Accessibility links

БАҚ: Украина Ресей аумағына шабуылға британдық дрондарды қолдана бастаған

Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернхэм (оң жақта) мен Украина президенті Владимир Зеленский Портсмуттағы әскери-теңіз базасында. Ұлыбритания, 27 шілде, 2026 жыл. Сурет авторы: Аарон Чоун
Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернхэм (оң жақта) мен Украина президенті Владимир Зеленский Портсмуттағы әскери-теңіз базасында. Ұлыбритания, 27 шілде, 2026 жыл. Сурет авторы: Аарон Чоун

Украина әскері Ресейдің ішкері аумағындағы нысандарға әуеден шабуыл жасауға Ұлыбританияда өндірілген дрондарды пайдалана бастаған болуы мүмкін. 16 тамызда британдық The Sunday Times газеті Ұлыбритания мен Украинадағы аты-жөні жарияланбаған алты дереккөзге сүйеніп осылай деп хабарлады.

ВВС медиасы да әскери ортадағы ақпараттан хабардар дереккөздің Sunday Times таратқан мәліметті растағанын жазды. Алайда әзірге Лондон мен Киев бұл жөнінде ресми түсініктеме берген жоқ. Азаттық радиосының қолында британ басылымдары таратқан бұл хабарды растайтындай өзге тәуелсіз дереккөздерден алынған ақпарат жоқ.

The Sunday Times дерегінше, кейінгі айларда Украина күштері Ресей аумағына әуеден жасаған шабуылдарға BAE Systems компаниясының еншілес кәсіпорны шығарған Nyan реактивті шабуылдаушы дрондарды, сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында атауы жарияланбаған тағы бір британдық компанияның ұшқышсыз аппараттарын қолданған. Басылым сөйлескен украиналық дереккөз алыс қашықтықтағы нысаналарға шабуылдардың басым бөлігі Украинада жасалған дрондардың көмегімен іске асырылатынын атап өткен.

Басылым мақаласында британдық дрондар қолданылған нысандар қатарында Волгоград пен Ярославльдегі мұнай өңдеу зауыттарын, әскери-теңіз базаларын және логистика орталықтарын (оның ішінде Wildberries те бар) атаған.

2026 жылдың маусым–шілде айларында қорғаныс саласына маманданған басылымдар Nyan дрондары Украинадағы шайқастарда қолданылып жатыр деп жазған еді. Алайда олардың Ресей аумағындағы операцияларда пайдаланылғаны туралы бұған дейін айтылмаған.

Бұл — Ресей аумағына жасалған шабуылдарға британдық қару қолданылған болуы мүмкін екені жайлы алғашқы мәлімет емес. Бұған дейін Украина Ресейдегі нысандарға соққы жасау үшін британдық Storm Shadow зымырандарын пайдаланған. Мәскеу әзірге кейінгі жарияланған ақпаратқа байланысты пікір білдірген жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG