Accessibility links

Терроризмге қарсы жаттығу ма, әлде қыр көрсету ме?


"Орталық-2019" жаттығуы кезінде. Сарышаған полигоны, Қазақстан.
"Орталық-2019" жаттығуы кезінде. Сарышаған полигоны, Қазақстан.

Ресейдің "Орталық Азия стратегиялық бағытында қауіпсіздікті қамтамасыз ету" мақсатын көздейтін ірі әскери жаттығуы өтіп жатқан жеті аймақтың алтауы Қазақстанмен шектеседі. Жаттығуға Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы әскери полигондар да пайдаланылды. Сарапшылар Мәскеу Батыс елдеріне әскери күш-қуатымен қыр көрсетуге тырысып отыр деп санайды.

Ресейде 16-21 қыркүйек аралығында өтіп жатқан "Орталық-2019" деп аталатын стратегиялық штабтық-командалық жаттығуға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Үндістан да қатысып отыр. Мәскеудің дерегінше, жаттығуға 128 мың әскери қызметкер, 20 мыңнан аса қару-жарақ пен әскери техника, 600-ге жуық ұшу аппараты және 15 кеме тартылған.

Жаттығу Орынбор облысындағы Донгуз полигонында басталған. Полигон орталығы Қазақстан шекарасынан 75 километр жердегі Первомайский ауылында орналасқан. Ресей қорғаныс министрлігінің дерегінше, жаттығу негізінен Орынбор, Астрахань, Челябинск, Курган, Кемеров облыстары, Алтай өлкесі, Дағыстан мен Каспий теңізінде өтіп жатыр. Қазақстанмен Кемеров облысы және Қазақстанмен Каспий теңізі арқылы байланысатын Дағыстаннан басқа аймақтар құрлықта Қазақстанмен шектеседі.

Қазақстан аумағында "Орталық-2019" жаттығуын өткізуге төрт полигон жері берілген: Шығыс Қазақстан облысындағы "Шығыс", Қарағанды облысындағы "Сарышаған" және Жамбыл облысындағы "Теріс-Ащыбұлак" пен "Айша-бибі".

Қазақстан қорғаныс министрлігі "Орталық-2019" жаттығуы туралы жалпы мәлімет пен жаттығу біткен соң Қытай әскери техникасы транзит бағытымен Қазақстан аумағы арқылы өтетіні жайлы алғашқы ақпаратты қыркүйектің 18-інде жариялаған. Келесі күні әскерилер Сарышағаннан зымырандар ұшырғанда, Қазақстан қорғаныс министрлігі баспасөз хабарламасында оны "бірлескен жаттығудың ең маңызды бөлігі" деп атады.

Қазақстан жаттығу туралы мардымсыз ақпарат берді, оған қанша қазақстандық әскери қатысып жатқаны айтылмайды.

Қазақстанның Сарышаған полигонындағы "Орталық-2019" әскери жаттығуы.
Қазақстанның Сарышаған полигонындағы "Орталық-2019" әскери жаттығуы.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі болса Қазақстан аумағындағы жаттығулардың қалай өткені туралы егжей-тегжейлі мәліметті: ресейлік "Град" қаруымен "Шығыс" полигонындағы шартты "жаудың" техникасы мен әскерін жойғанын, Орал тауынан әкелінген "Искандер" зымыран кешенінен "Сарышағандағы" "терроршылар лагерь базасын" атып, талқандағанын, ресейлік жаяу әскер қазақстандық сарбаздармен бірлесіп Жамбыл облысындағы "қарулы құрылымдарды" қоршауға алып, көзін жойғанын, Шығыс Қазақстан облысындағы "елдімекенге жақын маңда "дұшпанды" құртқанын", ал "Панцирь-С" зеңбірек кешені қазақстандық әскерилердің дүркіндете ататын реактивтік қару жүйесіне қолдау көрсеткенін апта басынан бері жариялап келеді.

ТЕРРОРШЫЛАР ШАБУЫЛЫН ТОЙТАРУ МА, ӘЛДЕ "ӘСКЕРГЕ ҚАРСЫ ӘСКЕР" МЕ?

Ресей тарапы "Орталық-2019" - терроризмге қарсы күресу мақсатындағы жаттығу деп сипаттайды. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу "жаттығу басқа елдерге қарсы бағытталмаған, қарсы тарап ретінде "терроризмді таратушы" шартты мемлекеттер алынды" деп мәлімдеген. Шойгудың орынбасары Юнус-Бек Евкуров жаттығудың тағы бір мақсаты - "Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау" деді.

Ресейдің "Военно-промышленный курьер" газеті "жаттығу сценарийі терроризммен күреске болмашы ғана ұқсайды, ал шын мәнінде "әскерге қарсы әскер" классикалық соғыс іс-қимылы пысықталып, алғашқы кезеңде қарсыластың шабуылына (әуе-зымыран соққысын қоса алғанда) тойтарыс берілген соң қарсы шабуылға көшетін екінші кезеңге ұласады" деп жазды.

АҚШ-тың Jamestown Foundation талдау орталығы өз есебінде "Орталық-2019" жаттығуы "терроризмге қарсы күреске емес, мемлекетаралық соғысқа дайындыққа ұқсайды" деп сипаттады.

Ресейлік журналист әрі әскери сарапшы Александр Гольцтың пікірінше, "әлдебір мемлекеттің әскери күшін басқыншылық мақсатқа қолдануы мүмкін" екендігін ескермеуге болмайтындықтан, Ресей мен жаттығуға қатысушы басқа елдердің классикалық соғысқа қарсы іс-қимылдарға дайындалуында оғаштық жоқ. "Бірақ бәрі саяси коннотацияға, Қазақстанда немесе басқа елде қоғамның бұл жаттығуға қалай қарайтындығына байланысты" дейді ол.

Ресейлік әскери сарапшы Александр Гольц.
Ресейлік әскери сарапшы Александр Гольц.

- Жаттығу кезінде "дұшпан" мемлекет жеріндегі плацдармдарды, содан кейін әскер жеткізу үшін аэродромдарды басып алу әдістері пысықталады. Меніңше, Ресей Орталық Азиядағы мүддесі мен аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құқылы. Оның (Ресейдің) Украинада істегенінен өзгешелігі сол, Орталық Азияда азамат соғысының алдын-алу Ресейдің қауіпсіздік саласындағы заңды мүддесіне жатады, - дейді Александр Гольц.

2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алған Ресейдің ісін әлем қауымдастығы 21 ғасырда шекараны қайта бөліске салу деп қабылдады. Батыс елдері Мәскеудің іс-қимылын айыптап, оған қарсы экономикалық санкциялар салды. Шығыс Украинада үкіметке қарулы қарсылық көрсетіп жатқан сепаратистерге Ресейдің қолдау көрсетуі (бес жылда жанжал салдарынан 13 мың адам қаза болды) Шығыс Еуропа мен Балтық бойындағы елдердің алаңдаушылығын туғызып, олар НАТО ұйымына өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап, өтініш жасаған.

ҚАУІПСІЗДІККЕ ТӨНЕТІН ҚАТЕРЛЕР ЖӘНЕ "НАТО-ҒА БЕЛГІ БЕРУ"

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, отставкадағы генерал-майор Әмірбек Тоғысовтың пікірінше, Ресей өзінің оңтүстіктегі шекарасын, "Ауғанстанмен шектесетін Орталық Азия елдері аумағына кез келген уақытта экстремистік топтар еніп кетуі мүмкін" болғандықтан, ең осал тұсы санайды.

Сарапшының ойынша, Орталық Азиядағы мемлекеттердің барлығы Ресейдің әскери және геосаяси мүддесі аясына енеді.

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысов.
Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысов.

- Орталық Азия мемлекеттері әскери техниканы негізінен қайдан алады? Ресейден. Орта және жоғары шенді офицерлері қайда оқиды? Ресейде. Сондықтан ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған, өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) қазір нақ осы Орта Азияны соғыс алаңына айналдыруы мүмкін болғандықтан, бұл жерде кәдімгідей қарулы жанжал болуы ықтимал, - дейді Әмірбек Тоғысов.

Әскери сарапшы және ресейлік журналист Александр Гольц Ауғанстандағы жағдайдың тұрақсыз екенін ескерер болсақ, қарулы содырлардың Орталық Азияға кіру қаупі бар деп есептейді.

- Көп сарапшы тәліптер (Ауғанстандағы "Талибан" радикалдық қозғалысын айтады - ред.) ерте ме, кеш пе, Ауғанстандағы билікті бәрібір қолына алады – бұл бар болғаны уақыттың еншісіндегі іс дегенге сенеді. Ондай жағдайда негізгі қауіп әлсіз авторитарлық режимге айналған постсоветтік елдерге төнеді: бұл жерде ішкі қайшылықтар күшейіп, тіпті азамат соғысына алып келуі мүмкін деген болжамдар айтуға болады, - дейді Александр Гольц.

Азаттық сөйлескен сарапшылардың пікірінше, "Орталық-2019" жаттығуы терроризмге қарсы күреске дайындықты пысықтаудан бөлек, "қыр көрсетуді" де білдіреді.

- Бұл жаттығулардың саяси маңызына келсек, Ресей АҚШ пен батыс елдеріне қазір терроризмге қарсы үш ядролық держава – Ресей, Қытай мен Үндістан бірігіп, үлкен күшке айналды деген дипломатиялық белгі беріп отыр, - дейді отставкадағы генерал-лейтенант Әмірбек Тоғысов.

Биыл жазда Грузияда Agile Spirit кең көлемді әскери жаттығуына арасында НАТО-ға мүше елдермен бірге Грузия, Украина да бар, барлығы 14 мемлекеттен үш мыңға жуық әскери қатысты. Осымен тоғызыншы рет өткен жаттығуға байланысты алаңдаушылық білдірген Мәскеу оған қатысатын елдер саны жыл сайын көбейіп, жаттығудың өзі "шабуылдаушы сипатқа айнала бастағанын" мәлімдеген еді.

Грузиядағы әскери жаттығуға қатысушылар. Көрнекі сурет.
Грузиядағы әскери жаттығуға қатысушылар. Көрнекі сурет.

Жаттығу басталардан бұрын Ресейдің Sputnik мемлекеттік ақпарат агенттігінің сайтында колумнист Александр Хроленко "Орталық-2019" жаттығуы "Ресейдің, оның одақтастары мен әріптестерінің Пентагон мен НАТО-ның қолы жетпейтіндей, теңдесі жоқ қорғаныс мүмкіндігін күллі әлемге паш етеді" деп жазды.

Әмірбек Тоғысовтың пікірінше, әскери күш-қуатын көрсетуден бөлек, Ресейдің көздеп отырған экономикалық мүддесі де бар. Осы жаттығуда Ресей өз әскери техникасының мүмкіндіктерін ықтимал сатып алушы елдерге – Үндістан, Қытай мен Пәкістанға көрсете алады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG