20 тамыз күні Азаттықтың Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунты тағы да бұғатқа түсті. Желі қолданушылар бейсенбі күні Астана уақытымен таңертеңгі сағат 9 шамасынан бері Азаттықтың Instagram-парағы ашылмай қалғанын хабарлап жатыр.
Әлеуметтік желі платформасы Азаттық аккаунтын бұған дейін де екі рет бұғаттап (8 және 10 шілде күндері), оның себебін "авторлық құқық бұзылғаны туралы шағым түсуіне байланысты" деп түсіндірген. Алайда Азаттық контент жариялаған кезде барлық заң талаптарын сақтағанын көрсетіп, дәлел келтіргеннен кейін Instagram-парағы қайтарылған.
Бұл жолы да Instagram әкімшілігі Азаттықтың желіде жариялаған контенті платформаны пайдалану ережесіне сай келмейтінін алға тартқан, бірақ нақты қай пост қандай талапқа сай емесін атап көрсетпеген.
Азаттықтың Instagram-аккаунты Қазақстанда жаңа Конституция бойынша алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс беруге санаулы күн қалғанда бұғатталып отыр.
Осы аптаның басында қазақстандық және халықаралық 10 құқық қорғау ұйымы 23 тамызда өтетін алғашқы Құрылтай сайлау қарсаңда Қазақстанда тәуелсіз журналистер мен медиаға жасалып жатқан қысымның кез-келген түрін дереу тоқтатуға, оларға еркін хабар таратуына мүмкіндік беруге шақырған. Олар билікті сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігі жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтауға үндеген.
17 тамызда Қазақстанның вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзі басқаратын мемлекеттік мекеме БАҚ және журналистердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын, масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде ең алдымен сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсететін мәлімдеген.
"Мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес" деп жазды Балаева әлеуметтік желідегі парағына.
Қазақстанда тәуелсіз журналистер, құқық қорғаушылар мен кейбір медиа-арналар әлеуметтік желідегі аккаунттары/контенті бұғатталып я өшіріліп қалғанын бұған дейін бірнеше рет хабарлаған. Олар өздеріне қарсы шектеудің қитұрқы әдісі – олардың үстінен "авторлық құқықты бұзды" деген жалған шағым түсіру жаппай қолданылатынын айтқан.
Жалған ақпаратпен күрес мәселесін зерттеушілер "авторлық құқық бұзылды деген шағым түсіру журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерінің үнін өшірудің жиі қолданылатын тәсіліне айналып барады" деген. Олар журналистер мен белсенділерге жасалатын мұндай цифрлық шабуылды "азаматтық қоғам үшін үлкен қатерге" балаған.