Accessibility links

Астанада самса пісіретін орында газ жарылып, төрт адам зардап шекті

16 шілде күні Астананың Байқоңыр ауданындағы "Сапа" базарында самса пісіріп жатқан бөлмеде газ жарылып, төрт адам зардап шеккен.

Алдын ала дерек бойынша, тандыр пеш орналасқан бөлмедегі газ баллоны жарылған. Салдарынан ғимараттың төбесі мен есігі жартылай қирап, жақын маңда тұрған Toyota көлігі де зақымдалған.

Полиция төтенше оқиғадан түрлі жарақат алған төрт адам ауруханаға жеткізілді деп хабарлады. Олардың екеуі – 41 және 19 жастағы Өзбекстан азаматтары, өзге екеуі Қазақстан азаматтары – 16 жасар жасөспірім мен 27 жастағы жігіт.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, тандыр дүкені базар ішіндегі қос қабатты әкімшілік ғимаратта орналасқан. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа 50 литрлік баллон ішіндегі газдың сыртқа тесіп шығуы себеп болған.

Өткен айдың басында Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті мемлекеттік органдарға қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондары қалай сақталып, пайдаланылатынын тексеруді тапсырған. Биыл 27 ақпанға қараған түні Ақмола облысы Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы кафеде болған өрт салдарынан 12 адам қаза тапқаннан кейін құрылған арнайы жұмыс тобы дәмханаларда газ баллонын пайдалануға тыйым салу мүмкіндігін қарастырған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG