BBC Travel Алматыны 2027 жылы саяхаттауға тұрарлық 20 үздік орынның тізіміне қосты

Алматы облысындағы Шарын шатқалы – туристер көп баратын орындардың бірі
Алматы облысындағы Шарын шатқалы – туристер көп баратын орындардың бірі

Британиялық BBC Travel басылымы Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыны "2027 жылы саяхаттауға тұрарлық ең үздік 20 орын" (The 20 best places to travel in 2027) тізіміне енгізді.

Алматыны қар басқан таңғажайып табиғат аясындағы өркендеген өнер сахнасы бар қала деп сипаттаған басылым Тянь-Шань тауларының бөктерінде орналасқан Алматы бұған дейін Ұлы Жібек жолы бойындағы Бұхара мен Самарқанның тасасында, саяхатшылар назарынан тыс қалып келгенін айтады. Әйткенмен Еуропа мен Азияның тоғысындағы бұл қала өзіндік гастрономиясымен, өнерімен және дизайнымен кейінгі кезде туристердің назарын тартып, халықаралық деңгейде танылып отыр деп жазады.

Басылым Алматыда Орталық Азиядағы ірі заманауи өнер музейлерінің бірі Almaty Museum of Arts, сәулетші Асиф Ханның жобасы бойынша жаңартылған "Целинный" мәдениет орталығы мен қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңғыртқан жергілікті шеберлердің қолынан шыққан туындылар, The Spirit of Tengri сынды халықаралық заманауи этностық музыка фестивалі туралы да айтқан.

BBC Travel биыл жариялаған тізімге Орталық Азиядан жалғыз Алматы ғана кірген. Онымен бірге Франциядағы Бургундия, Италиядағы Сардиния, Канададағы Альберта, Жапониядағы Исэ-Сима түбегі және Жаңа Зеландиядағы Крайстчерч сияқты әлемге әйгілі туристік бағыттар бар.

BBC Travel жыл сайын саяхатшыларға тың әсер мен жаңаша мәдени көзқарас сыйлайтын, сонымен бірге жергілікті халыққа табыс әкелетін мекендерді таңдап, тізімін жариялап отырады.

​
XS
SM
MD
LG