Accessibility links

Шенеуніктің балағат сөзін таспаға жазып таратты


Өзбекстандағы мәжбүрлеп орындату бюросының қызметкері. (Көрнекі сурет.)
Өзбекстандағы мәжбүрлеп орындату бюросының қызметкері. (Көрнекі сурет.)

Өзбекстанда қарамағындағы қызметкерлері өздеріне ұрысқан шенеуніктің сөзін жазып алған. Аудиотаспадағы жазба бейпіл сөзді қарша боратқан адамның қоластындағы жұртты балағаттап, кемсіткенін айғақтайды.

Өзбекстанның шығысындағы Наманган облысы Уйчи ауданында коммуналдық төлемдерді жинаумен айналысатын мәжбүрлеп орындату бюросының қызметкерлері жақында Азаттық радиосының Өзбек қызметіне үш аудиотаспа жіберген. Ол таспаларда осы мекеменің басшысы Шерали Мамаризаев деп сипатталған адамның жиналыста қарамағындағыларды сықпырта боқтап жатқаны жазылып қалған.

"Жұмыстың 30 пайызын ғана бітірдім дейсің бе? Оны аяқтау үшін алты-ақ күн қалды. Сен к...-сің бе? К...-тен туғансың ба? "К...-тен туды" деген – сенің әкең к... деген сөз", – деп айқайлайды таспадағы дауыс иесі.

Аудиотаспалар өткен жылғы желтоқсан мен биылғы сәуір айлары аралығында болған жиналыстар кезінде жасырын жазылған тәрізді. Кек алудан қорыққан қызметкерлер аты-жөндерін атаудан бас тартты.

Маусымның 11-інде Азаттықтың Өзбек қызметінен телефонмен хабарласқанда Мамаризаев балағаттау туралы ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ. "Кеңсеме келіңіз, бұл туралы сөйлесеміз", – деді ол.


Әлгі таспалардағы Мамаризаевтікі делінген дауыс өзбек, орыс тілдерін араластыра сөйлеп, қарамағындағы қызметкерлерін қарызды жинай алмағаны үшін сыбап, сөгеді. Бір жиналыста әлгі адам қатысушыларға алма-кезек дауыс көтере жекіп, оларды да "жезөкше", "есек", "малғұн", "к..." деп кемсітеді. Ол Акмал есімді бір қызметкерге шүйлігіп: "Қалай істеу керектігін көрсетем сен итке, Акмал, қаншықтың баласы", – деп айқайлайды.

Бұдан соң ол келесі бір адамның фамилиясын атап кемсітеді.

"Исматов, Исматов қайда? Қаншықтың баласы, жұмыстан неге кетпей жүрсің? Бар жинаған ақшаң осы ма, кеңкелес? Осы-ақ па? Сен – "крысасың". Түріңе қарашы, сасық, кір "крысасың", - деп балағаттайды.

Сонан кейін ол тағы бір ер қызметкерді "хезалак" деп атайды. Бұл – гомосексуалистер немесе бедеулерді кемсітіп айтылатын ауыр сөз.

"Мұнда әйеліңді жіберуің керек еді. Сенің орныңа әйеліңді жұмысқа аламын. Елдің коммуналдық қызмет қарызы миллиардтап өсіп кетті. Неге жинай алмайсың? Егер олар газды тұтынып жатқан болса, оны неге төлете алмайсың? Неге оларға айқайламайсың?" – деп жекиді әлгі дауыс иесі.

Кей жерлерде ол тек кемсітумен шектелмей, ашық қорқытады.

"Енді маған мәймөңкелеп отырсың ш... Ісім сенімен болсын. Үстіңе айып тақсам да сені жұмыстан кетіремін. Мен сені осыған жауапты етемін", – деп ұрсады.

Азаттық радиосына хабарласқан қызметкерлер ақпан айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің виртуалды офисіне ресми шағым жолдағандарын айтады. Шағым-арыздары мен ұсыныстарын халық президентке тікелей жеткізуі үшін билік ол офисті 2016 жылғы қыркүйекте іске қосқан. Алайда, боқтампаз бастықтың сыбап, кемсітуі одан кейін де жалғасқанға ұқсайды.

"Уйчиде дәл сен сияқты адам бар ма екен? Сендер, есектер... Бұл сөзге қашанғы шыдап жүре бересің?" – дейді соңғы аудиотаспадағы зіркілдеген дауыс иесі.

Азаттықтың Өзбек қызметі Наманган облыстық мәжбүрлеп орындату бюросына да хабарласты.

Маусымның 11-інде бюроның адам ресурстары бөлімінің басшысы Анаджон Низомов: "Бұл мәселе мекеменің өз ішінде шешілді", – деген қысқа жауаппен шектелді.

Бұл мәлімдемені арыз айтқан қызметкерлерден анықтау мүмкін болмай отыр. Тек Азаттық радиосына соңғы рет хабарласқан кезде олар жұмыс орындарынан кетпейтіндерін, өйткені Өзбекстанда жұмыс табу өте қиын екенін айтқан. Әйткенмен, қызметкерлердің бірі соңғы кездері бастықтың сөзі біршама түзеліп қалғанын айтқан.

"Қазір ол жұмыскерлердің әке-шешесіне тиіспей, тек өздерін ғана айтатын болды", – дейді ол.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Садриддин Ашурдың репортажы негізінде жазылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG