Accessibility links

Оралда "Путин диктатурасына" қарсы жалғыз адамдық пикет өтті


Оралдың Абай алаңында "Путин диктатурасына" қарсы жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Бекболат Өтебаевқа қала әкімдігінің қызметкері келді. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 26 қаңтар, 2021 жыл.
Оралдың Абай алаңында "Путин диктатурасына" қарсы жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Бекболат Өтебаевқа қала әкімдігінің қызметкері келді. Орал, Батыс Қазақстан облысы, 26 қаңтар, 2021 жыл.

26 қаңтарда Орал тұрғыны Бекболат Өтепов қаладағы орталық алаңға шығып, Ресейде қамауда отырған оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйды және Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалды босатуды талап етті.

Түс ауа қала әкімдігінің алдындағы Абай алаңына шыққан Өтепов "Навальный мен Фургалға бостандық" деп жазылған плакат көтерді.

— Ресей халқына қолдау көрсетіп, Навальный мен Фургалды босатуды талап етуге шықтым, себебі олар Ресей азаматтарының құқығы үшін күресіп жатыр. Ресейде не болып жатқанын көріп отырмын, бұл – барып тұрған бассыздық, фашизм, Путиннің диктатурасы, — деді Өтебаев.

Өтебаев "бауырлас халықты" "сылбыр болмай, өз құқықтарын қорғауға", олардың "болашағы үшін күресіп жатқандарды" қолдауға шақырды.

Арада 15 минут өткенде пикет орнына полицейлер келіп, оқиғаны алыстан бақылап тұрды. Одан соң Өтебаевқа әкімдік өкілі келіп, билікпен келіспеген шараны өткізгені үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті.

— Наразылық шарасын өткізерден бес күн бұрын ескерту жіберуіңіз керек еді. Қазіргі әрекетіңіз заңсыз, шараны тоқтатыңыз, — деді өзін Әли деп таныстырған ішкі саясат бөлімінің өкілі.

Бекболат Өтебаев "жалғыз адамдық бейбіт қарсылық шарасын өткізу — әр азаматтың Конституция кепілдік берген құқығы" екенін айтып, алаңнан кетуден бас тартты.

— "Жалғыз адамның бейбіт қарсылық шарасын өткізуіне тыйым салынады" деген қағазды көрсет, сонда кетемін. Бұл құжат болмайынша, сізді тыңдамаймын, — деді Өтебаев.

Әкімдік өкілі Бекболат Өтебаевты бірнеше рет суретке түсіріп, кетіп қалды.

Өтебаевтың пикеті жарты сағатқа созылды.

Өткен сенбіде Ресейдің ірі қалаларының көбінде оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйды босатуды талап еткен митингілер өтті. Былтыр жазда өз елінде "Новичок" уымен уланып, Германияда емделген Навальный 17 қаңтарда Мәскеуге ұшып келген жерінде қамауға алынған. Навальный Ресейдің федералдық қауіпсіздік бюросы мен Ресей президенті Владимир Путин өзін өлтірмек болды деп санайды. Кремль бұл айыпты жоққа шығарады. 23 қаңтардағы наразылық шарасы – Ресейде соңғы бірнеше жылдың көлемінде болған ең ірі демонстрация деп танылды. Кей есептеулер бойынша, ел аумағындағы демонстрацияларға 250 мыңдай адам қатысқан. Мәскеудің өзінде орталық алаңға 40 мыңға жуық адам келді. "ОВД-Инфо" орталығының мәліметі бойынша, сол күні полиция 3,5 мыңнан астам адамды ұстаған.

Ресейдің Хабаровск өлкесінің губернаторы Сергей Фургал былтыр шілдеде 15 жыл бұрын кәсіпкерді өлтіруге қатысты деген күдікпен қамауға алынды. Ол бұл айыпты жоққа шығарып, тергеушілердің қысым жасап жатқанын айтты. Фургалдың жақтастары ол саяси мақсатпен қысым көріп жатыр деп санайды. Себебі бірнеше жыл бұрын өткен жергілікті сайлауда ол биліктегі "Единая Россия" партиясының өкілін жеңіп кеткен. Жаздан бері Хабаровск өлкесінің қалаларында Фургалды қолдаушылар наразылығы жексенбі сайын өтіп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG