Accessibility links

Бұрынғы министрдің түрме мерзімі ұзартылды


Әзербайжанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Әли Инсанов cотта отыр.

Баку аудандық соты Әзербайжанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі, бірнеше жылдан бері түрмеде алдыңғы жазасын өтеп жатқан Әли Инсановты «психотроптық дәрілер сақтады», «түрме қызметкеріне шабуылдап, жарақаттады» деген айыптармен тағы жеті жылға соттады.

Инсановты қорғаушылар екі айыпты да негізсіз, шындыққа жанаспайды және жеткілікті дәлелденбеген дейді. 71 жастағы Инсанов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды, «істің саяси астары бар» деп біледі.

11 жылын түрмеде өткізген бұрынғы министр бұл айыптарды өзінің түрмеден босап шығуының уақыты 2018 жылдың қазанында болатын президент сайлауына тұспа-тұс келмес үшін биліктің әдейі жасап отырған әрекеті деп санайды.

Инсанов Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің әкесі, осы елдің бұрынғы президент Гейдар Әлиевпен жақсы жолдас болған, 1990 жылы биліктегі «Эни Әзербайжан» партиясын бірге құрған. Алғаш рет оны Илхам Әлиев президент болғаннан кейін, 2005 жылы қазан айында, парламенттік сайлау алдында тұтқындады.

Сол кезде оған және бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге әкесінің орнын басқан Илхам Әлиевке қарсы төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылды. Кейін бұл айыпты алып тастады, бірақ 2007 жылы Инсанов мемлекеттік медицина мекемелерін заңсыз жекешелендіріп алды, жемқорлық пен жалған құжат жасады деген айыппен 11 жылға сотталды.

Алты жылдан соң, 2013 жылдың наурызында Страсбургтегі Адам құқығы жөніндегі Еуропа соты Инсановқа қатысты әділ сот өтпеген, оны адамгершілікке қайшы жағдайда түрлі түзету орындарында ұстап, қорлаған деп мәлімдеді.

Сот шешімі бойынша Әзербайжан билігі өтемақы ретінде Инсановқа 10 мың еуро (10 896 доллар) төлеуге тиіс болды. Әзербайжан үкіметі бұл шешімді елеген жоқ. Инсанов бұдан соң Еуропа кеңесіне жүгінді.

Екі айдан соң Әзербайжан Жоғарғы соты Инсановтың түрмедегі мерзіміне қарсы шағымын қабылдамау туралы бұйрықтың күшін жойып, Баку аппеляциялық сотында қайта тыңдау өткізуге бұйырды.

Инсановтың адвокаттары мен құқық қорғаушылардың айтуынша, бес күнге созылған сот тыңдауы істі қарау тәртібін өрескел бұза отырып өткізілген. 2014 жылы ақпан айында судья 11 жылдық жаза мерзімін толық өтеу туралы шешімді күшінде қалдырды. Инсановтың айтуынша, мұндай шешім шығуына президент Әлиев тікелей ықпал еткен.

Инсанов бұған дейін Әлиевті Әзербайжанның Каспийдегі мұнайын сатқаннан түскен ақшаны өзі алып отыр және «әскери-саяси режим құрды» деп айыптаған еді. Түрмедегі 11 жылдық мерзімі аяқталуға жақын қалғанда, 2016 жылдың тамызында Инсановқа «түрме қызметкерін ұрып-соқты», «психотропты заттар сақтады» деген жаңа айыптар тағылды. Әзербайжан Жоғарғы соты қайта өткен сот тыңдауы кезінде жаза мерзімі аяқталуға бірнеше апта ғана қалған Инсановты қайта соттап жіберді.

Қорғаушылар айыптаушы тараптың ешқандай нақты дәлел ұсынбағанын айтады. Сәуірдің 20-сы күні «Кавказский узел» жаңалықтар порталының жазуынша, түрмені тінту кезінде табылған таблеткалар психотроптық болуы мүмкін емес, себебі түсі ақ емес, боялған болып шыққан.

Инсановтың қорғаушылары жаңа айыптауға Инсановтың 2013 жылғы президент сайлауы кезінде оппозициялық үміткер Камил Хасанлиді ашық қолдауы себеп болды деп санайды. Себебі, бұрынғы экономикалық даму министрі Фархад Әлиев (Илхам Әлиевтің туысы емес) 2005 жылы Инсановпен бірге тұтқындалса да қазіргі президенттің кандидатурасын қолдаған соң рақымшылық алып, түрмеден шыққан.

Лиз Фуллердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG