолданылатынын бірнеше рет сынға алған.

Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, ешкім ой-пікіріне я саяси ұстанымына бола қудаланбайды дейді.

Айдар
XS
SM
MD
LG