Accessibility links

Тәжікстанда жүздеген адам амнистиямен бостандыққа шықты


Амнистия бойынша түрмеден шығатын туыстарын қарсы алуға келген адамдар. Душанбе, 28 қазан 2019 жыл.

Тәжікстанда амнистиямен бостандыққа шыққан жүздеген адамның арасында билік "экстремистік мазмұнда" деп тапқан материалдар үшін сотталғандар да бар. Амнистияға ілінгендер қатарында құқық қорғаушылар "ар-ождан тұтқыны" деп атайтын азаматтардың бар-жоғы әзірге белгісіз.

АМНИСТИЯ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Тәжікстанда Конституцияның қабылданғанына 25 жыл толуына орай жарияланған амнистияға ілінген адамдардың алғашқы тобы қазанның 28-і күні бостандыққа шықты деп хабарлайды Озоди радиосы (Азаттықтың Тәжік қызметі).

Душанбедегі №4 колониядан бостандыққа шыққан 558 тұтқын туған-туыстарымен қауышты. Билік екі күнде бас бостандығынан айыру орындарынан екі мыңға жуық адам, оның ішінде 165 әйел босатылғанын хабарлады.

Амнистиямен түрмеден босап шыққан азамат туыстарымен қауышты. Душанбе, 28 қазан 2019 жыл.
Амнистиямен түрмеден босап шыққан азамат туыстарымен қауышты. Душанбе, 28 қазан 2019 жыл.

Өткен аптада Тәжікстан парламенті қабылдап, президент Эмомали Рахмон қол қойған "Амнистия туралы" заң күшіне енген. Биліктің хабарлауынша, Явандағы түрме, Нуректегі әйелдер колониясы, Душанбедегі 33-ықшамауданда орналасқан арнаулы колония мен кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған түзету мекемесінде қамауда отырған 1060 тұтқын босатылған. Бостандыққа шыққандардың арасында 165 әйел мен 60 жасөспірім бар деп хабарлайды Озоди радиосы.

Дүйсенбі күні Тәжікстан әділет министрінің орынбасары, қылмыстық жазаларды атқару басқармасының басшысы Мансурджон Умаров журналистер мен амнистияға ілінген азаматтардың туыстарына №4 колонияның 558 тұтқыны бостандыққа шығатынын хабарлаған.

- Амнистияға ілінген басқа тұтқындар жақын күндері құжаттары қайта қаралған соң босатылады, - деді ол.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАЛАР ҮШІН СОТТАЛҒАН

Бостандыққа шыққандардың бірі Азам Шарипов екі жыл түрмеде отырғанын, бостандыққа шығар күнді асыға күткенін айтады.

- Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын… Бостандық, жақындарыммен қауышу, ата-ананың құшағы… Осы күн тезірек келсе екен деп күнде тілейтінмін, - деді ол.

Азам осыдан екі жыл бұрын экстремизм бабымен бес жылға сотталғанын айтады. Онымен бірге бостандыққа шыққандардың көбі билік экстремистік мазмұнда деп тапқан мақалалар мен видеожазбаларға "лайк" қойғаны үшін әртүрлі мерзімге түрмеге қамалғандар.

Амнистиямен бостандыққа шығатын туыстарын қарсы алуға түрме алдына жиналған адамдар. Душанбе, 28 қазан 2019 жыл.
Амнистиямен бостандыққа шығатын туыстарын қарсы алуға түрме алдына жиналған адамдар. Душанбе, 28 қазан 2019 жыл.

Қазанның 28-і күні салафизмді (Тәжікстанда тыйым салынған исламның фундаменталды ағымдарының бірі) насихаттағаны үшін айыпталған тәжік блогері Джунайдулло Худоёров та бостандыққа шықты. Рашт ауданы Яшм ауылында туған блогерді 2018 жылы тамыздың 31-і күні Душанбедегі Исмоили Сомони аудандық соты бес жылға бас бостандығынан айырған. Айыптау үкімін шығаруға блогердің "Одноклассники" әлеуметтік желісінде жариялаған "егер" сөзін қолдану арқылы бірнеше шартты атап, "осының бәрі орындалса, онда өзімді салафит деп атай аламын" деген жазбасы себеп болған.

Джунайдулло Худоёров пен оның туыстары блогерді қудалауға оның Facebook-тегі парақшасында 2017 жылдың күзінде жергілікті шенеуніктер туралы бірнеше сыни мақала жариялауы себеп болған деп есептейді.

ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАТУ

Амнистияға ілінгендердің қатарында өзіне берілген жазамен келісетін азаматтар да бар. Мәселен, 22 жастағы Мухаммадюсуф Назиров көлік ұрлағаны үшін жауапқа тартылған.

- Иә, мен қылмыс жасап, сол үшін жазамды алдым. Бәрі әділетті, - дейді ол.

Амнистиямен бостандыққа шыққандардың көбі болашаққа нақты жоспары жоғын, ең алдымен өзін және отбасын асырау үшін жұмыс табу керегін айтады. "Амнистия туралы" заңға сәйкес, билік бостандыққа шыққан тұтқындарды жұмыспен қамтуы тиіс.

Түрмеден амнистиямен босап шығатын туыстарын күтіп тұрған жұрт. Душанбе, 28 қазан 2019 жыл.
Түрмеден амнистиямен босап шығатын туыстарын күтіп тұрған жұрт. Душанбе, 28 қазан 2019 жыл.

Қазанның 25-і күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Конституцияның 25 жылдығына орай парламент мақұлдаған "Амнистия туралы" заң жобасына қол қойды. Оған сәйкес, елде қылмысқа күдікті ретінде айып тағылған, сотталған және тұтқында отырған 20 мың адамға амнистия жарияланды. Сонымен бірге түзету жұмыстарына жіберілген 4,5 мың азамат амнистияға ілінді. Заң аясында 7 мыңнан астам тұтқын колонияда жазасын өтеуден босатылады деп хабарланды.

Заңға сәйкес, жасы 55-тен асқан ер азаматтар, мүгедектер, ауыр науқас адамдар, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар мен оларға теңестірілген азаматтар, басқа мемлекет аумағында әскери қимылға қатысқандар, Чернобыль атом электр станциясында болған апаттан зардап шеккендер жауапкершіліктен босатылады. 8800 тұтқынның өтелмеген жаза мерзімі қысқарады.

"АМНИСТИЯҒА ІЛІНБЕДІ"

№4 колония қақпасының алдына жиналғандардың кейбірі қамауда отырған туыстары амнистияға ілінбегенін айтады. Осы колонияда жазасын өтеп жатқан ұлына келген Малика Намозова баласының бес жылға түрмеге жабылғанын айтты.

- Ол екі жыл отырды, бірақ амнистияға ілінген жоқ. Үш рет ота жасатқанын растайтын медициналық анықтама да көрсеттік. Пайдасы болмады, - дейді тұтқынның анасы.

Билік бұл жолғы амнистия кісі өлтіру бабы бойынша сотталғандар, терроризм мен экстремизм және "конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы" қылмыс жасағандарға қолданылмайтынын мәлімдеді. Заңның түсіндірмесінде "Амнистия туралы" заң ережелері өмір бойы түрмеге жабылған, өлім жазасына кесіліп, жазасы өмір бойы түрмеде отыруға ауыстырылған, бұрын амнистияға ілініп, қайта қылмыс жасаған, бас бостандығынан айыру орындарында қылмыс жасаған және колониядан түрмеге ауыстырылған тұтқындарға қолданылмайды" делінген.

Амнистияға ілінгендер қатарында құқық қорғау ұйымдары "ар-ождан тұтқыны" деп атайтын азаматтардың бар-жоғы әзірге белгісіз.

Құқық қорғаушы ұйымдар Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып отырған президент Рахмонды сот, қауіпсіздік органдары мен өзге де билік тетіктерін елдегі оппозиция мен өзгеше пікірдегі азаматтарды басып-жаншуға пайдаланады деп сынайды.

Тәжікстанда саяси ой-пікірі үшін түрмеде отырған адамдар барын терістейтін билік халықаралық ұйымдар "саяси тұтқындар" деп атайтын азаматтар қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр дейді.

Осыған дейін ауқымды амнистия 2016 жылдың тамыз айында, Тәжікстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған. Ол кезде амнистияға 12 мың адам ілініп, соның ішінде 3 мың тұтқын бостандыққа шыққан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG