Accessibility links

БРИКС "Батыс үстемдігіне" балама ма?

БРИКС-қа мүше елдер басшылары. Нью-Дели, 12 қыркүйек, 2026 жыл.
БРИКС-қа мүше елдер басшылары. Нью-Дели, 12 қыркүйек, 2026 жыл.

Демалыс күндері Делиде БРИКС ұйымының 20 жылдығына орай саммит өтті. БРИКС+ форматында өткен жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Көп сарапшы бұл ұйымды әлемдегі Батыстың үстемдігіне қарсы ұйым деп санайды. Бірақ оған мүше елдердің өз арасында шешілмеген мәселе көп.

Ұйым 2009 жылы құрылып, негізін қалаушы төрт ел — Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытайдың алғашқы әріптерімен BRIC деп аталды. Құрамына 2011 жылы Оңтүстік Африка Республикасы қосылып, BRICS болды. Кейін оған басқа елдер қосылғанымен, атауы сол қалпы қалды. Қазір оған 11 ел мүше. Аталғандарынан бөлек оның құрамында Египет, Эфиопия, Иран, БАӘ, Индонезия және Сауд Арабиясы бар.

2025 жылы 10 ел БРИКС-пен "серіктес елдер" деген статус алды. Олардың қатарында Беларусь, Боливия, Вьетнам, Куба, Малайзия, Нигерия, Өзбекстан, Тайланд және Угандамен бірге Қазақстан да бар. Бұл елдердің басшылары Делиде өткен жиынға БРИКС+ форматында қатысты.

"НАҚТЫ ШЕШІМДЕР ҰСЫНАТЫН ЭКОЖҮЙЕ"

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпиньнің БРИКС саммитінде көшет отырғызып, достық рәуіште суретке түскен сәті жиындағы ең есте қалған мезеттің бірі болды. Financial Times басылымының жазуынша, Трамп пен Еуропа жетекшілері өзара қырбай болып жатқанда қол ұстасқан олар әлемде ендігәрі Батыс елдері үстемдік етпейтінін аңғартқысы келгендей. Нарендра Моди ұйым мүшелері бұдан әрі өзгелер көрсетіп берген ережеге бағынушы емес, сол ережені жазып, қалыптастырушы ретінде бой көрсетуі керек деп мәлімдеді. БРИКС-тің шетелдегі отырысына Владимир Путин 2022 жылдан бері бірінше рет барып қатысты. Бұл Украинадағы соғысқа бола Ресей әлемнен оқшауланып қалмағанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Үндістанмен арасы салқын Си Цзиньпинь де Нью-Делиге жеті жылда бірінші рет табан тіреді.

БРИКС саммитіне қатысып тұрған Иран президенті Месуд Пезешкиян, Ресей президенті Владимир Путин және Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Нью-Дели, 11 қыркүйек, 2026 жыл. (Ресейдің мемлекеттік "Спутник" агенттігі таратқан фото)
БРИКС саммитіне қатысып тұрған Иран президенті Месуд Пезешкиян, Ресей президенті Владимир Путин және Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Нью-Дели, 11 қыркүйек, 2026 жыл. (Ресейдің мемлекеттік "Спутник" агенттігі таратқан фото)


– БРИКС деген – әшейін елдер бірлестігі емес, нақты шешімдер ұсынатын экожүйе. Кейінгі екі күндегі талқы осыны көрсетті. Саммит барысында қабылданған Нью-Дели декларациясы ортақ пайымымыз бен болашақ ынтымақтастығымызға айқын бағыт береді деп үміттенеміз. Айтылған уәделерді түбінде айқын нәтиже көрсететіндей іс-әрекеттерге айналуы керек, – деді Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди.

ДҮРДАРАЗДЫҚ

Екі күндік жиында Нью-Дели декларациясы қабылданды. Таяу Шығыстағы азаматтық нысандарға шабуылдар айыпталғанымен, ешкім нақты бір елдің атын атап, түсін түстемеді. Әлемдегі тариф саясатының “әділетсіздігі” де сөз болғанымен не АҚШ, не Трампқа тиіспеді. Ал Украинадағы соғыс жайында құжатқа бірде-бір сөйлем жазылмады. "Би-би-си" саммит символизмге толы болғанымен, шын мәнінде оның мүшелері өзара тату екені күмән туғызады деп жазды.

"Бұларды шынайы одақтастар деп атау қиын. Арасында ұзақтан келе жатқан шекара дауы бар, тіпті әскери қақтығыстар да болған".

Дегенмен БРИКС-қа мүше елдер басшыларын бір жерге жинай алуының өзі —"үлкен жетістік әрі" Үндістанның "дипломатиялық ықпалының айғағы". "Бірақ жаңа әлемдік тәртіп қандай болуы керек екені жайлы келісімге келу және нақты, айқын нәтижелерге қол жеткізу — әлдеқайда қиын міндет, әрі осы демалыс күндері өткен саммитте дәл сол шиеленіс сезіліп тұрды", — деп жазды "Би-би-си".

"ОРТА ДЕРЖАВАЛАР САЛМАҚТЫ ҮН ҚОСУЫ КЕРЕК"

Саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Ол әлемдегі тұрақсыздық жайына алаңдайтынын айтып, келіспеушіліктерді реттеу жолында Біріккен Ұлттар Ұйымының маңызы зор екенін айтты.

— Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады, — деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен "БРИКС Плюс" саммитінде сөз сөйлеп отыр. 13 қыркүйек 2026 жыл. Сурет: Akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен "БРИКС Плюс" саммитінде сөз сөйлеп отыр. 13 қыркүйек 2026 жыл. Сурет: Akorda.kz

Оның айтуынша, Астана "серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, Біріккен Ұлттар Ұйымының көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады".

Биыл БРИКС-тің 20 жылдығы. Атаулы дата әлемде геосаяси ахуал күрделенген кезеңмен тұспа-тұс келді. Ұйымға мүше елдер өзара қарым-қатынасты жақсартуға ниетті екенін байқатты. Бірақ оның нәтижесі қандай болары әлі белгілі емес. Келесі жылғы отырыс Қытайда өтпек.

Саммит не шешті, ұйымның болашағы қандай? Осы мәселелер бойынша бұрынғы дипломат, саяси сарапшы Қазбек Бейсебаевтың пікірін сұрадық.

"ӘЛЕМ ӨЗГЕРІП КЕЛЕДІ, БРИКС - СОНЫҢ БІР БЕЛГІСІ"

Азаттық: Қазбек мырза, БРИКС саммитінде Үндістан премьер-министрі бұл ұйымды «ешкімге қарсы құрылған ұйым емес» деп сендіруге тырысты. Бірақ көп сарапшы бұл блокты әлемде АҚШ-тың үстемдігін, Еуропаның ықпалын әлсірету үшін құрылған деп есептейді. Кешегі саммит сіздіңше нені дәлелдеді?

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер.

Қазбек Бейсебаев: Бұрын әлемнің тағдыры мен мәселесін шешетін Батыс мемлекеттері еді. Мысалы, оларда құрамына негізінен Батыс елдері кіретін G7 бар. Сол бірлестік туындаған мәселені өздері шешеді, өйткені басты сөзді Батыс мемлекеттері айтады: экономика да, жоғары технологиялар да, күш те — бәрі соларда. Ал БРИКС-ті алсақ, әлемдегі тоғыз миллиардтай халықтың жартысына жуығы осы ұйымға мүше елдерде тұрады. Оның жалпы ішкі өнімі де әлемдік көрсеткіштің 30-40 пайызындай. Демек, бұрын мән берілмей келген мемлекеттер бүгінде жер шарының ірі ойыншыларына, державаға айналды.

Сондықтан бұл бірлестік Америкаға, Батыс әлеміне: «Біз де күшті болдық, бізбен санасыңдар» деген ойды жеткізіп отыр. Әрине, БРИКС — іші-сырты түгел үйлескен мықты құрылым емес. Дегенмен оған мүше мемлекеттер өз орнын көрсете бастады. Қарапайым тілмен айтқанда, олар Батысқа өз күшін мойындатқысы келеді.

Азаттық: Бұл ұйым саяси әлде экономикалық блок ретінде бірлігін нығайта ала ма? Өйткені кейбір сарапшылар бұл ұйымға мүше елдердің өз арасында шешілмеген дау көп дейді.

Қазбек Бейсебаев: Иә, оған келісемін. Бұл ұйым басқа мемлекеттерге қарсы біріккен, біртұтас саяси ұйым деп нақты айта алмаймын. Оның ішінде де қайшылықтар бар, мәселен, Пәкістан мен Үндістанның арасында. Сол сияқты, БРИКС-ке кіретін Иран мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында да түйткіл жетерлік. Сондықтан мұны Батысқа қарсы тұрған біртұтас саяси ұйым деп айта алмаймын.

Тоқаевтың сапары, Боқаевтың соты, Ресейдің дроны — AzatNEWS l 14.09.2026
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:16 0:00

Бірақ бұлар бірлестік ретінде АҚШ пен Батыс әлеміне: «Біз де күштіміз, бізбен санасыңдар» дегенді көрсетуді басты мақсат етіп отыр. Жақында БРИКС санкцияға қарсымыз деп мәлімдеме жасады. Санкция дегеніміз — Батыстың қолындағы банк, қаржы жүйесі арқылы басқа мемлекеттерге қысым жасау тетігі. Ал БРИКС: «Жоқ, олай болмайды. Біз өзіміздің банкімізді құрамыз, өзара ұлттық валютамен саудаласамыз» деп отыр. Осы арқылы ол өз күшінің, әлеуетінің бар екенін көрсетіп жатыр. Оны көрсетуге күші де жетеді, негіз де бар. Сондықтан БРИКС-ті G7 мен G20-ға балама деуге болады.

Азаттық: Үндістанда өткен БРИКС саммитінде Дели декларациясы қабылданды. Декларацияда Таяу Шығыстағы соғыс, АҚШ пен Иранның арасындағы қақтығыс, бейбіт адамдардың зардап шегіп жатқаны туралы айтылды, бірақ Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, ол жерде де бейбіт адамдардың қаза тауып, зардап шегіп жатқаны жөнінде ештеңе айтылмапты. Осыған қарап БРИКС-тің бұл декларациясы туралы қандай қорытынды жасауға болады?

Қазбек Бейсебаев: Иран мен Газа мәселесінде БРИКС мүшелерінің ұстанымы негізінен бірдей. Ал Украина туралы ештеңе айтылмауы — Ресей дипломатиясының жетістігі. Меніңше, Ресей дипломаттары әріптестерімен алдын ала сөйлесіп: «Бұл мәселені көтермеңдер» деп келіскен. Өйткені Қытай мен Ресей өзара серіктес, халықаралық мәселелерде ұстанымдары бір жерден шығады. Үндістан мен Ресейдің арасында да алшақтық, елеулі қайшылық жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, Ресей «бұл мәселені күн тәртібіне енгізбеңдер» деген, ал өзгелері келіскен.

Дегенмен, екінші жағынан, бұл мемлекеттер үшін бейбітшілік те маңызды. Украина соғысы да, Иран төңірегіндегі оқиғалар бәрін алаңдатады. Сондықтан БРИКС болсын, G7 болсын, түптеп келгенде екеуі де мәселені бейбіт жолмен шешуге мүдделі.

Азаттық: Өзіңіз білесіз, Қазақстан БРИКС ұйымының толыққанды мүшесі емес. Әзірге серіктес ел ретінде БРИКС+ форматында ғана қатысып жүр. Мәскеу мен Пекин негізін қалап отырған ұйымға Астана неге әлі күнге толыққанды мүше болмай отыр деп ойлайсыз?

Қазбек Бейсебаев: Мұны шынымен мойындауымыз керек — бізде оған кіретіндей салмақ жоқ. Қарап көріңізші: Үндістан мен Қытай — әлемнің алдыңғы экономикалары, Ресей де алдыңғы бестіктің қатарында. Иран да — мықты мемлекет. Ал біз экономика жағынан да, саяси ықпал жағынан да оларға әлі жетпей тұрмыз, мұны мойындағанымыз жөн. Сондықтан біз бұл елдермен серіктес ретінде қатысып жатырмыз. Бірақ бұл бізге тиімді, өйткені БРИКС-тің рөлі мен орны күшейе береді, ал оның нығаюы Қазақстанға пайдалы.

Азаттық: Толыққанды мүше болмауымызға Еуропа мен Американың ықпалы жоқ па?

Қазбек Бейсебаев: Батыс мемлекеттері БРИКС-ті қарсы блок ретінде таныған жоқ. Бұл — жай бірлестік, саяси ұйым емес деп санады. Қазір батыстың, яғни Еуропа мен АҚШ-тың әлемдегі орны мен үлесі бұрынғыдай емес, азайып барады. Өткен ғасырда Американың үлесі әлем экономикасының жиырма пайызындай болса, қазір ол кеми түсті. Қазір бәрін олар шешпейді. Әрине, Батыс әлі күшті, ықпалы да бар, бірақ бұрынғыдай емес. Ал БРИКС елдері — Үндістан, Бразилия, басқа да Латын Америкасы мемлекеттері — керісінше күшейіп келеді. Әлем өзгеріп жатыр, ал БРИКС — сол өзгерістің бір белгісі.

XS
SM
MD
LG