Accessibility links

Қарсыласты қаралаудың лас амалы. Оны кімдер қолданады?


Бірқатар әлеуметтік желілер тәжікстандық белсендінің "төсек қатынасы" жайлы видеоны бірден жойып тастады.
Бірқатар әлеуметтік желілер тәжікстандық белсендінің "төсек қатынасы" жайлы видеоны бірден жойып тастады.

Интернетте тәжікстандық белсендінің жеке өмірі жайлы видеоның тарауын көпшілік жұрт негізінен мұсылмандар тұратын елде әйелді қаралаудың лас әдісіне жатқызады. Бәсекелестің "абыройын төгудің" мұндай тәсілін өзге постсоветтік елдерде де қолданған.

Тәжікстандық құқық қорғаушы әрі белсенді әйел (аты-жөні айтылмайды) өзінің жеке өмірі жайлы видеоны кім жазып, таратқанын білмейтінін айтады. Полиция белсенді әйелден ресми арыз түскен соң видеоға байланысты тергеу ісі басталғанын хабарлады.

YouTube және Facebook әлеуметтік желілері қыркүйектің басында жарияланған видеоларды тезірек алып тастағанымен, кейін ол видео ресейлік әлеуметтік желілер мен басқа сайттарда жарияланды.

"Бұл видео психологиялық ауыр соққы болып тиді. Мен мұны кім және не үшін жасағанын білгім келеді" деді белсенді Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы).

Душанбелік белсенді әйелді қаралауды мақсат еткен суреттер интернетте бұған дейін де шыққан. Белсенді биыл сәуірде Тәжікстан үкіметінің елде интернет қызметінің бағасын көтеру жоспарына қарсылық білдірген азаматтардың бастамасына қолдау білдіргеннен кейін көп ұзамай Facebook әлеуметтік желісінде оның суретін намысына тиетіндей етіп фотошоппен өңдеп, оны қорлайтын және қоқан-лоқы айтылған комментарийлер жарияланған.

Душанбе тұрғындары билікке интернет бағасын қымбаттатпауын сұрап, үндеуге қол қойып жатыр. 22 сәуір 2019 жыл.
Душанбе тұрғындары билікке интернет бағасын қымбаттатпауын сұрап, үндеуге қол қойып жатыр. 22 сәуір 2019 жыл.

Душанбелік белсенділер Facebook әлеуметтік желісі арқылы жұртты сәуірдің 22-і күні астанадағы театр алдына жиналып, президент Эмомали Рахмонға интернет бағасын қымбаттату жоспарынан бас тартуын сұрап ашық хат жазуға шақырған. Билік рұқсат етілмеген жиындар мен қоғам бастамаларына қырын қарайтын елде президенттің атына жазылған үндеуге қолдау білдіріп, театрдың алдына жиналған 200 адамның арасында осы белсенді де болған. Келесі күні президентке ашық хатқа 400-ге жуық адам қол қойған.

Орталық Азиядағы 9 миллионға жуық тұрғыны бар кедей елде билік қоғам наразылығын тудырған жоспардан бас тартуға мәжбүр болды. Алайда белсендіні қаралайтын іс-әрекет жиіледі. Белсенді интернетте тролльдер өзін "зорлық-зомбылыққа арандатушы" деп атап, ар-намысына тиетін сөздер жазғанын айтады.

Белсендінің пікірінше, оны қаралағысы келгендер интернетте жариялаған "төсек қатынасы" туралы видео тамыздың 16-ы күні жазылған. Видеода белсендінің бейнесі анық көрінеді, бірақ жанындағы ер адамның бет-жүзі бұлдырап, дұрыс көрінбейді.

Әйел бұл видеоға байланысты нақты ешкімді айыптамайды, алайда сол кезде өзі көңіл жарастырған ер адамның кейінгі іс-әрекеті оған "күмәнді" көрінген. Белсендінің сөзінше, маусым айында өзімен танысқан ер адам әйелге бұрыннан бері көңілі кетіп жүргенін, оның жақтаушысы екенін айтқан.

"Ол өте сыпайы, мейірімді және мені қолдайтын адам болып көрінді" дейді белсенді. Белсенді заңды себептерге байланысты әлгі адамның аты-жөнін айтқысы келмейтінін, тіпті оның шын есімін білетіндігіне де толық сенімді емес екенін айтты.

Өзін бойдақ, бизнесменмін деп таныстырған ер адам әйелді кездесуге шақырып, бірнеше күннен кейін өзіне тұрмысқа шығуды ұсынған. Әйел ұсынысқа "қуана келіскенін" айтады.

"ОЛ ІЗ-ТҮССІЗ ЖОҒАЛДЫ"

Әйелдің айтуынша, тамыздың 16-ы күні "болашақ күйеу" оны оңаша үйге апарған. Ол үйді өзіне "қарыз адамдардан" алғанын айтқан. Бірнеше күннен кейін интернетте "төсек қатынасы" туралы тараған видеоны көрген белсенді "күйеу" жігітпен әлгі үйде болған кезде өзін жасырын бейнетаспаға түсіргенін білген.

Белсенді видео жайлы жаңалықты өзінен естіген кезде ер адамның "өте байсалды" қалыпта тыңдағанын айтады. Бірақ "содан кейін хабарсыз кетті" дейді әйел. Танысымен телефон арқылы да, басқа да жолмен байланыспақ болған әрекетінен ештеңе шықпаған.

Полиция адамның жеке өмірі туралы материалдарды заңсыз тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Тәжікстандық құқық қорғаушылар бұл оқиғаны белсенді әйелдің үнін өшіру және елдегі өзге белсенділерге сес көрсетуді көздейтін мақсатты науқан деп санайды.

"Бұл - үкіметті немесе лауазымды тұлғаларды сынамасын деген мақсатпен жұртты қорқыту" дейді Тәжікстандағы танымал құқық қорғаушы, бұрын оппозициядан президенттікке кандидат болған Ойнихол Бобоназарова.

"Бірақ мұндай әрекеттердің әсері үкіметке басқаша болып тиеді. Қорқыныштың да шегі бар. Егер жұртты қорқытып-үркітуді жалғастыра берсе, ол ақырында үрейге бой алдырмайтын болады" деп ескертеді Бобоназарова.

Тәжікстандық құқық қорғаушы, президентікке экс-кандидат Ойнихол Бобоназарова.
Тәжікстандық құқық қорғаушы, президентікке экс-кандидат Ойнихол Бобоназарова.

Депутат Зайниддин Сафаров "полиция кінәлілерді жазаға тартып, азаматтардың құқығын қорғайды" деп үміттенеді.

Тәжікстанда бәсекелестері мен сын айтушылардың беделін түсіру мақсатымен олардың "төсек қатынасы" туралы видео жариялау таңсық нәрсе емес.

Бұған дейін, 2015 жылы билік қызметіне тыйым салғанға дейін елдегі бірден бір оппозициялық ұйым болған "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" мүшелері мен кей молдаларды қаралауды көздейтін осындай видеолар жарияланған. Олардың көбі "нәпсіқұмар" ер адамдар жайлы болатын.

Соңғы жылдары постсоветтік басқа елдерде де әлдекімдерге жақпағандардың "төсек қатынасы" туралы видеолар ара-тұра жарияланып келді. Тәжікстанмен көрші Қырғызстанда да осы мазмұндағы видеолар тараған. Осындай әдіспен елдің бас мүфтиінің (кейін қызметінен кетуге мәжбүр болды), оппозициялық саясаткер Өмірбек Текебаевтың, екі оппозициялық журналист пен бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың қыздарының бірінің беделін түсірмекші болған.

2012 жылы негізінен мұсылмандар тұратын Әзербайжанда тәуелсіз зерттеумен айналысатын белгілі журналист Хадиджа Исмайловаға қарсы осындай видео тарады. Азат Еуропа / Азаттық радиосында жұмыс істеген Исмайлова жүздеген миллион долларды жымқырған жемқорлыққа Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің отбасының қатысы жайлы зерттеу материалдар жариялаған.

2018 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті, биыл наурызда ол қызметтен кетсе де, билікке әлі де ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген қуғындағы бұрынғы банкир, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов жайлы да әлгіндей видео тараған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG