Accessibility links

Атырауда бір отбасының төрт адамын өлтіру қылмысы бойынша сот басталды

18 мамырда Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Жангелдин ауылындағы бір отбасының 4 мүшесін өлтірді деген айып тағылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды.

29 жастағы Сәрсемәлиевке "екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бабымен, оған қоса ұрлық және алаяқтық баптары бойынша да айыптар тағылған.

Сот отырысына қаза тапқандардың туыстары, тұрғындар және Атырауға әр өңірден барған журналистер жиналды, деп жазды жергілікті басылымдар.

2025 жылдың аяғында Жангелдин ауылында бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен еді. Биыл 6 қаңтарда егде жастағы ерлі-зайыптының мәйіті үйінің сарайынан табылды. Сол кезде отбасының күйеубаласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікке ілініп, оған іздеу жарияланған.

Ақпан айының аяғында Сәрсемалиев зайыбымен бірге Индонезияда ұсталып, ізінше Қазақстанға экстрадицияланған. Олар елге жеткізілген соң, наурыздың басында, әлгі отбасының хабар-ошарсыз кеткен тағы екі адамының сүйегі табылғаны белгілі болды. Тергеу қорытындысына сәйкес, айыпталушы тергеу кезінде мәйіттер көмілген жер мен оқиға орнын көрсеткен.

Атырау облыстық прокуратурасы бұған дейін психологиялық-психиатриялық сараптама Сұлтан Сәрсемәлиевтің "ақыл-есі дұрыс" деген қорытындыға келгенін айтқан.

Қоғамда резонанс тудырған бұл қылмысты тергеу ісі осыдан бір аптадан астам уақыт бұрын аяқталып, сотқа жіберілген.

Айдар
XS
SM
MD
LG