Accessibility links

Тәжікстандық "жауап фабрикасы" мен қазақстандық "нұрботтар"


Тәжікстандық "тролльдер" жазбаларынан коллаж.
Тәжікстандық "тролльдер" жазбаларынан коллаж.

Тәжікстан білім және ғылым министрлігінің кемінде бес қызметкері әлеуметтік желілерде жалған аккаунт ашып, түрлі сайттарға комментарий жазып, "тролль фабрикасында" жұмыс істегендерін мойындады. Министрлік ондайға қатысы барын жоққа шығарады.

"Бұның барлығы мені ығыр етті… Құдайдың құтты күні өзге жұмысымды ысырып қойып, әлдекімді қаралайтын мақала жазуға немесе Facebook желісіндегі қайсыбір жазбаға "лайк" басуға мәжбүрмін. Қашанғы осылай бола береді деп өзімнен ылғи сұраймын" дейді Тәжікстандағы жоғарғы оқу орындарының бірінің оқытушысы. Ол білім және ғылым министрлігінің оқытушылар мен студенттерге әлеуметтік желіде бәзбіреуді қаралау немесе Тәжікстан президенті я министрді қорғап пікір жазу туралы жиі тапсырма беретінін айтады.

"ТРОЛЛЬ ФАБРИКАСЫ" ДЕГЕН НЕ?

Әдетте үкімет саяси мақсатқа пайдаланатын топтар осындай шартты атауға ие. Өздері мүддесін қорғайтын елдер немесе ұйымдарға байланысты оларды түрліше атайды. Мысалы, Ресейде олар "кремльшіл боттар", "веб-бригадалар", "тролль фабрикасы" ретінде белгілі. Тәжікстанда оларды "Фабрикаи чавоб" ("Жауап фабрикасы") деп атайды.

Тәжікстандық "тролльдер" мен "боттар" міндетіне БАҚ сайттарында, интернет форумдарда, блогтар мен әлеуметтік желілерде түрлі тақырыпқа хабарлар, пост және комментарийлер жазу жатады. Олардың жазба, комментарийлері әдетте агрессиялық сипатта болады.

Азаттықтың Тәжік қызметіне (Радио Озоди) хат жолдаған "тролль" (редакция оның аты-жөнін анықтаған) тәжікстандық "тролль фабрикасын" елдің күш құрылымдары құрғанын, алайда оның жұмысына білім және ғылым министрлігі қызметкерлерін - жоғарғы оқу орындары оқытушылары мен орта мектеп мұғалімдерін жұмылдыратынын айтады. "Негізінен, әрине, жоғарғы оқу орындарының оқытушыларын мәжбүрлеп жегеді" деп жазады автор.

Оның сөзінше, "тролльдерге" тапсырманы министрлік береді, ал министрлікке Тәжікстанның екі күш құрылымынан пәрмен түседі. Олар шұғыл түрде немесе нақты бір күні әлеуметтік желіде азаматтық белсенділер я оппозиция жақтастарын қаралау науқанын бастауды бұйырады.

"ТРОЛЛЬ ​ФАБРИКАСЫ" МА, ӘЛДЕ "ТАЛДАУ ТОБЫ​" МА?

Озоди радиосына тағы бір оқырман жолдаған хатта тәжікстандық "тролль фабрикасының" жұмысына байланысты бірнеше құжат келтірілген. Олардың арасында Тәжікстан білім және ғылым министрінің орынбасары Рахматулло Мирбобоевтың мекеме жанынан "ақпараттық-талдау топтар" құру туралы бұйрығы бар.

Министрліктің жоғары лауазымды қызметкерінің атынан жазылған құжаттарда әлгіндей топтарға қай тақырыпқа мақала жазу және әлеуметтік желілердегі қандай пікірталастарға қатысу керектігі жайлы міндет қойған. Бұған қоса "ақпараттық-талдау топтары" жетекшілеріне "атқарылған жұмыс қорытындысы жөнінде есеп дайындау" жүктелген.

Хат авторының жазуынша, әр топта 10 адамнан бар.

"Олар әлеуметтік желілерде жалған есімдермен тіркелген. "Талдаушылардың" жалпы саны 400-ге жуық. Егер әрбірінде 10 есімнен барын ескерсек, БАҚ сайттарында, интернет форумдарда, блогтар мен әлеуметтік желілерде түрлі тақырып ашып, әртүрлі пост, хабар және комментарий жариялауға төрт мыңға жуық "адам" қатысады деген сөз" деп жазады хат авторы.

Тәжікстан білім және ғылым министрлігі ғимараты.
Тәжікстан білім және ғылым министрлігі ғимараты.

Тәжікстанның білім және ғылым министрлігі болса "тролль фабрикасын" құруға еш қатысымыз жоқ дейді. Мекеменің баспасөз хатшысы Эхсон Сафарзоданың сөзінше, министрлік жоғарғы оқу орындары қызметкерлерін тек бір-ақ рет, "Ховар" ұлттық ақпараттық агенттігі ұйымдастырған "Біз экстремизмге қарсымыз" акциясына қатысуға шақырған.

"[Ол] хат студенттер радикалды ағымдарға, кейбіреуі "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы қатарына қосыла бастаған кезде жіберілген. Хатта біз жоғарғы оқу орындарына насихат топтарын ұйымдастыру және студенттер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу туралы кеңес бергенбіз" дейді Эхсон Сафарзода.

ҚҰЖАТТАРДА НЕ АЙТЫЛҒАН?

Ал Озоди радиосына түскен құжаттар күш құрылымдары мен білім министрлігі қызметкерлерінің қарқынды жұмыс істегенін байқатады. Министрлік "ақпараттық-талдау топтары" мүшелерінен Facebook әлеуметтік желісінде министр Нуриддин Саидты қорғауды талап еткен.

Келесі бір құжатта "бүгін сағат 21-де желі қолданушыларымен кезекті әңгіме өткізгелі отырған" елде тыйым салынған "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" жетекшісі Мухиддин Кабириге тойтарыс беруге шақырған.

Тағы бір хатта: "Мәлім болғанындай, шетелдік қожайындарынан нұсқау алған кей мүдделі топтар интернет бағасының қымбаттауын желеу етіп, туған астанамыздың тұрғындарын, соның ішінде жастарды наразылық акцияларына шақырып жатыр" деп жазылған. Хат авторы топ мүшелерінен "қырағылық танытып, шырық бұзатындарға тойтарыс беруді және өз күдік-секемі туралы құқық қорғау органдарына хабарлауды" сұраған.

"Ақпараттық-талдау топтарының" бірінің бұрынғы мүшесі Рахим Махмадовтың (аты-жөні өзгертілді) сөзінше, бұйрықты орындамаған "тролль" қатаң сөгіс алып, тіпті жұмыстан қуылады.

Махмадов оппозиция өкілдерін қаралайтын мақалалар әдетте "Алик Малик" немесе "Лаку Пак" тәрізді бір-ақ рет пайдаланылатын есімдермен жарияланатынын айтады. "Тролльдердің" көбінде журналистік тәжірибе жоқ, сондықтан "шығармаларында" стилистикалық және орфографиялық қателер көп кездеседі. Сол себепті көбіне өздері желі қолданушыларының сынына ұшырап, мазаққа қалады" дейді ол.

Махмадовтың айтуынша, "тролль фабрикасы" "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" мен оның жетекшісі Мухиддин Кабириді және шетелде тұратын тәжік оппозиционерлерін нысанаға алады.

"Жоғарғы оқу орындары немесе мемлекеттік мекемелердің ресми сайттарын ашсаңыз оппозиционерлердің айтқан сөздері мен мақалаларына қарсы тапсырыс бойынша берілген "жауаптар" мен "реакцияларды" көптеп табасыз" дейді ол.

ҚАНША "​ФАБРИКА" БАР​?

"Тролль фабрикасының" жұмысынан хабардар дереккөздердің Озоди радиосына айтуынша, "тролльге" пікірсайыс барысында кез келген айла-амалды, соның ішінде балағат және ар-намысқа тиетін сөздерді қолдануға рұқсат берілген.

Бұған қоса олар елдегі жетістіктер туралы барлық видеороликтер мен фотосуреттердің сілтемесімен бөлісіп, комментарий жазып отыруға міндетті.

"Тролль фабрикасының" жұмысы білім және ғылым министрлігімен шектелмейді. Тәжікстан кеден қызметінің өкілі (аты-жөнін атамауды сұрады) елдегі барлық министрліктер мен мемлекеттік мекемелер, жоғарғы оқу орындары өздеріне куратор ретінде бекітілген мемлекеттік қауіпсіздік органы қызметкерінен нұсқау алатынын айтады.

"Кураторлар министрліктер мен ведомстволар басқармасы жетекшілерінен қол астындағы қызметкерлерінің оппозиционерлердің сөздеріне қарсы пікір әзірлеуін талап етеді. Ондайдан бас тартқан қызметкердің ұжым алдында абырой-беделіне нұқсан келуі мүмкін" дейді ол.

Бірақ, оның сөзінше, "тролль" өз "еңбегі" үшін ақша немесе басқадай жеңілдік алады деген бос сөз.

Радикалды ағымдарға қарсы тұру идеясынан бастау алған "тролль фабрикасы" қазір мемлекет басшысын дәріптеу және режим оппоненттерін қаралаумен айналысып отырған сыңайлы. "Тролльге" берілген соңғы кеңестердің бірінде олар аналары Бағдад түрмесінде отырған 84 тәжік баласының Душанбеге қайтарылуы Тәжікстанның Кувейт пен Ирактағы елшісі Зубайдулло Зубайзоданың емес, ел президенті Эмомали Рахмонның еңбегі деп бағалануы үшін қолдан келгеннің барлығын жасауы тиіс екендігі айтылған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "НҰРБОТТАР"

Қазақстанда билікшіл тролльдер "нұрбот" және "нұрлықай" деген атауға ие. "Нұрботтар" интернеттегі пікірсайыстарға агрессиялық түрде, жағымсыз немесе тақырыпқа еш қатысы жоқ комментарийлер тықпалап, талқылаудың берекесін қашыруға тырысса, "нұрлықай" елдегі өзгерістер мен басшылық жайлы жылы пікір білдірумен айналысады.

Өткен жылы қарашада Freedom House құқық қорғау ұйымы әлем елдеріндегі интернет еркіндігіне арналған Freedom on the Net 2018 есебінде Қазақстанда интернеттің "үнемі бұғатталатындығымен" қоса "тролльдерді" де атап өткен. Freedom House ұйымының жазуынша, Қазақстанда интернет кеңістікте "билікшіл тролльдер жасанды пікірсайыстар ұйымдастырады".

"Нұрботтар" мен "нұрлықайлар" белсенділігін қазақстандық Factcheck.kz ақпараттық ресурсы да зерттеп көрді. Зерттеу авторларының айтуынша, олар әлеуметтік желілерде жалған ("фейк") аккаунттардың тұтас желісін, бұған қоса ықтимал қожайындары мен қаржыландыратын ұйымдарды анықтаған.


Вашингтондағы (АҚШ) Diplomat онлайн басылымы да "нұрботтар әлеміне" үңіліп, зерттеу жүргізді. Басылым Қазақстанда "тролль кеңсесі" қай жерде орналасқанын анықтаудың сәті түскенін айтады. Diplomat авторларының пікірінше, егер Google жүйесінің көмегімен қазақстандық қолданушылар сауалдарын саралар болсақ, "нұрботтар" Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) өңіріндегі Кешіртас ауылында белсенді екені байқалады.

Diplomat басылымының жазуынша, "қолданушыларды ақымақ ету қолынан келмегенімен боттар онлайн пікірталасты сыңаржақ комментарийлерге толтырып, балама көзқарасты көпшілікке жеткізуге кедергі жасап, онлайн талқының берекесін қашырады".

"[Қазақстанда] интернетті тікелей бұғаттап қояды, алайда оны жиі қолдану экономикаға қымбатқа түсуі мүмкін. <…> Дәстүрлі интернет бұғаттаумен салыстырғанда адамдардың ашу-ызасын тудырмайтын онлайн троллинг интернеттегі пікірталасты әлсіретудің тиімді тәсіліне айналған" деп жазады Diplomat.

(Мақалаға Азаттықтың Тәжік қызметінің материалдары пайдаланылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG