Accessibility links

Ресей-Украина тартысы. Орталық Азиядағы "дыбыссыз режимдегі" тақырып


Ресей мен Беларусь қарулы күштерінің "Одақ шешімі – 2022" бірлескен жаттығуына қатысқан ресейлік С-400 зымыран кешені. Ресей қорғаныс министрлігі 2022 жылғы 9 ақпанда таратқан видеосынан скриншот.
Ресей мен Беларусь қарулы күштерінің "Одақ шешімі – 2022" бірлескен жаттығуына қатысқан ресейлік С-400 зымыран кешені. Ресей қорғаныс министрлігі 2022 жылғы 9 ақпанда таратқан видеосынан скриншот.

Ресей мен Украина арасындағы текетіресте Орталық Азия елдерінің ұстанымын қалай бағалауға болады, олардың ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер мен мүше емес елдер арасындағы айырма байқалды ма?

Ресей мен Беларусь қарулы күштерінің бірлескен жаттығуына қатысып жатқан танкілер. Ресей қорғаныс министрлігі 2022 жылғы 4 ақпанда таратқан видеосынан скриншот.Украина 16 ақпанды Бірлік күні деп жариялады. Ел президенті Владимир Зеленский тиісті жарлыққа қол қойып, "бұл күні туымызды тігіп, көк-сары ленталы киім киіп, бірлігімізді әлемге паш етеміз" деп үндеу тастады. Кейбір ақпарат құралдары 16 ақпанда Ресей Украинаға шабуылдауы мүмкін деп болжаған. Ресей осындай іс-әрекетке баруы мүмкін екені айтылып, бұдан кейінгі даталар да аталған.

"ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ" МЕН САНКЦИЯ АРАСЫНДАҒЫ ЖАТТЫҒУ

15 ақпанда Ресейдің Украина шекарасына жақын маңда жаттығудан Оңтүстік және Батыс әскери округтерінің кері қайтатыны туралы ақпарат тарады.

Ресей қорғаныс министрлігі 2022 жылғы 15 ақпанда Батыс әскери округіне қарасты бөлімдердің әскери танкілері тұрақты базасына қайтып бара жатыр деп таратқан видеодан скриншот.
Ресей қорғаныс министрлігі 2022 жылғы 15 ақпанда Батыс әскери округіне қарасты бөлімдердің әскери танкілері тұрақты базасына қайтып бара жатыр деп таратқан видеодан скриншот.

Алайда қауіп бірден сейіле қойған жоқ. Мәселен, Conflict Intelligence Team зерттеу тобы сарапшылары Украина шекарасына жақын маңдағы әскердің тұрақты дислокация орнына қайтқан белгісі байқалмағанын айтады.

10 ақпаннан бері Ресей мен Беларусь Украина шекарасы маңында бұрын-соңды болмаған әскери күштің қатысуымен 10 күндік жаттығу өткізіп жатыр. Бұл Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы қауіпті ұлғайта түскен. Мәскеу болса соғыс болуы ықтимал деген сөзді жоққа шығаруға тырысады.

Ресей мен Беларусь қарулы күштерінің "Одақ шешімі – 2022" жаттығуы қарсылас болады деген Батыс елдері мен Украинаның агрессиясына тойтарыс беруге дайын екенін көрсетуді көздейді.

Ресей қорғаныс министрлігі бұған қоса терроризмді тойтару және одақтас елдердің мүддесін қорғау осы жаттығудың мақсаты екенін хабарлаған. Министрліктің мәліметіне қарағанда, Ресей президенті Владимир Путин мен Александр Лукашенко мұндай біріккен жаттығу өткізуді желтоқсан айында қуаттаған.

Ресей мен Беларусь қарулы күштерінің бірлескен жаттығуы кезінде ұшып бара жатқан ресейлік Ту-22М3 бомбалаушы ұшағы (сол жақта) мен Су-35 жойғыш ұшағы. Ресей қорғаныс министрлігі 2022 жылғы 9 ақпанда таратқан видеосынан скриншот.
Ресей мен Беларусь қарулы күштерінің бірлескен жаттығуы кезінде ұшып бара жатқан ресейлік Ту-22М3 бомбалаушы ұшағы (сол жақта) мен Су-35 жойғыш ұшағы. Ресей қорғаныс министрлігі 2022 жылғы 9 ақпанда таратқан видеосынан скриншот.

Әскери жаттығуға қатысып жатқан техника мен адам саны туралы әртүрлі дерек айтылады. БАҚ мәліметіне қарағанда, әскер саны 100 мыңның ар жақ-бер жағын құрайды. Кей жерде 120 мыңға дейін деген сан аталып қалады. Ресей осы жаттығуға С-400 кешені, "Панцирь-1" дивизиондарын, Су-35С және Су25СМ ұшақтарын жіберген деген дерек бар.

Ресей әскері мен әскери техникасының Украина шекарасы маңына бұрын-соңды болмаған мөлшерде шоғырлануы Украинамен қоса Батыс елдерін алаңдатып отыр. Батыс Ресейді әскерін Украина шекарасы маңынан қайтаруға шақырған. Олай болмаған жағдайда Мәскеу бұрын-соңды болмаған санкцияға ұшырамақ. Кремль болса, Украинаны басып алу жоспары жоғын айтып, Батыс елдерін Украинаны НАТО құрамына тартып, қарумен жабдықтайды деп айыптайды. Ресей осы орайда Батыс елдерімен келіссөздерде Украинаны емес, өзіне қажетті "қауіпсіздік кепілі" туралы жиі айтады. Мәскеу Украинаны НАТО-ға қабылдаудан бас тарту қағидатты мәселе екенін аңдатқан.

Осы аралықта кейбір елдер Киевтегі елшіліктеріндегі қызметкер санын азайтып, АҚШ елшілігін уақытша Львовқа көшірген. Бұған қоса, АҚШ Украинаны саяхаттауға болмайтын елдердің "қызыл тізіміне" енгізген. Көршілес Польшада Украинадан баруы мүмкін босқындар өткелін жасақтай бастағаны хабарланды. Ресей болса, 14 ақпанға ауған түннен бастап 19 ақпанға дейін Қырым түбегі маңындағы бірнеше аумақтың үстінен ұшақ ұшыру қауіпті екенін ескертті.

"ҮНДЕМЕЙ АЛАҢДАУ"

Қазақстандық сарапшы Думан Қабдығалиев Ресей – Украина текетіресі кезінде Орталық Азия елдерінің күту позициясында қалатынын айтады. "Өйткені бұл тек екі ел арасындағы дау ғана емес, Ресей мен Батыс елдері арасындағы мәселені қамтиды. Украинаның НАТО құрамына енуі мүмкін екені Ресейдің шамына тиеді" дейді ол.

Сарапшы бұған дейін Орталық Азия елдерінің 2008 жылы "Грузия - Ресей дағдарысы" тұсында және бертінде Ресейдің Қырымды аннексиялауы кезінде де ақырына дейін үнсіз отырғанын еске алады.

Ресейдің жетекшілігімен Тәжікстанның Харб-Майдон полигонында өтіп жатқан ҰҚШҰ жаттығуына қатысуға келген Ресей, Қазақстан және Беларусь әскерилері. 23 қазан 2021 жыл.
Ресейдің жетекшілігімен Тәжікстанның Харб-Майдон полигонында өтіп жатқан ҰҚШҰ жаттығуына қатысуға келген Ресей, Қазақстан және Беларусь әскерилері. 23 қазан 2021 жыл.

Бірақ ол Орталық Азия елдерінің ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның алаңдаушылығы басым болатынын айтады.

– Ресей Украинаға басып кіре қалғандай болса, оған санкция салынуы мүмкін. Осы санкциялардың бір ұшы Еуразия одағы және ҰҚШҰ аясында Ресейдің одақтасы саналатын аймақ елдеріне де тиіп кетуі мүмкін. Мәселен, Қаңтар оқиғасын өткерген Қазақстанға бұл ауыр соғуы ықтимал. Ал Орталық Азиядағы ҰҚШҰ-ға енбейтін екі мемлекет – Түркіменстан мен Өзбекстан да Ресейдің Украинаға күш көрсетуінен сескенеді. Себебі Путин бұрынғы Совет одағы аясында өзіне жақындаспаған елдерге күш көрсету саясатын ұстанып келеді, – дейді Думан Қабдығалиев Азаттыққа.

Сарапшының айтуынша, Украина мен Ресей арасында соғыс бола қалса, Орталық Азия елдерінің бұл екі елмен өзара сауда-экономикалық қатынасына нұқсан келеді. "Әлбетте, Орталық Азия соғыс сценарийін жақтамайды" дейді ол.

"ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН" КЕЙІНГІ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ"

Қырғызстандық сарапшы Эмилбек Жороев Украина-Ресей текетіресі Орталық Азияда аз талқыланатынын және "дыбыссыз режимге" қойылған тақырыпқа айналғанын айтады. Алайда бұл тақырып Орталық Азия елдері басшыларын толғандырмайды дегенді білдірмейді. Орталық Азия елдерінің әрқайсы Украинамен өзара екіжақты қарым-қатынас қалыптастырғанымен қоса бір одақта болғанын ұмыта алмайды деп есептейді ол.

– Ал Ресеймен Орталық Азия елдері үнемі өте тығыз қарым-қатынас қалыптастырған. Осы қатынас аймақ елдері басшыларының Украина мәселесіндегі ұстанымына әсер етпей қалмақ емес. Орталық Азия елдерінің барлығы Ресей мен Украина арасында соғыс болғанын қаламайды. Бұл соғыс ешкімге, әсіресе, Орталық Азия үшін қызық емес, – дейді Эмилбек Жороев.

Қазақстанға Қаңтар оқиғасы кезінде Ақорданың сұрауымен ҰҚШҰ құрамында келген Ресей сарбаздары Алматыда телекоммуникация компаниясының кеңсесін күзетіп тұр. 12 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстанға Қаңтар оқиғасы кезінде Ақорданың сұрауымен ҰҚШҰ құрамында келген Ресей сарбаздары Алматыда телекоммуникация компаниясының кеңсесін күзетіп тұр. 12 қаңтар 2022 жыл.

Сарапшы Орталық Азия елдері халықаралық істе Ресей ұстанымынан қауіптенетінін де айтады.

– Алайда Орталық Азия елдері басшылары Кремль ұстанымымен келіспейтінін ашық білдіре алмайды. Аймақтағы барлық ел осындай "дыбыссыз", томаға-тұйық ұстанымда отыр. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл тіптен нәзік, күрделі мәселеге айналған. Бұл оқиғаға Ресейдің ҰҚШҰ атымен араласып, рөл ойнауы Орталық Азия елдері басшыларының ашық пікір айтуына кедергі болады. Өйткені ондай пікір айтылса, соңы қандай салдарға соқтыратынын Орталық Азия елдері басшылары жақсы біледі, – дейді Эмилбек Жороев.

ҰҚШҰ-ға мүше болсын-болмасын, Орталық Азиядағы елдердің ешқайсы соғысты қаламайды дейді сарапшы.

– Орталық Азия елдерінің ұстанымы ҰҚШҰ-ға мүше және мүше емес елдер арасында әркелкі деп айта алмаймын. Орталық Азияның қай елі болса да Ресей мен Украина арасындағы текетірестің соғыссыз, оң шешілуін қалайды, – дейді сарапшы Азаттыққа.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ РЕСЕЙДЕГІ МИГРАНТТАРЫНА ӘСЕРІ

Тәжікстан сарапшылары Ресей-Украина текетіресінде аймақ елдері нақты ұстаным белгілемегенін айтады. Олардың топшылауынша, Ресей мен Украина арасында соғыс өрті тұтанар болса, Ресейге бағынышты аймақтық ұйымдарға мүше Тәжікстан тәрізді елдер Мәскеуді қолдауға міндетті болады. Дегенмен аймақ елдері Батыстың қаржылай көмегіне мұқтаж. "Тәжікстан мәселені диалогпен шешуді қолдауға тиіс" дейді жергілікті сарапшы Сейфулло Сафаров Азаттықтың Тәжік қызметіне.

Тәжікстан сарапшыларының пайымдауынша, жағдайдың қазіргі күйде тұрғаны немесе Ресейге санкция енгізілуі Тәжікстан экономикасына да айтарлықтай әсер етпек. Ресейде Тәжікстанның бір миллионнан астам мигранты жүр. Олардан аударылатын қаржы Тәжікстан экономикасы үшін маңызды. 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялауы кезінде санкциядан соң Ресей экономикасы зардап шегіп, тәжік мигранттары аударатын қаржы да қатты қысқарған болатын.

Ал Францияда тұратын өзбекстандық сарапшы Камолиддин Раббимов Ресей әскерінің Украина шекарасынан ығыса бастағанына мән берген. Ол бұл әрекет соғыс қатерін азайтты деп санайды.

– Бұл әзірше соғыс қатерін азайту процесі басталғанын білдіреді. Путиннің 14 қаңтарда сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуінде келіссөздерді жалғастыру қуатталды, – дейді сарапшы Азаттыққа.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған кезде де Орталық Азия елдері бірыңғай ұстанымда болмаған. БҰҰ-дағы Қырымға қатысты құжаттарды бұл елдердің кейбірі қолдаса, кейбірі қалыс қалып, кейбірі қарсы дауыс берген. Кейбір құжатқа дауыс беру кезінде дауыс беруге қатыспаған Орталық Азия елдері де болған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG