Accessibility links

Иранғайып пен Бегарыстың айтысы


Айтыскерлер Иранғайып Күзембаев (сол жақта) пен Бегарыс Шойбеков. Астана. 8 шілде 2013 жыл.
Айтыскерлер Иранғайып Күзембаев (сол жақта) пен Бегарыс Шойбеков. Астана. 8 шілде 2013 жыл.

Шілденің 8-9-ы күндері Астанада қала күніне орай «Ел, Елбасы, Астана» деген атпен ақындар айтысы өтті.

Айтыстың алғашқы күні 20 ақын сөз сайыстырды. Сахнаға екінші жұп болып шыққан астаналық Иранғайып Күзенбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының айтыскері Бегарыс Шойбеков әлеуметтік тақырыптарды да қозғап отырды.

Айтысты бастаған Иранғайып қарсыласына қарата:

– Шымкенттік жастардың қолдауымен,
Домбыраның думан кеші өткен екен.
Сол думанды талқандап таратыпты,
Сендердегі безбүйрек бектер бекем, – деп, соңғы уақытта Қазақстанның әр жерлерінде «Dombyra party» деген атпен көшеде өтіп жүрген, жастардың домбыра тарту шарасын қудалаған полицейлер жайлы айтты.

– Домбыра тартқандарды қуып жатса,
Деймісің полицейдің қылмысы ғой.
Полицияда өкімет өкілі еді,
Бұлар оның машыққан үрдісі ғой.
Айтысыңды эфирден қуып шыққан,
Үкіметтен үйренген үлгісі ғой, – деген қарсыласы айтысқа келген қауымның қошаметіне бөленді.

Иранғайып Күзенбаев сөз арасында қарсыласының жасын да тілге тиек етіп:

– Айтысқа жиырма шақты ақын шықты,
Арасында бар еді төрт-бес кәрі, – деді.

Бегарыс Шойбеков бұл сөзге былайша қарымта жауап қайтарды:

– Отыздың ортасын жүрген бізді,
Алжыған кәртеміске қиып кетті.
Айтыскер ақын Бегарыс Шойбеков. Астана 8 шілде 2013 жыл.
Айтыскер ақын Бегарыс Шойбеков. Астана 8 шілде 2013 жыл.
Жетпістен асқан да ел басқарып жүр,
Несі бар ел-жұртына сүйікті етсе.
Алжығанның көкесі сонда болады,
Жоспарыңның барлығы күйіп кетсе.
Отыздағы біздерді атқан оғың,
Жетпістегі көкеңе тиіп кетсе.

Бегарыс Шойбеков астана күніне орай өткен айтыста Астанадағы баспана тақырыбын да қозғады:

– Лондон мен Парижден үйің қымбат,
Сонда қандай пайда бар сенен елге.
Сен әлі Париж бола қойған жоқсың,
Егерде келер болсақ жеме-жемге.
Шын Астана боласың қазағыңды
Бақыт пен баспанаға бөлегенде.
«Астана – арман қала» деп жатыр ғой,
Біреулер теңеу таппай теңегенге.
Үй түгіл үйшік алу арман болса,
Не дейсің «Арман қала» демегенде.

Айтыстың екінші айналымына қазылардың бірауыздан дауыс беруімен Бегарыс Шойбеков өтті.
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:22 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG