Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдығы шиеленіскен халықаралық жағдай тұсында өтіп жатыр және едәуір бөлігіне осы ұйым мүшелерінің қатысы бар. Қытай, Ресей, Иран секілді елдер үшін бұл ұйым нақты нәтижеден гөрі Батыс әлеміне өз ықпалын көрсету құралы болуы мүмкін.
Бішкектегі саммит Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 25 жылдығы тұсында өтіп жатыр. Қазіргі халықаралық шиеленістердің басым бөлігі осы ұйымға мүше елдердің қатысуымен өрбіп келеді.
Иран АҚШ-пен соғысып жатыр, ал Ресейдің Украинаға қарсы соғысының аяқталатын түрі жоқ, Қытай АҚШ-тың сауда қысымына ұшырап отыр, ал ядролық қаруы бар және өзара бәсекелес Үндістан мен Пәкістан бір үстел басында отыруға мәжбүр.
Ұйымға Орталық Азиядан Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан мүше. Бір жағынан, бұл елдер аймақ деңгейінде маңызды ойыншы саналады. Екінші жағынан, Қытай, Ресей, Үндістан және ШЫҰ-ға мүше емес АҚШ осы аймақтағы ықпалын арттырғысы келеді.
Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің басылымы "Жэньминь жибаоға" берген сұхбатында ШЫҰ бас хатшысы, қазақстандық Нұрлан Ермекбаев "Шанхай рухын" жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл ұғым аясына өзара сенім, құрмет және өзара тиімділік кіреді. Ермекбаевтың пікірінше, ШЫҰ осы қасиеттері арқылы "Жаһандық оңтүстік" елдері үшін тартымды болып отыр.
Алайда осы "ортақ құндылықтардың" ар жағында терең қайшылықтар бар. Ұйым мүшелері ШЫҰ алаңын өздерінің мүдделері үшін, көбіне бір-бірімен бәсекелесетін мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдаланады.
Қырғызстандық саясаттанушы Эмиль Жураевтың айтуынша, ұйымның әр мүшесінің "өз ұстанымы бар, ал ірі державалардың көзқарастары бір-бірінен сәйкес келе бермейді".
"Қытай мен Үндістанның көптеген мәселе бойынша ұстаным әрқилы, олардың арасында даулы мәселелер де бар" дейді Жураев. "Ресей әлемдегі ықпалын арттырғысы келеді және соғысты тоқтататын түрі жоқ. Оған қоса Иранды да атап өтуге болады. Барлығы да Иран не істер екен деп күтіп отыр"
ШЫҰ-ның 26-саммиті Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан негізін қалаған ұйымның 25 жылдығында өтіп жатыр. Қазір оған Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь та мүше. Ұйым аясында бақылаушы мәртебесіне ие елдер мен диалог бойынша әріптестер де бар. Барлығын қоса алғанда ұйым әлем халқының жартысына жуығын, әлемдік экономиканың ширек бөлігін қамтиды.
"Бүгін Бішкек әлемнің астанасы болып тұр" деп жазды 31 тамыз күні жергілікті басылымдардың бірі. Осы күні ұйымға мүше елдердің басшылары Қырғызстан астанасында өтетін қарсаңында екіжақты кездесулерін өткізіп жатты.
1 қыркүйекте өтетін саммитте Бішкек декларациясы қабылданып, қауіпсіздік, экономика, көлік, қоршаған орта, жасанды интеллект, мәдениет және гуманитарлық әріптестік бойынша бірқатар мәлімдемелер мен шешімдер шығады деп күтіліп отыр.
Бұған дейінгі жиындарда аса маңызды шешімдер қабылдана қойған жоқ. Сондықтан ұйымның ірі де, шағын да мүшелері үшін бұл жолы нақты нәтижеден гөрі сыртқы әсер маңыздырақ болуы мүмкін.
Азия зерттеулері жөніндегі Орталық Еуропа резидент емес зерттеушісі, Азаттықтың бұрынғы тілшісі Рид Стэндиштің айтуынша, ұйым ішіндегі терең қайшылықтарға қарамастан, саммит ШЫҰ мүшелері мен бақылаушыларына халықаралық аренада бірге көрініп, ірі ұжымдық күштің салмағын көрсетуге мүмкіндік береді.
"Ұйымның айтарлықтай саяси жетістіктері болмауы және ішкі бақталастықтары оның жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ ШЫҰ Батыс державалары үстемдік етпейтін алаңда осы елдердің көшбасшыларын бір жерге жинау арқылы белгілі бір мақсатқа қызмет етіп отыр. Ұйымға мүше елдердің басшылары мұны маңызды деп санайтыны анық, әйтпесе олар саммитке келмес еді" дейді Стэндиш.
Қытай ықпалы және АҚШ қысымы
Қытай – ШЫҰ-ның ең ықпалды мүшесі. Оның экономикасының ірі болуы Пекинді халықаралық сауда қысымына ұшыратып отыр.
31 тамыз күні АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Ашвилл қаласында "Үлкен жиырмалық" елдерінің қаржы министрлері мен орталық банк жетекшілері қатысқан саммит өтті. Соның қарсаңында АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Қытаймен сауда қатынасын қайта қарауға шақыратынын айтты. Ол Қытаймен саудадағы 1,2 трлн болатын сауда профицитін тұрақсыз деп санайтынын мәлімдеді.
Өткен аптада Бессент әлем елдерін Иранмен байланысын үзуге шақырып, мұны "Тегеран жалғыз қалғанға дейін осы тирандық режимді ұстап тұрған барлық экономикалық тіршілік көзін кесу" әрекетінің бір бөлігі деп атады.
Ал Иран ШЫҰ саммиті арқылы жалғыз емес екенін көрсеткісі келеді.
"Иран мен АҚШ арасындағы текетірес жағдайында бұл жерде Батыстың ықпалы мен қысымына қатысты мәлімдемелер күшейеді деп күтуге болады немесе Ирандағы процестермен келіспейтінін білдіретін, "Сендер дұрыс істеп жатқан жоқсыңдар" деген мазмұндағы мәлімдеме жасалуы мүмкін" дейді қырғыз саясаттанушысы Шынара Есенгүл.
Ресейдің көздегені де осыған ұқсайды. Батыс Украинаға қарсы соғыс жүргізіп отырған Мәскеуге қарсы санкцияларын күшейтіп келеді. Ал 2023 жылы Халықаралық қылмыстық сот Украинадағы балаларды Ресейге заңсыз әкету бойынша соғыс қылмысын жасады деген күдікпен Путинді тұтқындауға ордер шығарған.
"Ал [Қытай үшін] ШЫҰ жиыны әлемге Батыс көшбасшыларының қатысуынсыз-ақ жаһандық маңызды шешімдер қабылдауға болатынын көрсететін пайдалы саяси көрініс қызметін атқарады" дейді Стэндиш.
Қырғыз қызметімен бірлесіп жазылды.