Accessibility links

Қырғыз саясаткерлерінің бай әйелдері


Ақша санап отырған әйел. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстанда кей саясаткерлердің әйелдері миллиондаған сом табыс тауып, ірі компанияларға иелік етеді. Мемлекеттік қызметшіге бизнеспен айналысуға болмайды. Кей шенеуніктер дүние-мүлкін әйелінің атына жазғанымен бизнесін өздері жүргізеді дейді мамандар.

Бұған қоса дүние-мүлікті туыстарының атына тіркеу - заңсыз тапқан қаржыны жасырудың амалы болуы мүмкін.

Президент Алмазбек Атамбаев үйін салып жатқан жер теліміне қатыстыдау шыққан кезде Бішкек мэрі Албек Ибраимовтың әйелінің де есімі аталған. Айнұр Ибраимованың парламенттегі «Бір бол» фракциясы депутаты Исхак Пирматовтың әйелі Ольга Атогуровамен бірге TM-ORLAN & Group компаниясына иелік ететіні де сол кезде анықталған.

Жұбайым ешқандай бизнеспен айналыспайды. Ол - компания құрылтайшысы ғана. Кәсіпкерлерді жалдайды. Ал құрылтайшы - бизнесмен емес.

Кейінірек Ибраимов пен Пирматов әйелдерінің меншігіндегі компанияға қатысты жаңа жайттар мәлім болды. «Ата Мекен» фракциясы өкілдері әлгі компания ұшақ отынын сатумен айналысады деп мәлімдеген. Албек Ибраимов пен Исхак Пирматов ол ақпаратты жоққа шығарған. Пирматов бизнесті әйеліне емес, өзге біреуге бергенін хабарлаған. Ол әйелі бизнеспен айналысады деген ақпаратты терістеген.

- Айтып тұрғаныңыз - жай қауесет. Жұбайым ешқандай бизнеспен айналыспайды. Ол - компания құрылтайшысы ғана. Кәсіпкерлерді жалдайды. Ал құрылтайшы - бизнесмен емес. Бұл - атқарушы орган. Мұның бәрі декларациямда көрсетілген. Бүкіл бизнесімді Бақтыгүл Асековаға бергенмін, - дейді ол.

«Ата Мекен» фракциясы жетекшісі Омурбек Текебаев әйелінің бизнеспен айналыстынын ашық айтады. Оның 2010 жылдан кейін байып кеткені жайлы саяси қарсыластарының мәлімдемесінен кейін Текебаев бүкіл дүние-мүлкін жария түрде көрсеткен. Оның сөзінше, отбасылық кірістің көп бөлігін жұбайы табады.

- 2005 жылы жұбайым жеті сотық жер сатып алған. Ол кезде жер қазіргідей қымбат емес болатын. Отбасымыздың негізгі кірісі сол жерден түседі. Жылына 3-4 миллион сомға жуық кіріс келеді. Мұның бәрін 10 жылдан бері декларациямызда көрсетіп келеміз. 60 жасқа толғанымда әлгі ақшаға үш бөлмелі пәтер сатып алғанмын, - дейді ол.

2005 жылы жұбайым жеті сотық жер сатып алған. Ол кезде жер қазіргідей қымбат емес болатын. Отбасымыздың негізгі кірісі сол жерден түседі.

Биліктегі адамдардың әйелдерінің бизнесіне қатысты әңгіме қозғалған кезде жұрт Жогорку Кеңеш спикері Чыныбай Тұрсынбековтің әйелін де атайды. 2015 жылғы декларациясында Тұрсынбеков өз кірісін шамамен бір миллион сом, жақын туыстарының табысын 86 миллион сомға жуық деп көрсеткен. Зайыбының ұн тартумен айналысатын бизнесі әрі Ыстықкөлде үлкен демалыс орталығы бар.

«Бір Бол» фракциясының депутаты Ақылбек Жапаровтың әйелі Анар Жапарованы да атауға болады. Отбасы иелігінде Бішкектің орталығындағы үлкен мейрамхана, көп қабатты үйлер бар. Бұған қоса, украиналық «Рошен» компаниясы өнімдерін жеткізумен жалғыз айналысатын «Тридас» компаниясы да депутаттың жұбайына тиесілі.

Сондай-ақ бұрынғы депутаттар Феликс Кулов пен Ахматбек Келдібековтің әйелдерінің де бизнестері бар екені көпке мәлім. Куловтың әйелінің атында медицина орталығы, көтерме сауда орталығы тіркелген. «Клооп» басылымы жүргізген зерттеуде Болгариядағы «ЕВРАЗИЯ-КГ» компаниясы Ахматбек Келдібековтің әйелі Аида Токтомұратованың атына тіркелген деп көрсетілген. Ол фирма ағаш, автомобиль және көлік бөлшектерін сатумен, брокерлік қызмет көрсетумен, жолаушы және жүк тасымалымен, қонақ үй және мейрамхана бизнесімен, жарнама, құрылыс пен риэлторлық қызмет көрсетумен айналысады.

ДЕПУТАТ МАНДАТЫ БИЗНЕСІН ҚОРҒАУҒА КЕРЕК ПЕ?

Бұрынғы депутат, оппозициялық саясаткер Бегалы Наргозуев бұл амал - заңды айналып өтудің бір ғана тәсілі деп санайды. Ол бұл мәселеде кей шет елдердің тәжірибесін пайдаланған жөн деп санайды.

Бізде заңды айналып өту үшін дүние-мүлкін әйелінің, бала-шағасының атына жазып қояды. Бірақ әлгі бизнесті өздері бақылап, өздері басқарады.

- Малайзия – дамушы ел. Ол жақта депутаттарға бизнеспен айналысуға рұқсат береді. Малайзиядан делегация келген кезде депутаттары бірлесіп бизнес жүргізуді ұсынған. Бізде бұған тыйым салынады деп айтқанымда олар қайран қалды. Ал Малайзияда рұқсат береді екен. Ол жақта коррупция да жоқ. Ал бізде заңды айналып өту үшін дүние-мүлкін әйелінің, бала-шағасының атына жазып қояды. Бірақ әлгі бизнесті өздері бақылап, өздері басқарады. Оларды өзгелердің атына тіркегені болмаса, іс жүзінде өздері жүргізеді, - дейді Наргозуев.

Коррупцияны зерттеуші маман Эркайым Мамбеталиеваның айтуынша, кәсіпкерлер бизнесін қорғау үшін депутаттық мандат алуға немесе мемлекеттік қызметке тұруға тырысатын құбылыс Қырғызстанда жаппай тараған.

Кей ірі кәсіпкерлер мемлекеттік қызметке бизнесін қорғау немесе жасыру үшін баратыны құпия емес.

- Бұл – елде жаппай тараған құбылыс. Азды-көпті көрнекті тұлға саналатын саясаткерлер дүние-мүлкін туыстарынан өзге адамдардың атына да жазып қояды. Біз мүлікті тіпті көлік жүргізушісінің туыстарының атына жазып қойғандар да барын анықтадық. Кей елдерде жақын туыстарына кімдер жататыны нақты көрсетіледі. Олардың да бизнеспен айналысуына тыйым салатын норма бар. Бізде мүлкін тіпті қайын енесінің атына тіркеп қоюы мүмкін. Қазір мүдде қақтығысы туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Кей ірі кәсіпкерлер мемлекеттік қызметке бизнесін қорғау немесе жасыру үшін баратыны құпия емес, - дейді ол.

Мемлекеттік қызметшілер мен депутаттар кіріс декларациясын жыл сайын толтырады. Ал олардың кейбірінің табысы аз екеніне жұрт жыл сайын қайран қалады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласы.)

XS
SM
MD
LG