Accessibility links

Қырғыз-қазақ шекарасының түйткілді тұстары


Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ жол" өткізу бекеті. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан парламентінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қазақ-қырғыз шекарасын демаркациялау туралы келісімді қарауды кейінге қалдырды. Оған шекараны белгілеу жөніндегі мәселелердің тыңғылықты пысықталмағаны себеп болған. Бұған қоса, екі тарап арасында шекараның үш тұсына және Шу өзеніне қатысты шешімін таппаған мәселелер бар.

ШЕКАРА БЕЛГІЛЕУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

Қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын белгілеу жұмыстары 1999 жылы басталып, 2001 жылдың соңына қарай аяқталған. Көршілес екі мемлекттің басшылары қол қойған жалпы шекараны анықтау туралы келісімді 2008 жылы екі елдің парламенттері ратификациялаған. Одан кейін мемлекеттік шекараны демаркациялау ісі басталған.

Қырғыз үкіметінің шекараны делимитациялау жөніндегі ресми өкілі Курбанбай Искандаровтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде шекара сызығын белгілеу жөніндегі жұмыстардың тең жартысы аяқталып, шекара бағандары орнатылған.

Қырғызстан парламентінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Абдывахап Нурбаев қазақ-қырғыз шекарасын демаркациялау туралы келісімді қарау осы айтылған жайттарға байланысты кейінге қалдырғанын айтады.

Абдывахап Нурбаев.
Абдывахап Нурбаев.

- Комитет өткен отырысында бұл мәселені демаркациялау жұмыстары 100 пайыз аяқталғаннан кейін ғана қараймыз деп шешкен. Қазір жұмыстың 50 пайызы ғана атқарылғандықтан істің аяқталуын күтейік, тек сосын ғана қарайық деген ұсыныс айтылған. Әрине, жұмыстардың тең жартысы орындалғаны қуантады. Демаркация жөніндегі жұмыстар толық аяқталған соң оның әр бөлігін, әрбір тұсын зерттеп, өз қорытындымызды жасауға тиіспіз, - дейді Нурбаев.

Сонымен бірге, қазақ-қырғыз шекарасын белгілеу жұмыстары аяқталған күннің өзінде шекаралық аймақтың үш тұсына қатысты әлі шешімін таппаған мәселе бары айтылып отыр. Әсіресе қырғыз депутаттарын 2001 жылғы келісім бойынша Бішкек-Балықшы тасжолының Дунларов көпірі орналасқан учаскесі мен Кемин ауданындағы Қара-Бұлақ ауылындағы қорымның Қазақстанға өтіп кеткені толғандырып отыр.


Қырғызстан үкіметінің шекара мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Курбанбай Искандаровтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде өзге жерге ауыстыру арқылы қорым мәселесі шешілген, ал екі ел шекарасының бойымен өтетін тасжол мәселесі әлі шешімін таппаған.

- Біз кезінде Қазақстан жағына "шекара сызығына түскен бұл жолды бізге қалдырсаңыздар жақсы болар еді" деп өтініш айтқанбыз. Бірақ олар бұл мәселе шешіліп қойғанын және екі елдің парламенттері оны ратификациялағанын айтты. "Құжат әлі күшінде және енді оның күшін жоюға болмайды" деген негізбен ештеңені өзгертпеді. Ал делимитация процесі құжаттары бойынша, Кемин ауданы Қара-Бұлақ ауылындағы қорымның Қазақстанға қарасты болып қалғаны рас. Кейін бұл ауылдың тұрғындары бізге арызданып, оны қайтаруды сұрады. Біз оны басқа жерге ауыстырып, Қырғызстан құрамына қайтарып алдық, - дейді Абдывахап Нурбаев.

ЖЕР АЛМАСУ ӘРЕКЕТТЕРІ

Сол тәрізді, Бішекек-Балықшы тасжолының Қазақстанға кіріп кеткен бөлігіне қатысты мәселенің де әлі шешілмей келе жатқаны айтылды. Егер ол тұсқа шекара бағандары орнатылатын болса, онда бұл жолмен жүру қиындық тудырмақ. Сол себепті жолдың бұл тұсын транзиттік аймақ деп тану болмаса ол жерде айналма жол құрылысын салу қажет болатыны туралы мәселе қозғалды.

Оқи отырыңыз: Жер дауы кезінде қырғыз малшылары қамалды

Бұлардан өзге шекара белгілеу ісіндегі шешімін таппай отырған үшінші жайт, Талас облысы Кара-Буура ауданының Кок-сай ауылының тұрғындары жайлауына бару үшін Қазақстан территориясын кесіп өтуге мәжбүр. Бұл мәселені өзара жер алмасу арқылы шешуге әрекет жасалғанымен іс жүзінде әлі күнге дейін еш өзгеріс жоқ.

Қырғыз үкіметінің шекара мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Курбанбай Искандаров мұны былай деп түсіндіреді:

Курбанбай Искандаров.
Курбанбай Искандаров.

– Жергілікті тұрғындар жайлауға бару үшін 15-20 шақырымды айналып өтуге мәжбүр екендерін айтып, "жер ауыстырсаңыздар да бұл мәселені шешіп беріңіздер" деп өтініш айтқан. Жергілікті тұрғындар айырбас тәсілін де ұсынып, оның барлығы картада көрсетілді. Тіпті Қырғызстанның Шу және Талас облыстары мен Қазақстанның Жамбыл облысының жетекшілері Тоқмақ қаласындағы кездесуде бұл мәселені шешкендей болған еді. Бірақ кейін ол келісімнен бас тартты. Қазір шекараның бұл тұсы 2001 жылғы келісім шарттары бойынша пайдаланылып жатыр.

Бұдан бөлек, қиыршық тас өндірісі Шу өзені арнасы өзгертіп, салдарынан шекара сызығы судың бетінен өтетін болды деген уәж айтылды. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Уларбек Шашеев "шекара сызығына өзен аңғары еш әсер етпейді" деп санайды.

– Тіпті өзен арнасы өзгерген күннің өзінде осыған дейін белгіленіп қойылған шекара сызығы өзгермейді. Сондықтан "өзен аңғарымен бірге шекара сызығы да жылжып кетті" деу – жаңсақ сөз. Сонымен бірге, әрине, Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті билік қазір өзен жағасын нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр, - дейді ол.

"РЕСМИ ӨКІЛДЕР КЕЛІСКЕНІМЕН, ТҰРҒЫНДАР ҚАРСЫ"

Қазақстанның Жамбыл облысының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Мейірбек Пралиев Қырғызстанмен шекара маңындағы даулы учаскелерге қатысты неліктен келісімге келмегендерін Азаттыққа былайша түсіндіреді:

– Оншақты учаскі бойынша дау болды. Олардың ешбіріне қатысты келісімге келе алмадық. Бұл екіжақты тиімді келісім болуы тиіс болғандықтан ешкім өз мүддесін өзгеге жығып бермейді ғой. Қырғызстанның демаркациялық комиссия құрамындағы мүшелері, сауатты, лауазымды тұлғалар, олар оны біледі. Бірақ, комиссия мүшелері келіскенімен, әрбір ауылда әкімнен бөлек халық сайлаған бейресми әкім бар екен, біздің "ауыл ақсақалдары" сияқты, солар біздің отырыстарымызға қатысты. Учаскелердің басында қаншама кездесіп талқыланады, ал оған ресми адамдар қол қояр кезде жергілікті тұрғындардың бір бөлігі қарсы болады. Осы себепті әлі күнге дейін келісімге келе алмадық.

Қазақ-қырғыз шекарасы. 22 наурыз 2013 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасы. 22 наурыз 2013 жыл.

Мейірбек Пралиев осы кезге дейін Қырғызстан тарабымен делимитация жұмыстары аяқталып, оны екі жақ та қабылдап қойғанын айтады.

– Демаркация – сол делимитиацияның нақтылануы. Сөйтіп іс жүзінде шекара сызығының бойына инфрақұрылым, жол салу, бағандарды қою, тікенек сымдарды тарту сияқты жұмыстар жүреді. Сондықтан қандай да бір өзгеріс енгізу қазір мүмкін емес. Дегенмен, қырғыз депутаттары мәселені көтеріп, үкіметіне "қайта қараңдар" деп тапсырма берсе, қарайды ғой. Бірақ ол кезде қабылданып қойған құжатқа өзгеріс енгізіледі. Соның өзінде, оны айтқандай етіп іске асыру өте қиын, - дейді Жамбыл облысының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Мейірбек Пралиев.

Қазақстан парламенті Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев Қырғызстан тарабы шекараға қатысты талаптарын делимитация жұмыстары кезінде ұсынуы керек еді деп санайды.

Владислав Косарев.
Владислав Косарев.

- Делимитация кезінде оның барлығын ескеру қажет еді. Ал демаркация деген тек соның іске асуы, белгіленген шекара бойына бағандарды қойып шығу ғана. Сондықтан ешнәрсе өзгерту мүмкін емес. Дегенмен бұл мәселені екі елдің Сыртқы істер министрліктері өзара талқыласа да болар, - дейді депутат Косарев.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Азаттықтың бұл мәселеге қатысты сауалына жауап бермеді.

(Мақалаға Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Кубанычбек Жолдошев үлес қосты.)

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG